ҚАЛА ӘКІМІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

330
0

Әділетті Қазақстанда әр азаматтың дауысы естілуі керек. Еліміздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуласы Әділетті Қазақстанның негізін нығайта түсті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз» деп атап өткен болатын. «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз» деді Президент. Осы орайда, елімізде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асып келеді.

Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков басқарма басшылары және қала әкімінің орынбасарларымен қоғамдық қабылдау өткізуді әдетке айналдырған. Тек бұл ғана емес, шаһар басшысы бастаған топ қалаға қарасты шығанаудандар мен елді мекендерге арнайы табан тіреп, бұқарамен жүздесіп жатыр. Мәселен, жуырда қала әкімі Еңбекші ауданындағы Шаңырақ, Тұрдыабад Базарқақпа, Абдулабад шағын аудандары мен тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесті. Аудан халқы ең алдымен коммуналдық қызметтерге, электрмен жабдықтауға, қаңғыбас иттерді аулауға, аялдамалар орнатуға, жол белгілері мен көшелерді жарықтандыруға қатысты бірқатар кешенді  мәселелерді көтерді. Жер учаскелерін заңдастыру, көшелерді көгалдандыру, жолдар мен спорт алаңдарын салу сұрақтары да қарастырылды. Тұрғындар қоғамдық көліктер мен кәсіпкерлік нысандарының жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірді.Мегаполис басшысы мен сала басшылары кей мәселелерді сол жерде шұғыл шешті.  Күрделі мәселелер бақылауға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетін болады. Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері мен басқарма басшыларына қала тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуде жедел және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Қала әкімі  бірінші кезекте барлық шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Базаркақпа тұрғын алабындағы көшпелі кездесу барысында қала басшысы жергілікті тұрғындардың жұмылуымен пайда болған жасыл аймақты аралап көрді. Жаяу жүргіншілер жолдарын қарастыру, қоршаулар мен бейнебақылау камераларын орнату мәселелерін қамтитын қолайлы микроклиматты қалыптастыруда және халыққа қолайлы жағдай жасауда жауаптыларға бірқатар міндеттер қойылды.

Айта кету керек, бұл үшінші мегаполисте өткіп жатқан алғашқы жиын емес. Жаңа форматта өтетін кездесулердің күнтізбесі жасақталған. Осының негізінде қала әкімі әр ауданның тұрғындарымен тілдесіп, мәселелеріне құлақ асуда. Бұған дейін дәл осындай жиындар Абай және Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен өткен болатын. Міне, осы жиында тұрғындар тарапынан тұрғын үйлердің қасбетін ретке келтіру, ойын және спорт алаңшаларымен қамту, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін шешу сынды ұсыныстар мен өтініштер айтылды. Олардың кейбірі дәл сол мезетте шешімін тапса, кейбірі хаттамаға енгізілді. Ол бойынша алдағы уақытта шаралар көрілетіні де айтылды.