ӨТЕГЕНОВ КӨШЕСІНІҢ ЖАЛҒАСЫ АШЫЛДЫ

200
0

Ел дамуында көлік инфрақұрылымының маңызы айрықша. Бұл біріншіден, мемлекеттің әлемдік деңгейдегі логистика орталығына айналуына себепші болса, екіншіден, қала ішіндегі көлік қатынасының реттелуіне айрықша ықпал етеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып келе жатыр. Мәселен, ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн» деп атап өткен болатын.

Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында сәтті жүзеге асып келе жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Бүгінде үшінші мегаполисте жол құрылысы қарқын алған. Осы орайда, Шымкентте Өтегенов көшесінің 1 және 2-кезеңдерінің құрылысы аяқталып, Сырым батыр көшесімен қиылысы арқылы көлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Бұл жол қала тұрғындары үшін өте маңызды, себебі енді қаланың солтүстік бөлігінен (Бозарық, Шымсити, Асар, Асар-2 шағынаудандары) орталыққа тікелей қатынау мүмкіндігі пайда болды. Өтегенов көшесінің ашылуы Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысындағы көлік кептелісін азайтуға да ықпал етеді. Жол «Шымкент Сити» шағынауданынан Төлеметов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын 4 жолақты бұл көшеде аяқжол, ирригациялық арықтар, көше жарықшамдары және бағдаршамдар орнатылған.  Еске сала кетейік, Бәйдібек би даңғылы – қаладағы көлік ағыны жоғары негізгі магистральдардың бірі. Кептелістерді азайту мақсатында, осы даңғылға балама ретінде Өтегенов көшесі көлік қозғалысы үшін қолжетімді болып отыр. Сонымен қатар, көше қиылыстарындағы интеллектуалды көлік жүйесіне ITS қосылмаған бағдаршамдарда секундомерлердің кері есебі қайта орнатылып жатқанын да айта кету керек. Жалпы Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3897 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта қалада Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші, үшінші және төртінші кезеңдер аяқталып, пайдалануға берілді, ал екінші және бесінші, алтыншы кезеңдердің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Өтегенов көшесінің жалғасын салу жұмыстары да аяқталып, жақын арада автокөлік қозғалысына ашылады. Қала әкімі А-2 айналма жолын қайта құру барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар сегіз кезеңнен тұрады. Оның ішінде бірінші, екінші және үшінші, төртінші кезеңдері аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл сегізінші кезеңін аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Ал бесінші, алтыншы және жетінші кезеңдер келесі жылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Байдібек би даңғылындағы жол қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту мақсатында биыл Алтынсарин көшесін қайта құру және Сареми, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Изенді көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен жолдың құрылыс сапасын бақылау және жақсарту мақсатында Шымкент қаласының автомобиль жолдарын кешенді тексеру және техникалық есепке алу, жол мәліметтерінің электронды базасын құру және жолды бақылау жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жаңа зерттеу түрі қала жолдары мен нысандарының техникалық жағдайын талдауға, оларды паспортизациялау мен диагностикадан өткізуге, әрі бұл мәліметтерді жол деректерінің электрондық базасына енгізуге мүмкіндік береді. Автомобиль жолдарын паспортизациялау жол құрылыстарының ұзындығы мен техникалық сипаттамалары, инженерлік жабдықтар мен жол жағдайы туралы объективті мәліметтер алу мақсатында жүргізіледі.