САУРАН АУДАНЫНДА ИНКЛЮЗИЯ МЕН МЕЙІРІМ ҮНДЕСКЕН ШАРА ӨТТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Түркістан облысы, Сауран ауданында ерекше балаларға арналған тағылымды әрі жүрекке жылу сыйлайтын іс-шара өтті. «Ерекше бала – болашақ дана» атты мерекелік кеш — инклюзияны насихаттап, қоғамдағы әрбір баланың құқығы мен мүмкіндігін қорғау жолындағы нақты қадам болды.
Шараны ұйымдастырған — «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалы мен аудандық «Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ, ал арнайы орын ретінде «Тең қоғам» бөлімі таңдалды. Бұл — өз алдына әлеуметтік осал топтар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған мекеме. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — елдегі бейбітшілік пен келісімнің, этносаралық және әлеуметтік әртүрлілікті үйлестіре отырып өмір сүрудің айқын символына айналды. Ал бұл жолғы шара осы ұстанымның ерекше қажеттілігі бар балаларға деген әлеуметтік жауапкершілікпен сабақтасқан көрінісі болды. Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев сөз сөйлеп, балаларды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде «Әрбір бала – болашақтың сәулесі. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар балалардың өмірге құштарлығы мен талантын тану – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай шаралар арқылы біз олардың жүрегіне үміт, көңіліне қуаныш сыйлаймыз», – деді.
Мерекелік кеш қуаныш пен шаттыққа толы атмосферамен өтті. Шара барысында балаларға арналған ойындар ойнатылып, би билеп, көңіл көтерілді, қуыршақ театры қойылым қойып, барша балақайға балмұздақтар мен тәттілер үлестірілді. Бұл — бала көңіліне жылулық дарытқан шынайы мереке болды. Әсіресе, ерекше балалардың қоғам өміріне бейімделіп, өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік беретін мұндай сәттер — тек бір күннің емес, ұзақ мерзімді оң өзгерістердің бастауы. Мұндай іс-шаралар инклюзивті қоғам қалыптастырудағы маңызды тетік. Ерекше балалардың қоғамнан шет қалмай, толыққанды тұлға ретінде қалыптасуы үшін психологиялық қолдау, мәдени және шығармашылық ортаға бейімдеу, олардың қабілетін дамытуға бағытталған бағдарламалар қажет. Сауран ауданында өткен бұл шара — осы бағыттағы мақсаттардың жүзеге асуына жол ашатын әлеуметтік және мәдени іс-қимылдың үйлесімі.
«Ерекше бала – болашақ дана» атты шара мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның бірлескен күш-жігерінің шынайы жемісі болды. Ол бізге мына шындықты тағы бір мәрте еске салады — ерекше бала – қоғамнан ерекше қамқорлық күтетін емес, өз қабілетімен дамуға лайықты азамат. Саурандағы бұл кеш — тек мереке емес, ұлттық сана мен әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі. Бұл бағыттағы шаралар тұрақты жалғасын тапса, ертеңгі инклюзивті Қазақстанның негізі бүгіннен қаланары анық.