Би дегенді біле ме, бүгінгі ұрпақ?
Көне тарихымызға көз жіберер болсақ, ұлттық сипатымыздың бір қыры болып табылатын билер институтының көктүріктер дәуірінен бастау алатындығына көз жеткізер едік. Өйткені, сөзімізге тамызық болып отырған сол кезеңде әділ билігімен ел-жұртына жаққан Елтеріс, Тоныкөк, Күлтегін, Білге қағандайын тағылымды тұлғалар ғұмыр кешкен-ді. Мұнан бертініректегі заманда түгел сөздің түп атасы атанған Майқы би де кесіп айтқан кесімімен көпшілік қауымның көңілінен шығып отырған.
Ал, ел-жұтымыздың үш тағаны – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би есімдері баршамызға бегілі болса керек. Өткен заманаларда қазақ билері жер дауы, жесір дауы, барымта мәселелерімен ғана айналыспай, хан-батырларымызбен бірге елдің, жердің тұтастығын сақтап қалуға да айтарлықтай ат салысқан. Бұл орайда мына бір мысалды алға тартқымыз келеді. 1740 жылы жоңғар билеушісі Қалдан Цереннің қолшоқпарлары Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіреді. Төле би бастаған ел Ташкенттен қуылады. Жау жағы Ташкентке Қоқым Манапты әкімдікке тағайындайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қол астында қалады. Осы тұста Күлтөбенің басында үлкен жиын ашылып, оған ел басылары түгел келді. Сонда Қарабек батыр:
— Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ, — деген пікір айтады.Қарабекке ашуланған Төле би:
— Атадан ұл туса игі,
Ата жолың қуса игі.
Өзіне келер ұятын
Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені
Ортасынан қуса игі!- деп шырық бұзғандарды жиыннан қудырып жібереді. Сонан соң айналасындағыларға қарап:
— Уа, көсіле шабар жерің бар,
Ту көтерер ерің бар.
Қол боларлық елің бар,
Атадан қалған жолың бар.
Құлдық ұрсаң дұшпанға
Арылмайтын сорың бар…
Құлдық ұрсаң дұшпанға
Еркек болып туды деп,
Мына сені кім айтар, — деп толғайды. Төленің осы сөзін өгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктірген екен. Мінекей, тарихтан тәбәрік болып жеткен осы бір мысал сол кездегі билеріміздің беделінің қаншалықты маңызды болғандығын дәлелдей түседі деп білеміз. Ал енді бүгінгі күнімізге оралар болсақ, еліміз тәуелсіздік алғалы бері билер институты қанат жайып, жандана түсуде. Ата салтымызды, ұлттық қалпымызды ұлықтаған абзал ақсақалдарымыз елдік бірлігімізді, ырыс-ынтымағымызды арттыру жолында өз міндеттерін абыроймен атқарып та келеді. Бұл орайда көптеген жарқын мысалдар да келтіре беруге болады. Сырт елдерге қарағанда сынымыз бұзылмай, сыпайы тіршілік кешуіміз де ауыл билері мен төбе билеріміздің арқасы деп білеміз. Бұл жайт біздің халықтың жаһандану үрдісіне қарсы тұра білетіндігінің айқын мысалы. Дей тұрғанымызбен де Шекті Мөңке би Тілуұлының біз төменде назарларыңызға ұсынғалы отырған болжамы естеріңізде жүрсе, артықтық етпейді деп білеміз.
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңды кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең ит ішпейді.
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмәлдау дінің болады.
Қадірменді ағайын, абыз бабамыздың осы бір асыл сөзі адастырмас «Темірқазығымызға » айналғай.
Бүгінгі билеріміз де өз міндеттерін мінсіз атқара бергей-ді.
Бекен ҚОЖАМҚҰЛОВ.