АГРОӨНЕРКӘСІПТІК САЛА – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Қазақстанда ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударып, бұл бағытта нақты міндеттерді айқындап берді. Осыған орай Үкімет пен салалық министрліктер тиісті бағдарламалар қабылдаса, өңірлерде бұл бастамаларды іске асыру мақсатында кешенді жоспарлар түзіліп, нақты жұмыстар қолға алынды. Түркістан облысы да бұл бағыттан шет қалмай, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, ветеринария және табиғи ресурстар бағыттарында ауқымды шаралар жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары аудан, қала әкімдерінің орынбасарларымен бірлесіп, өз саласына қатысты тапсырмалардың орындалу барысын талдады. Атап айтқанда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына берілген 279 тапсырманың 215-і орындалып, бақылаудан алынған. Бұл – агросаладағы белсенді жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар, облыстық жер қатынастары басқармасы – 3, ветеринария басқармасы – 5 тапсырманы орындап шыққан. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында 10 тапсырма орындалу үстінде.
Мақтарал ауданында ауыл шаруашылығын цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу бойынша нақты жоспарлар құрылды. Атап айтқанда, 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу көзделсе, қазіргі таңда 3,3 мың гектарға енгізілген. Оның ішінде 1 мың гектар – мақта алқаптарына тиесілі. Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға өзекті бола түскен шақта, бұл технологиялар шаруаларға үлкен үміт ұялатып отыр. Алайда, Нұрбол Тұрашбеков бұл бағытта шаруалармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Ордабасы ауданында 21,8 мың гектар жайылымдық жердің мал тіркелмегені анықталып, оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл шара – ауыл тұрғындарының мал жаюға арналған жерлерге деген қажеттілігін өтеуге, жерді тиімді әрі әділ пайдалануға бағытталған. Аудан әкімінің орынбасары бұл тапсырманың белгіленген мерзімде орындалатынын мәлімдеді.
Отырар ауданында агроөнеркәсіп кешеніне биылдың өзінде 5,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – ауыл шаруашылығына деген сенім мен қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, тамшылатып суғару әдісі 3,3 мың гектар жерге енгізіліп, су тапшылығы жағдайында тиімді өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Аудан әкімдігі тарапынан межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстарды бағалай келе, барлық жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол нәтижеге жету үшін тек есеппен шектеліп қалмай, шаруалармен, диқандармен тығыз қарым-қатынас орнату қажет екенін атап өтті. «Бағдарламалар бізге түсінікті, өйткені осы салада жүрміз. Ал, қарапайым шаруаға түсіндіру, көзін жеткізу, қолдау білдіру, көмектесу – сіздерге жүктелген міндет. Түсінбегенін мамандардан сұрап, шаруасын дамытатын жағдайға жетуіміз керек. Ашық болыңыздар! «Мәселені шешемін» деген адам жолын табады», – деп ескертті Нұрбол Тұрашбеков. Сонымен қатар, ол барлық жұмыстарды заң аясында жүргізуді, сыбайластық әрекеттерге жол бермеуді қатаң тапсырды. Бұл – өңірдегі агроөнеркәсіптік саясаттың таза, әділ және нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бұл шаралар – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын орындаудың нақты көрінісі. Инвестиция тарту, жер ресурстарын әділ бөлу, заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу әдістерін кеңінен қолдану – өңірдегі ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге сеп болады. Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Ендігі кезекте, ашықтық, тиімділік және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, аталған бастамаларды халық игілігіне айналдыру – басты мақсат.