ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ 600 МЛН ДОЛЛАРДАН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА КЕЛІСІМ ЖАСАСТЫ

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастықтың ІІ форумы — өңірлік экономикалық серіктестік пен стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтерген маңызды халықаралық алаңға айналды.

Бұл форумға Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстан елдерінің үкімет мүшелері, бизнес қауымдастықтары мен ірі инвесторлары қатысты. Іс-шара аясында Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы индустриялық кооперация, логистика, технология, агросектор және цифрлық трансформация тақырыптарында нақты ұсыныстар мен жобалар талқыланды. Форумды ашқан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр өз сөзінде мұндай іс-шаралардың біртұтас экономикалық кеңістік құруда және мемлекетаралық диалогты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол қатысушыларға жоспарланған жобаларға табыс тілеп, технология трансфері мен инвестициялық сенімге негізделген ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Форум аясында Түркістан облысы мен Қытай бизнес қауымдастығы арасында жалпы құны 300,7 миллион АҚШ долларына тең 3 ірі жоба бойынша меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер Түркістан өңірінің инфрақұрылымдық, агроөнеркәсіптік және сауда бағыттарындағы әлеуетін көрсетіп қана қоймай, оны халықаралық әріптестікке ашық, дамуға дайын аймақ ретінде айқындап отыр.

Келісімнің алғашқысы — Түркістан қаласының Шығыс айналма жолы және Шардара – Арыс бағытындағы жол құрылысы. Жобаны жүзеге асыруға «China Railway Asia – Europe Construction Investment Co LTD» компаниясы қызығушылық танытып отыр. Бұл бағыт өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіру, транзиттік әлеуетін арттыру және өңірішілік логистиканы оңтайландыру мақсатында қолға алынған. Қазіргі таңда Түркістан – халықаралық тасымал бағыттары үшін стратегиялық аймақ. Екіншісі — Қытай-Қазақстан майлы дақылдар индустриялық паркі. Жобаның құны – 140,7 млн АҚШ доллары. Жобаны «Jinxin (Si’an) Seed Technology Co., Ltd.» жүзеге асыруға ниетті. Бұл бастама ауыл шаруашылығының инновациялық өндірістік циклін құру, жоғары өнімділік пен агротехнологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жоба 500 жаңа жұмыс орны ашуды көздеп отыр. Үшіншісі — трансшекаралық тауар сауда орталығы (Орталық Азиядағы филиал). Құны 160 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жоба – «Portuguese-speaking (Xi’an) Technology Development Co., Ltd.» компаниясымен жүзеге аспақ. Сауда хабы ретінде Түркістанның әлеуетін көтеретін бұл жоба Орталық Азия мен Қытай арасындағы экспорт-импорт көлемін арттыруға, сондай-ақ 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Форум аясында түрлі панельдік сессиялар өтті. Қатысушылар мына бағыттар бойынша тәжірибе бөлісті — цифрлық және ақпараттық технологиялардағы ынтымақтастық, көлік-логистика және инфрақұрылым жобалары, агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық тәсілдер, тау-кен металлургия саласындағы кооперация. B2B (бизнес-бизнеске) және B2G (бизнес-мемлекетке) форматындағы келіссөздер барысында қатысушылар озық технологияларды тартуға, мемлекетаралық инвестициялық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін білдірді. Форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай компаниялары арасында жалпы сомасы 24 миллиард АҚШ долларынан асатын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл көрсеткіш – Орталық Азия мен Қытай арасындағы экономикалық сенімнің жоғары деңгейін және инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдігін дәлелдейді.

Форум аясында Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату жөніндегі келісім де жоспарланып отыр. Бұл серіктестік мәдени-гуманитарлық, экономикалық, туризм және білім беру бағыттарындағы байланыстарды күшейтуге жол ашады. Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» форумының нәтижесі — Түркістан облысының халықаралық инвестициялық кеңістікке бет алғанын айқын көрсетеді. Агроөнеркәсіп, жол құрылысы, сауда және инновациялық өңдеу салаларында қол қойылған меморандумдар өңір экономикасын әртараптандыруға, жұмыс орындарын ашуға, технологиялық даму жолын жеделдетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, жаңа индустрияға негізделген, халықаралық кооперацияға бейім жаңа даму нүктесі. Қытаймен арадағы стратегиялық әріптестік бұл әлеуетті нақты іске айналдырудың берік платформасы болмақ.