Қолөнерді өрге сүйрейтін жанашыр бар ма?
Елбасымыз ел экономикасын дамыту жолында кәсіпкерлікке баса назар аударып, оның тапсырмасымен кәсіппен айналысамын деушілерге мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалуда. Дегенмен кей-кезде көкейге «кәсіпкерлеріміз қай саланы оң жамбасына ыңғайлы көреді екен?» деген сауал оралады.
Кейінгі кезде Шымкент қаласының көркейіп, гүлденуі барысында базарлар саны көбейді. Базар ашу онай емес, десек те сондағы сауда орындарының жағдайы талапқа сай келе ме? Сонымен қатар базар сөрелері отандық тауарларға емес, қаптаған шетелдік тауарларға толып тұр. Бұл орайда қытай мен түріктің өндірген өнімін сатып тұрған ағайынға өкпелей алмайсың.
Мені көптен бері ойландырып жүрген мәселе кәсіп ашушылардың ынтасы неге ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаруға аумай отыр? Олар қолөнердің шығынына шыдағысы келмей ме, әлде қомақты табысы ә дегеннен қолға түспейтін болған соң, жан қинағысы келмей ме? «Алдына ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» дегендей тәуелсіздік қолына тиіп, еркіндік берілген соң, қазақтың миллионерлерінің мақсаты джип міну мен екі қабатты үй салып, қаржыны ысырап етіп, шашып-төгіп, той жасау мен қос-қос әйел алудан әріге неге аспай қалды? Байқасаңыз, миллионер кәсіпкерлеріміздің бар мақсаты қонақ үй мен тойхана, мейрамхана, сауда орындарын салып, атын шығарып, дақпыртын асыру болып барады.
«Қолөнер өлмейтін мұра» болғанымен өнерді өмірге әкелу үшін, оның толғағын толық пісіру үшін мыңдаған емес, миллиондаған шығын кететіні анық. Алайда бүгінде саусағынан өнер тамған қас шеберлер өздеріне жағдай жасап, қолғабыс ететін, «өнерді өрге сүйрейтін» жанашырды таппай көше-көшені кезіп, жасаған ұлы туындысын, тиын-тебенге сатып жүр. Соны құжынаған құжат сұрайтын өкімет те, уыс-уыс ақша ұстаған миллионер кәсіпкер де білмейді. Сол себепті облысымызда он саусағынан өнері тамған хас шеберлердің басын біріктіріп, олардың мәселелерімен айналысып жатқан ұйым немесе мекеменің аты аталмайды. Ұлттық қолөнер дамымай, елдің экономикасының ұлттық бояуы ешқашан көрінбес. Бұл жөнінде кез-келген патриоттық сезімі бар қазақ азаматы күнінде мын рет ойланып, жүз толғанатын шығар. Күнделікті осы жайларды ойланғанда есіме марқұм Манап Өтебаев туралы халық арасында айтылатын аныз іспетті әңгімелері түседі. Сосын олар кім еді, бүгінгі миллионерлер қай жақтан ауып келді деп таңырқаймын.
Ж.ҚҰЛМАХАНБЕТ.