ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЛИМАТ – ТҰРАҚТЫ ҚОЛДАУДЫҢ НӘТИЖЕСІ

Түркістан облысы бүгінде еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағытына белсенді үн қосып отырған өңірлердің бірі. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің бастамасымен өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, инвестициялық ауқымды жобаларды іске асыру және жаңа жұмыс орындарын ашу – өңірдің басты басымдықтарының біріне айналды. Осы мақсатта Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы – осы бағыттағы нақты әрі табысты қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы индустриалды паркте орналасқан өндірістік нысандарды аралап, жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Аймақ басшысы бұл жобалардың экономикалық, әлеуметтік және технологиялық маңызына ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Өз сөзінде «Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу. Одан басқа жол жоқ. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратта өндіріс орындары жедел іске қосылып, жұмыс орындары ашылуы тиіс. Ал ғимаратты алып, жобаны кешіктіргендермен жұмыс жүргізіңіздер. Нысанды басқа инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсыну қажет», – деді әкім. Бұл мәлімдеме – Түркістан облысының экономикалық саясаты уақыт ұттырмай әрекет етуді, жобаларды нақты нәтижемен байланыстыруды көздейтінін көрсетеді. Жаңа индустриялық кластердің флагманы ретінде «AVATAR AGRICULTURAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясының жобасы алға шықты. Бұл – ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт құру жобасы. Аталған бастама 5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартумен, айына 600 дана дрон шығару қуаттылығымен, роботтандырылған өндіріс желілерімен ерекшеленеді. Мұндай өндірістің ашылуы еліміздің агросаласына жаңа технологиялық серпін бермек. Әсіресе, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру мен цифрлық трансформациясына зор үлес қосуы мүмкін. Қазірдің өзінде зауытқа қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізіліп, ғимаратты өндірістік процестерге бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғанда, Түркістан облысы дрон шығаратын алғашқы өңірлердің біріне айналады.
Өңір басшысы тек дрон зауытымен шектелмей, жиһаз жасау, жылу қазандықтарын құрастыру, пакет өндіру, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау секілді бірнеше кәсіпорынды аралап көрді. Бұл жобалардың барлығы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетті арттыруға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Әсіресе жылу қазандықтарын құрастыру өндірісі энергетикалық тәуелсіздікті арттырып, импортты алмастыратын нақты жобалардың бірі болуы мүмкін. Индустриалды парктің табысты іске асуының басты себептерінің бірі – инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлар. Түркістан облысы әкімдігі инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Құқықтық және әкімшілік сүйемелдеу көрсетеді. Инвесторлармен тікелей келіссөз жүргізіп, меморандумдар жасасады. Өз кезегінде инвесторлар да Түркістанда өндірісті орналастыруға қолайлы орта бар екенін айтып, алғыс білдіруде. Мұндай өзара сенімге негізделген қарым-қатынас – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып келеді.
Түркістан облысында қолға алынған «Шағын өнеркәсіптік парк» – тек экономикалық жоба емес. Бұл – өңірлік экономикаға серпін беретін платформа, жаңа технологиялар мен кадрларды біріктіретін орта, кәсіпкерлік пен инновацияны ұштастыратын алаң. Мұндай индустриалды аймақтар алдағы уақытта Орталық Азия нарығына бағытталған кластерлік өндірістерге жол ашып, Түркістанды аймақтық өндірістік хабқа айналдыруы әбден мүмкін. Түркістан облысы бүгінгі таңда өндірісті өркендету мен индустриялық қуатты арттыру жолында нақты әрі нәтижелі қадамдар жасап отыр. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы – осының айқын дәлелі. Бұл бастамалар облыс халқы үшін — жаңа жұмыс орындары, жергілікті өнімдердің сапасын арттыру, аймақтың экономикалық дербестігіне жол ашу деген сөз. Кәсіпкерлік пен өндіріс – кез келген өңірдің тұрақты дамуының кілті. Түркістан облысы осы бағытта жүйелі, шынайы, қарқынды әрекет етіп келеді. Ал бұл өз кезегінде индустриялық Түркістанның қалыптасуына берік негіз болмақ.