ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ ӨНДІРІС ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА

Түркістан облысы еліміздің өндірістік және экономикалық даму картасында өз орнын нығайтып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы аймақтың индустриялық әлеуетін ашып, кәсіпкерлік ортаны жандандыруға үлкен серпін берді. Қазір бұл жоба инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыссыздықты азайту сынды бірнеше стратегиялық бағытта тиімді нәтиже беріп отыр.
Сауран ауданындағы өнеркәсіптік паркті аралаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылысы жүріп жатқан ғимараттарды тексеріп, іске қосылған өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Жауаптыларға жұмысты жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді. «Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды», – деді аймақ басшысы. Бұл сөздердің астарында инвесторлардың сенімін арттыру, бизнеске әкімшілік кедергілерсіз жол ашу және өңір экономикасын өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу ниеті жатыр. Қазіргі таңда жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын парк аумағында жобаның I және II кезеңдері аясында 152 өндірістік ғимарат салу, 308 млрд теңге инвестиция тарту, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жоспарлардан бүгінде 11 жоба іске қосылып, 790 жаңа жұмыс орны ашылған. 2024 жылдың соңына дейін тағы 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады, нәтижесінде 136,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 950 адам жұмыспен қамтылмақ.
Паркте іске қосылған және іске қосылуы жоспарланған жобалар ел экономикасының түрлі секторын қамтиды. Олар — «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) – тоңазытқыштар шығаратын зауыт (жылына 140 мың дана, құны – 60 млн евро), Avatar Agricultural Technology Development – ауыл шаруашылығы дрондарын өндіру, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, ауыл шаруашылығы тракторлары, сэндвич панельдер, жиһаз өндірісі (кеңсе, мектеп, медицина), медициналық жабдықтар, электромагниттік шығын өлшегіштер, өнеркәсіптік суды өшіру клапандары, кептірілген жемістер мен көкөністер өндірісі. Бұл кәсіпорындардың көпшілігі импортты алмастыратын өнімдер шығарып, ішкі нарықты отандық тауармен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар экспорттық әлеуеті де жоғары. Саурандағы табысты тәжірибе негізінде «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы басқа аудандарға да таралуда. Мәселен, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Сарыағаш аудандарында жобаны іске асыру басталды. Ордабасы ауданында 8 гектарлық «Бадам» өндірістік паркі құрылуда. Сауранның Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 105 ғимарат салу жоспарда бар. Бұл – инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік аймақтардың әр ауданға тән моделін жасау арқылы өңірлік теңгерімді дамытудың тиімді жолы.
Бүгінде Түркістан облысында 19 индустриалды аймақ, 1 шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзонасы бар арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олардың инфрақұрылымы толық жасақталып, 52 кәсіпорын белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда қосымша 195,4 млрд теңге инвестиция тартылған 57 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылымдар мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігіне негізделген, әрі жергілікті экономиканың негізгі тетігіне айналып отыр. Түркістан облысы өндіріс саласында тың серпін беріп, технологиялық, инфрақұрылымдық және кадрлық әлеуетін бір арнаға тоғыстыра білген өңірге айналуда. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы – индустрияландырудың нақты көрінісі, ал оның мультипликативтік әсері – өңір экономикасын дотациялық тәуелділіктен шығаратын жолдың бастауы. Жобаның табысты жүзеге асуы – жергілікті биліктің инвесторлармен жүйелі байланыс орната білуінің, инфрақұрылымдық қолдаудың, және стратегиялық жоспарлаудың нәтижесі. Бұл бағытта Түркістанның тәжірибесі – өзге өңірлер үшін де үлгі болуға лайық.