ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ӨЗІ ТУРАЛЫ ҚАҢҚУ СӨЗДЕРГЕ ПІКІР БІЛДІРДІ

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында өзінің Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаруы мүмкін деген сыбыстарға пікір білдірді.
— Активтерді қайтару жөнінде тек Антикор ғана айтатын еді. Бірақ ол орган неге екені белгісіз Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді. Активтердің қалай қайтарылып жатқаны туралы неге ақпарат жоқ? Асхат Жұмағали қайда? Қазір ҰҚК күшейіп жатыр деген рас па және сіздің тәжірибелі күштік құрылым өкілі ретінде бұл ведомствоны басқаратыныңыз жайлы әңгімелер тарап жатыр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады, — деп сұрақ қойды журналист.
Өз жауабында Олжас Бектенов өзіне қатысты әңгімелердің қаңқу сөз екенін айтты.
— Асхат Жұмағали (Антикордың бұрынғы басшысы) туралы ештеңе білмеймін, қазір, қайта ұйымдастыру процедуралары жүріп жатыр. Сол істерді тапсырумен айналысып жатқан болар. Ал өзіме қатысты айтылып жатқан әңгімелердің бәрі — тек қаңқу сөз. Қазір Үкіметте жұмыс істеп жатырмыз. Егер Мемлекет басшысының сенімі болса, Үкіметтегі жұмысымды жалғастыра беремін, — деді Олжас Бектенов.