ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ГЕОГРАФИЯСЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

40
0

Түркістан облысы – Қазақстанның ең жылдам дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Соңғы жылдары облыстағы индустриалды саясат жаңа серпін алып, кәсіпкерлік пен өндіріс саласына қарқынды инвестициялар тартылуда. Бұл үдерістер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2024 жылдың өзінде Түркістан өңірінде 130,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 100-ге жуық жаңа жоба іске қосылып жатыр. Бұл – тек экономика үшін емес, әлеуметтік тұрақтылық үшін де ерекше маңызды көрсеткіш.

Түркістан облысының даму стратегиясында индустриалды аймақтар ерекше орынға ие. Бұл – бір жағынан бизнесті қолдаудың инфрақұрылымдық негізі болса, екінші жағынан өңірлік экономиканы әртараптандыру құралы. Қазіргі таңда облыста жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде бұл жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, өңір экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция құйылды. Нақты нәтиже ретінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, облыс бюджетіне 2 млрд теңгеден астам салық түскен. Бұл – бір ғана жыл ішіндегі нақты нәтиже, яғни индустриаландырудың экономикаға нақты үлесі. Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы төрт аймақта индустриалды аймақтарды құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастырып, бизнеске қажетті инфрақұрылымды уақтылы жеткізу арқылы өндірісті тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Сауран ауданы – облыстағы ең қарқынды дамып келе жатқан индустриалды орталықтардың бірі. 2024–2026 жылдар аралығында бұл ауданда бес бірдей индустриалды аймақ құрылмақ. Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл аймақтарда кәсіпкерлікті дамытумен қатар, халықты жұмыспен қамту, өңірлік экономиканы нығайту, тауар өндірісін ұлғайту сынды мақсаттар да қатар қамтылған. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандумға қол қойылып, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл белсенділік – жеке кәсіпкерлердің мемлекетпен серіктестікке сенімі мен ынтасының белгісі. Иассы ауылдық округінде орналасқан 9 гектарлық индустриалды аймақта 24 жоба іске қосылуға дайын. Аталған жоба аясында жиһаз, спорттық құрал-жабдықтар, жол белгілері, тігін өнімдері, қағаз және пластикалық бұйымдар шығаратын өндіріс орындары құрылып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге. Бұл жоба 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындары үшін жаңа өмірлік мүмкіндік туғызбақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров индустриалды аймақтарға жасаған сапары барысында жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Ол инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді, аймақтарды абаттандыру мен көгалдандыруды, сондай-ақ барлық нысандарды заманауи стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін баса айтты. «Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі», – деді өңір басшысы.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан индустриаландыру бағдарламасы – ел экономикасын дамытудағы үлгілі өңірлік тәжірибе. Инвестициялық жобалардың көбеюі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымдық серпін – бұлардың барлығы облыс тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін оң өзгерістер. Жаңа индустриалды аймақтар тек зауыттар мен цехтар ғана емес, олар – тұрақтылықтың, даму мен болашақтың іргетасы. Облыс әкімдігінің мақсатты саясаты мен кәсіпкерлердің сенімді серіктестігі нәтижесінде Түркістан өңірі еліміздің өндірістік және инвестициялық картасында маңызды орынға ие болары анық.