Сәулетшілердің салақтығын сынға алды

345
0

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы департаментінің басшылығы мен сәулетшілердің берген есебіне көңілі толмағаны былай тұрсын, «Шымкентте мәдениет жоқ және ғимараттар сәулет стиліне сәйкес келмейді» деп сәулетшілерді мақтамен «сойып» салды.

Емтиханнан сүрініп қалған МСҚБ және қалалық сәулет бөлімінің жұмысына облыс әкімі ғана емес, көпшіліктің де көңілдері толмайтыны анық. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған ғимараттың ешбірінде ұлттық нақыштың нышаны байқалмайды. Күңгірттелген әйнекпен көмкерілген ғимараттардың қаншасы «қызыл сызықтан» өтіп кеткені бір Аллаға ғана аян. Керек болса, жаяу жүргіншілер жүретін жаяу соқпақты «жеп» қойған соң не дауа? Қала көшелерінде орналасқан сауда нүктелерінің ішін кім білсін, сыртқы көріністерінен көз ұялады. «Шымкент — еліміздегі үшінші қала болуы тиіс» деген Елбасы сөзінде үлкен мән бар. Халқының көптігі жөнінен де, мәдениеті жағынан да. Осыны біліп тұрып, мәдениетке мән бермей келген сәулетшілердің әрекетсіздігі таңқалдырады. Асқар Исабекұлы осы мәселені айтпаса, ескертпесе, мемлекеттік құрылым шенеуніктерін ғимараттардың сыртқы келбетін тәртіпке келтіруге шақырмаса, әркім білгенін істей берулері керек пе? Онда осының барлығына жауапты сәулетшілер не істейді, не үшін жалақы алады?
Шынында да, сәулетшілердің салақтығын бетке басқан облыс басшысының ескертпесіне келісуге тура келеді. Әсіресе, қалай болса солай тұрғызылған қаншама ғимараттар қаламыздың сәнін де, мәнін де қашырып тұрғанына дау жоқ.