ҚАЗАҚСТАН ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ ДӘРІ-ДӘРМЕК ӨТКІЗІП ОТЫР?

Былтыр елдегі фармацевтикалық өндіріс көлемі 21,8% өсіп, 171,6 млрд теңгеге жетті. Аталған салаға тартылған инвестиция 2 есе ұлғайып, 91,3 млн доллар болды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы фармацевтика өнімінің экспорты 27 874,34 мың АҚШ долларына жеткен.
Негізінен Рессей, Өзбекстан, Қырғызстан, Словения, Түрікменстан, Моңғолия, Грузия, Молдова, Украина және Тәжікстан елдеріне экспортталды.
Қазақстанда фармацевтикалық өндірушілердің саны — 207, оның ішінде 43-і дәрілік заттарды өндіруге маманданған. 164-і медициналық бұйымдар шығарады.
25 отандық өндірушінің GMP сертификаты бар.
Мемлекет басшысының отандық өндірістің үлесін фармацевтикалық нарықта 50%-ға дейін жеткізу тапсырмасы орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шараны қолға алды.
Атап айтар болсақ, мысалы:
— дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар номенклатурасын қалыптастыру жөніндегі тәсілдерді өзгерту, бұл денсаулық сақтау жүйесінің нақты қажеттілігіне қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығару жөніндегі жаңа өндірістерді ұлғайтуға мүмкіндік береді;
— фармацевтика өнеркәсібін R&D дамыту және тренинг орталықтары арқылы жоғары технологиялық, инновациялық дәрілік заттар, медициналық бұйымдар өндірісіне бағдарлау қажет;
— дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклі үшін жағдайлар жасау және тікелей инвестициялар тарту үшін өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында дәрілік заттардың және медициналық бұйымдар жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу мерзімдері бөлігінде (өндірістің толық циклі кезінде 10 жылға дейін және өндірістің толық емес циклі кезінде 5 жылға дейін)өзгерту ұсынылады;
— отандық және шетелдік өндіруші бірлесіп жүргізетін клиникалық сынақтарды ынталандыру, бұл ретте инновациялық препаратқа лицензия қазақстандық әріптесінде қалады.
— Ұсынылып отырған шараларды іске асыру Қазақстан аумағында өндірістерді оқшаулау деңгейінің өсуіне ықпал етеді, отандық өнімнің сапасын арттыруды, технологиялар трансферті мен жаңа әзірлемелерді ескере отырып, оның ассортиментін кеңейтуді және құрамдас теориялық өнімділік (ҚТӨ) үлесінің 50% бойынша нысаналы индикаторға қол жеткізуді қамтамасыз етеді, — делінген министрлік жауабында.