ЖАҢА ӘДІСПЕН ЖАСАЛҒАН ОТА СӘТТІ ӨТТІ

17
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек» деп атап өткен болатын. Мұның өзі денсаулық сақтау саласының мемлекет басшысының бақылауында екенін аңғартады. Ел президенті бұған дейінгі Жолдауларында да медицинаның әлеуетін арттыруға басымдық беру керегін айтып келеді.

Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып келе жатқан жұмыстар аз емес. Күні бүгінге дейін қаладағы бірқатар ғимараты ескірген медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық қажеттіліктер де уақыт өткен сайын шешімін тауып келе жатыр. Бұл ғана емес, жергілікті әкімдіктің бастамасымен қаладағы медициналық орталықтың мамандары шетелдерде тәжірибе алмасып, білімін арттырып қайтуда. Осының арқасында тың әрі жаңа методтарды емдеу ісіне енгізіп те жатыр. Мұның өзі медициналық қызмет сапасының артуына септігін тигізіп келеді. Бір ғана биылдың өзінде шаһардағы медициналық орталықтарда бірнеше күрделі ота сәтті жасалды. Бүгінгі материалымызда біз сөз еткен сәтті оталардың бірі турасында тарқата баяндамақпыз. Ашып айтсақ, Шымкент қалалық №2 ауруханасының перзентханасында алғаш рет жаңа әдіспен ота сәтті жасалды. Мәскеу қаласында тәжірибе алмасып келген акушер-гинеколог дәрігерлер бұл әдісті тәжірибеге енгізді. Бұрын жатырда плацентаның аномальды орналасуы кезінде операциялар өте күрделі болатын. Науқастардың 4-5 литрге дейін қан жоғалтуы жиі кездесетін, ал жаңа әдіс арқылы бұл көрсеткіш 800 мл-ден аспайды немесе одан да аз болуы мүмкін. Бұл әйел ағзасы үшін өте маңызды, себебі қан жоғалту әйелдің жағдайын ауырлататын ең басты факторлардың бірі. Сонымен қатар, бұрынғы әдіс кезінде жатырдың толық ампутациясы жиі жасалатын. Бұл әйелдерге психологиялық және физикалық тұрғыдан кері әсер ететін. Енді жаңа әдіс арқылы жатырды сақтап қалуға болады, бұл болашақта әйелдің ана болу мүмкіндігін де сақтайды. Операция уақыты едәуір қысқарды, бұл науқастың анестезияда аз уақыт болуын және отадан кейін тезірек қалпына келуін қамтамасыз етеді. Бұрынғы әдістерде баланың гипоксияға ұшырауы мүмкін болса, енді бұл тәуекел де айтарлықтай азайды. Нәтижесінде, сәби сау және толыққанды күйде туылады. Қан құю да үлкен мәселе болатын. Осыған дейін әйелге көп мөлшерде қан құю қажет болса, енді бұл операцияда бір дозасы жеткілікті. Бұл да науқастың тез сауығуына ықпал етеді. Операциядан кейін әйел реанимация бөлімінде 7-8 күнге дейін жатып, баласын емізе алмай қиналатын. Өмір мен өлімнің арасында жатқан пациент үшін бұл кезең өте ауыр болатын. Ал жаңа әдіс бойынша отадан кейін әйел 3-4 сағат ішінде реанимациядан шығып, баласын бірден емізе алады. Бұл ана мен баланың қарым-қатынасын да жақсартып, олардың тез сауығуына септігін тигізеді.

Айта кету керек, сүт безі обыры бүгінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде онкологиялық аурулардың ең көп таралған түрлерінің бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, бұл обыр қатерлі ісік диагноздарының 21 пайызын құрайды. Әлемдік статистикаға сәйкес онымен жер шарындағы әрбір сегізінші әйел ауырады. Әйелдердің осы қауіпті ауру туралы хабардар болуын арттыру үшін жыл сайын 15 қазанда Дүниежүзілік сүт безі обырымен күрес күні атап өтіледі. Қазақстанда тек 2023 жылы сүт безі обырының 5,5 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Бір жылдың ішінде бұл аурудан болатын өлім 1 мыңнан астам жағдайды құрады. Сонымен қатар, сүт безі обырын ерте кезеңде уақтылы диагностикалау кезінде әйелдердің толық емделуі 95 пайызға жетеді. Бұл аурудың профилактикасы және ерте диагностикалау мақсатында 40 пен 70 жас аралығындағы әрбір әйел 2 жылда 1 рет сүт безі обырына маммологиялық скринингтен өтуі керек. МӘМС шеңберінде тегін онкоскринингті тіркелген жері бойынша емханалардан өтуге болады.