АГРОСАЛА — ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЛОКОМОТИВІ

31
0

Түркістан облысы – республикадағы ауыл шаруашылығы өнімін ең көп өндіретін, агроөнеркәсіп кешеніне басымдық беретін жетекші аймақтардың бірі. Жергілікті билік те бұл салаға жүйелі түрде назар аударып, стратегиялық бағыт ретінде қарастырып келеді. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) жартыжылдық қорытындысы, инвестициялық көрсеткіштер, сондай-ақ ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу барысы және статистикалық есептіліктің тапсыру деңгейі жан-жақты талданды.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде ел көлемінде көш бастап тұрған өңір. Мұнда климаттың қолайлығы, ауыл халқының тығыз орналасуы, аграрлық дәстүрлердің сақталуы және табиғи ресурстардың молдығы осы саланың жүйелі дамуына мүмкіндік беріп отыр. Стратегиялық маңызы бар бұл салада жұмыс қарқыны тұрақты, дегенмен кейбір бағыттарда кемшіліктер мен кідірістер де байқалады. Осыған байланысты жиын барысында салалық индикаторлардың орындалу барысы сарапқа салынып, нақты аудандар мен салалар бойынша проблемалық тұстар атап көрсетілді. Жиынның күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – ұлттық ауыл шаруашылығы санағы мен жартыжылдық статистикалық есептілік болды. Бұл бағытта ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Ережепова баяндама жасап, бірқатар деректерді жария етті. Оның айтуынша, Арыс қаласы, Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш аудандарында респонденттер толық есеп тапсырмаған. Бұл – жалпы аймақтық ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін нақты есептеп, болашақ жоспар құруда елеулі ақпараттық тапшылық туғызып отыр.

Бұл кемшіліктерді назарға алған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты тұлғаларға сын-ескертпе жасап, нақты тапсырмалар берді. Нақтырағы «Жұмыс сапалы әрі уақытылы орындалса, бекітілген межеге қол жеткізуге ешқандай кедергі жоқ. Кейбір аудандарда жоспарлы көрсеткіштерге бейжай қарау байқалуда. Бұл – жүйелі кемшілікке жол беру. Алдағы уақытта мұндай олқылықтар қайталанса, заң аясында жауапкершілік қаралады», – деп қадап айтты. Жиын барысында инвестиция тарту бағытындағы 6 айлық көрсеткіш те талқыланды. Аудан, қала әкімдіктері жоспардың 104,6 пайызға орындалғанын мәлімдеді. Бұл – оң көрсеткіш, алайда нақты жобалар мен өндірістік нысандар саны бойынша сапалық талдау жүргізу қажеттігі де айтылды. Инвестиция тарту көрсеткіштерінің жоғары болуы – ауыл шаруашылығындағы өндіріс, қайта өңдеу, су үнемдеу технологиялары мен мал шаруашылығын дамыту бағыттарындағы жобалардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы саласында Түркістан облысы бойынша төмендегі бағыттарға ерекше басымдық беріліп отыр. Су үнемдеу технологияларын енгізу – қазіргі таңда 46 мың гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері енгізілген. Мал шаруашылығы – бордақылау алаңдары, сүт фермалары мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жобалары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қайта өңдеу және агрологистика – агроөнімдерді экспортқа бағыттау, тауарлық құндылығын арттыру. Шағын және орта фермерлерді қолдау – кооперативтер құру, ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдерді енгізу – жер, су, еңбек ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған платформалар.

2024 жылғы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – тек есеп-қисап емес, елдегі агросектордың ресурстық әлеуетін, өндіріс құрылымын және әлеуметтік сипаттарын жан-жақты саралайтын маңызды шара. Түркістан облысында бұл санақтың тиісті деңгейде өтуі – республикалық деңгейдегі шешімдер қабылдауға тікелей әсер етеді. Сондықтан облыс әкімдігі әрбір ауылдық округ, шаруашылық, өндіріс кооперативі деректерді дер кезінде, толық әрі шынайы тапсыруы үшін жауапкершілікті күшейтпек. Аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Ол өз мәлімдемелерінде ауыл шаруашылығы саласының Түркістан өңірі үшін стратегиялық мәнге ие екенін үнемі атап келеді.

Жартыжылдық қорытынды – елдің ең ірі агроөңірінің даму қарқынын бағамдауға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш. Жиында талданған деректер мен берілген тапсырмалар облыс басшылығының ауыл шаруашылығын жүйелі, есепке негізделген, индикативті жолмен дамытуға мүдделі екенін көрсетті. Бастысы – жоспар бар, ресурстар жетеді, енді тек ұйымдастырушылық, ақпараттық және жауапкершілік деңгейі жоғары болуы қажет.