БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ БАС ҚОСТЫ

25
0

Білім – баолық саланың қайнар көзі. Сондықтан алды жаһан мемлекеттерінен бастап білімнің салтанат құруы үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Бүгінде елімізде мектепке дейінгі білім, орта білім, сонымен қатар жоғары білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Саланың дамуы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Ел президенті бұған дейін саланы дамыту керегін айта келе «Бұл – ең алдымен мұғалімдердің біліктілігіне, оқулық­тардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек. Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің есепке алынбайтыны. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің сала­лық құрылымдары өткізетін курстар­мен және семинарлармен шек­теледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен, аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады» деген еді.

Осы орайда, жуырда Шымкентте Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие жүйесіндегі педагогтың рөлі» тақырыбында аймақтық оқыту семинары өтті. Семинарды Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева ашып, жүргізіп отырды. Қала мектептерінен жиналған ұстаздар және білім бөлімінің мамандары біртұтас тәрбие мен оның маңызы жайлы баяндамалар жасап, көпшілікпен талқылады. Тұлғалық тәрбие берудегі педагогтың рөлі өте зор. «Баланы тек мектеп немесе мұғалім тәрбиелеу керек деген жаңсақ пікір» деген өз ойларын айтқан мұғалімдер мектепте жүргізілетін тәрбиеге байланысты іс-әрекеттерімен бөлісті. «Биылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, барлық мектептерде жүзеге асырылуда. Қазіргі қоғамда оқушылардың арасында көптеген вейб, лудомания қатарлы мәселелер туындап жатыр. Сондай жат қылықтардың алдын алу мақсатында бағдарлама ұлттық құндылықтарға бағытталған. Жалпы, былтырғы бағдарламада үш құндылық болса, биыл алты құндылыққа негізделгенін айта кету керек. Тек қана мектеп емес ата-ана, білім ошағы үштік болып, болашақ ұрпақты тәрбиелейміз» — дейді қалаға арнайы келген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова. Айта кету керек, аймақтық семинар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, педагогтер арасында білім мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.

Жалпы тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу–барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Тәрбие мен оқыту — өзара тығыз байланысты, бір бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білімберу мазмұны арқылы жүзеге асады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті Түркістан қаласы, Түркі елінің шаңырағында өткізілген «Әділетті Қазақстан-Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі»- дей келе, Әділетті Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін, ең бастысы, әразаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажеттігін, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиісекендігін; әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер болатындығын нақты атап өтті. Осы орайда, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді. «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» мақсаты — жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.