ИНВЕСТОРЛАР СЕНІМІ – ТҮРКІСТАННЫҢ ӘЛЕУЕТІНІҢ ДӘЛЕЛІ

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы әлеуеті мол аймақ. Соңғы жылдары бұл өңір агроөнеркәсіп кешенінен бөлек, өңдеу өнеркәсібін дамытуға да айрықша назар аудара бастады. Соның айқын бір мысалы – мақта және тоқыма кластерін дамыту бағытында қолға алынған ауқымды жобалар. Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің бастамасымен бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр.
Жуырда өңір әкімі Нұралхан Оралбайұлы шетелдік ірі тоқыма компаниясының бас директорымен кездесті. Кездесу барысында мақтадан бастап, мата өндірісіне, киім тігуге дейінгі толық циклды қамтитын инвестициялық жобаның егжей-тегжейі жан-жақты талқыланды. Инвестордың айтуынша, барлық өңірлер ішінен Түркістан облысын таңдауы бекер емес – аймақтың шикізаттық қоры мол, жұмыс күші жеткілікті, логистикасы ыңғайлы, әрі әкімдік тарапынан толық қолдау бар. Жобаны «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл аймақтың артықшылығы – инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгені, салықтық жеңілдіктер қарастырылғаны және бизнеске ашықтығы. Мақта-тоқыма кластері — бұл жай ғана бір өндіріс нысанын емес, тұтас өндірістік тізбекті білдіреді. Облыста қолға алынған жобаның ерекшелігі – «дала мен дүкен» арасындағы байланысты тұтастай қамтуы. Жоба аясында келесі өндіріс желілері ашылмақ — роторлық иіру өндірісі (1-кезең), сақиналы иіру өндірісі (2-кезең), джинсы матасы өндірісі және тігін цехтары (3-кезең) Жалпы аумағы 20 гектар болатын өндірістік база жыл сайын мыңдаған тонна өнім өндіруге қауқарлы. Ең бастысы – толықтай жергілікті шикізат пайдаланылып, дайын өнім Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) нарығына – Орталық Азия, Ресей, тіпті Еуропаға экспортталады.
Жоба жүзеге асса, жүздеген тұрақты жұмыс орындары ашылады. Бұл ауыл тұрғындары мен жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар өңірде техникалық және кәсіби білім беру мекемелерін кластермен байланыстыра отырып, қажетті кадрлар даярлау жүйесі де дамиды. Облыс әкімінің айтуынша, бұл – тек біржолғы инвестиция емес, ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік. Инвесторлар ұсынған жобалар мұқият зерделеніп, нақты шарттар мен меморандумдар арқылы бекітіледі. Әкімдік тарапынан құжаттандыру, инфрақұрылым, техникалық сүйемелдеу жұмыстары толық қамтылады. Қазақстанда бұрын мақта көбіне шикізат ретінде экспортталса, бұл жоба қосылған құны жоғары дайын өнімді шетелге шығару арқылы ел экономикасына үлкен серпін береді. Мақтаны мата, матаға – киім, ал киімді – брендке айналдыру осы кластердің басты мақсаты. Егер жоспар толық жүзеге асса, Түркістан облысы тек аграрлы өңір ғана емес, жеңіл өнеркәсіптің де ірі орталығына айналуы әбден мүмкін. Бұл – Президент белгілеген өңірлік экономикаларды әртараптандыру стратегиясының нақты орындалуының бір көрінісі.
Түркістан облысында іске асырылайын деп отырған бұл жобалар ұлттық өндірісті жаңғыртуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға тікелей ықпал етпек. Ең бастысы – бұл бастамалар Қазақстанның өңірлік дамуы мен шетелдік инвесторлар сенімінің нәтижесі. Түркістан – енді тек тарихи-мәдени орталық емес, өндірістік, экспорттық және экономикалық хабқа айналып келеді.