ТҮРКІСТАН: ЖЕТІ ЖЫЛДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҰМЫС КӨП

2018 жылы Түркістан облысының қайта құрылып, орталығы ретінде Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі — еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымындағы тарихи шешімдердің бірі болды. Бұл шешім өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында бетбұрыс кезеңге жол ашып, тың мүмкіндіктер мен жаңа басымдықтарды анықтады.
Жеті жыл ішінде облыс бірнеше ірі экономикалық межелерді бағындырды. Өңірлік жалпы өнім, өнеркәсіп көлемі, инвестициялық ауқым мен кәсіпкерлік белсенділік көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Бұл өзгерістер тек сандармен ғана емес, халықтың өмір сапасымен де өлшенуде. 2018 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 1,7 трлн теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. Бұл — Түркістан облысы экономикасының тұрақты және қарқынды өсіп келе жатқанын білдіреді. Аталған жетістік – аймақтың өндірістік, инвестициялық және кәсіпкерлік әлеуетінің нәтижесі. Өңірдің өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 2,7 есеге өсіп, 1214 млрд теңгеге жеткен. Өсімнің негізгі көздері — металлургия өнеркәсібі, тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс индустриясы, мұнай өнімдерін өңдеу. Бұл бағыттар облыстың өндірістік құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, шикізаттан дайын өнімге дейінгі толық циклді қамтамасыз ету бастамалары қолға алынып жатыр. 2018–2024 жылдары Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 56 млрд теңгені құрайтын 37 жоба іске асырылып, 2 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. 2025–2031 жылдарға арналған жоспарлар бұдан да ауқымды. 12 жоба жүзеге асады, 629,4 млрд теңге инвестиция тартылады. 3916 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар өңірлік өнеркәсіптің жаңа технологиялық деңгейге көтерілуіне жол ашады. Түркістан облысы енді тек ауыл шаруашылығына ғана емес, индустриялық дамуға да сүйенетін өңірге айналуда.
Маңызды бастамалардың бірі — Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу жобасы. Бұл жоба – «ҚазАтомПром» Ұлттық компаниясының бастамасы, әрі уран өндірісінің қажеттілігіне тікелей байланысты. Инвестиция көлемі — 100 млрд теңге. Жаңа жұмыс орындары саны – 250. Бұл зауыт өндірістік қауіпсіздік, экологиялық тиімділік және экспорттық әлеует тұрғысынан өңір үшін стратегиялық маңызды нысанға айналмақ. Облыс аумағында қазіргі таңда 405 белсенді кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 13 жаңа жоба іске асады. 1600-ге жуық жұмыс орны ашылады. Мұндай көрсеткіштер – өңірдегі еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ішкі миграцияны азайтуға ықпал етеді. Жеті жыл ішінде облыста инвестиция тарту ісінде де оң өзгерістер байқалды. Инфрақұрылым дамып, кәсіпкерлікке қажетті жағдай жасалуда. Өңір басшылығы отандық және шетелдік инвесторларға нақты қолдау көрсетіп отыр. Бұл инвестициялық жобалардың жедел жүзеге асуына әсер етуде.
Жеті жылдың ішінде Түркістан облысы өзінің тарихи-мәдени мәртебесімен қатар, экономикалық локомотив ретіндегі орнын нақтылай түсті. Өнеркәсіптің өркендеуі, инвестициялық жобалардың артуы, өңдеу секторындағы ірі бастамалар мен заманауи кәсіпорындардың іске қосылуы – аймақтың болашағы жарқын екенін көрсетеді. Жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс, технологиялық өндіріс – мұның бәрі ел тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Түркістан – енді тек рухани астана емес, сонымен қатар өндірістік және инвестициялық орталыққа айналып келеді.