ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КООПЕРАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ ЖОБА

Түркістан облысы – тарихи, мәдени һәм рухани астана ғана емес, бүгінде экономикалық және өндірістік даму тұрғысынан да еліміздің жетекші аймақтарының біріне айналып келеді. Соңғы жылдары облыс әкімдігінің инвесторлармен белсенді әріптестігі нәтижесінде жаңа индустрияландыру толқыны басталды. Соның жарқын мысалы – Түркістанда заманауи индустриалды аймақ пен Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті маңында жүзеге асырылуы көзделіп отырған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасы.
Бұл – жай ғана өндіріс орны емес, тұтас өңірдің инновациялық, технологиялық және логистикалық болашағын айқындайтын, Орталық Азия көлемінде серпінді интеграциялық хаб құруға бағытталған ірі стратегиялық бастама. Осы жоба шеңберінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай елінен келген инвестор, кәсіпкер Чжоу Даньмен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде екі тарап өзара сенім мен серіктестікке негізделген меморандумға қол қойды. Құжатқа облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков және инвестор өкілі ресми түрде қол қойып, өндірістік бастамалардың жол картасын бекітті. Меморандум аясында «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында орналасатын жаңа индустриалды парк құрылады. Бұл кешен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, өндіріс процесін, сауданы, сервистік қызметті толық қамтитын интеллектуалды кластер болмақ. Жоба мазмұны мен мақсатының ауқымы кең. Индустриалды кластердің негізгі артықшылықтары төмендегіше. Энергетикалық жабдықтар өндірісі – аймақтың және Орталық Азия елдерінің энергетика саласындағы сұранысын жабуға бағытталған. Энергия үнемдейтін жарықтандыру құралдары – жасыл экономика қағидаттарына сай, экологиялық тиімді өндіріс. Металл және пластмасса өнімдері – құбырлар, клапандар, тұрмыстық құрылғылар сынды инженерлік-инфрақұрылымдық тауарлар. Металлургия саласындағы терең өңдеу – шикізат сатудан дайын өнім экспорттауға көшу, яғни қосылған құн тізбегін арттыру. Тоқыма және жеңіл өнеркәсіп – Түркістан облысының ауыл шаруашылық өнімдеріне негізделген тұрақты шикізат көзімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Электронды коммерция мен логистика – заманауи қоймалар, кедендік инфрақұрылым, бизнес орталықтар мен кеңселер желісі.
Жобаны іске асыру үш кезеңмен жоспарланып отыр. Бұл тәсіл жоба қуаттылығын біртіндеп арттыра отырып, нарыққа бейімделуге, тәуекелдерді төмендетуге, және технологиялық икемділікке жол ашады. Бірінші кезең – индустриалды парктің негізгі инфрақұрылымын салу: жол, электр, су, жылу, газ тарту, қойма құрылысы. Екінші кезең – негізгі өндірістік желілерді іске қосу, зерттеу орталықтарын ашу, персонал дайындау. Үшінші кезең – өнім экспортын кеңейту, халықаралық нарықтарға шығу, отандық және аймақтық бренд қалыптастыру. Инвесторлар өз сөзінде бұл жоба аясында жергілікті бренд қалыптастыру, экспорттық нарықтарға шығу, жұмыс орындарын ашу, жоғары технологияны енгізу сынды бағыттарды қатар дамытуды көздейтінін мәлімдеді. Бұл жобаның ерекше бір бағыты – Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті маңында өнеркәсіптік кооперация орталығын құру. Географиялық тұрғыда бұл аймақ Өзбекстанмен тікелей шекаралас жатқандықтан, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда-инвестициялық серіктестікке жаңа серпін береді.
Жобаның Түркістан өңіріне әкелетін басты экономикалық тиімділіктері аз емес. Жүздеген емес, мыңдаған адамға тұрақты жұмыс табылмақ. Әсіресе ауыл жастары үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Жаңа өндірістер жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін арттырады. Жол, электр, газ, байланыс – барлығы кәсіпорынға ғана емес, тұрғындарға да тиімді. Қытайлық кәсіпкерлердің ноу-хау технологияларын енгізуі жергілікті өндіріс мәдениетіне серпін береді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу арқылы облыс агросекторының табысы артады. Түркістанның осынау экономикалық амбициясы – шетелдік инвесторлар үшін де тартымды. Аймақтағы индустриялық аймақтар, арнайы экономикалық аймақ, жаңа логистикалық бағыттар, жасыл энергетика, мамандандырылған еңбек күші – барлығы инвестор үшін қолайлы жағдай ұсынады. Осы бағытта әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жеткілікті. Олар — инженерлік инфрақұрылыммен қамту, заңнамалық және әкімшілік кедергілерді жою, жобаларды әкімдік тарапынан толық сүйемелдеу, жер телімдерін жедел рәсімдеу, лицензия, рұқсатнама алуда жеңілдік тетіктері. «Орталық Азия» халықаралық кооперация орталығы – Түркістан облысы ғана емес, тұтас Қазақстан мен аймақ елдері үшін үлкен экономикалық бастама.