ТУРИЗМ ЖӘНЕ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ САЛАЛАРЫ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

33
0

Түркістан облысы өзінің тарихи және рухани ғана емес, енді өндірістік әрі инвестициялық әлеуетімен де әлемдік деңгейдегі іскер ортаның назарын аударып отыр. Соңғы жылдары облысқа шетелдік инвестиция тарту, индустриалды-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Осы ретте облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен Түркістан өңіріне келген Қытай Халық Республикасының Шанхай аймағынан делегация өкілдерімен маңызды кездесу өтті. Бұл басқосу – қос тарап арасындағы экономикалық, туристік және өндірістік әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам болды. Кездесу барысында Қытайлық ірі кәсіпкерлер мен бизнес делегациясы Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне айрықша қызығушылық білдірді. Делегация құрамында агроөңдеу, тағам өндірісі, тоқыма өнеркәсібі, туризм және пайдалы қазбаларды терең өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорындардың өкілдері болды. Өз сөзінде Нұралхан Оралбайұлы делегация мүшелеріне Түркістанның қазіргі даму стратегиясы мен негізгі бағыттарын таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.  Нақтырағы «Биыл Шанхай қаласында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық кеңсе ашуға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл – өңір туризмі үшін маңызды қадам. Сіздермен өндірістің сан саласында әріптестік орнатуға дайынбыз», – деді облыс әкімі.

Қос тараптың басқосуында Түркістан облысында жүзеге асырылуы мүмкін бірнеше бағыттағы жобалар талқыланды. Атап айтқанда, Шанхай делегациясы келесі салалар бойынша нақты ұсыныстар білдірді. Біріншісі — алманы терең өңдеу және Еуропаға экспорттау. Түркістанның бау-бақша өнімдерін экспортқа шығару әлеуеті жоғары. Алманы тек шикізат күйінде емес, шырын, пюре, кептірілген өнім түрінде өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығару көзделіп отыр. Екіншісі — ұн және наубайхана өнімдерін өндіру. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе бидайды қайта өңдеу арқылы шет елге дайын тағам түрлерін экспорттау мүмкіндігі бар. Бұл Қазақстан өнімінің халықаралық нарықтағы үлесін арттыруға ықпал етеді. Үшіншісі — түсті металдарды терең өңдеу. Облыстағы кен байлықтарын тиімді пайдалану мақсатында металл өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қарастырылуда. Бұл бағыт индустрияландыру бағдарламасының негізгі құрамдас бөлігі болмақ. Төртіншісі — оқыма өндірісі мен киім тігу. Түркістанның мақта-тоқыма кластерімен интеграцияланып, Қытай тәжірибесін пайдалану арқылы заманауи өндіріс ашу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл – экспортқа бағытталған жоғары сапалы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруға жол ашады.

Кездесуде тараптар туризм саласын дамыту мәселесіне де баса назар аударды. Шанхайлық тарап Түркістан өңірінің тарихи-рухани мұрасына қызығушылық танытып, Қытайда облыстың туристік нысандарын кеңінен таныстыруға дайын екенін жеткізді. Бұл мақсатта Шанхай қаласында Түркістанның туристік кеңсесі ашылғаны – халықаралық мәдени-экономикалық байланыстың нақты көрінісі. Мұндай қадам Қытай азаматтарының Қазақстанға қызығушылығын арттырады. Түркістанды халықаралық туристік хаб ретінде қалыптастыруға жол ашады. Туризм арқылы қосымша инвестициялық және гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етеді. Нұралхан Көшеров өз сөзінде өңірдегі инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шараларына да тоқталып өтті. Сөзінше, индустриалды аймақтар – дайын өндірістік алаңдар мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтар – салықтық және кедендік жеңілдіктермен инвесторлар үшін қолайлы жағдай ұсынады. Ауыл шаруашылығы бағытындағы субсидиялар мен мемлекеттік қолдау тетіктері – шикізатпен қамтуды қамтамасыз етеді. Осының барлығы инвесторлар үшін сенімді және тұрақты іскерлік орта қалыптастыратынын көрсетті. Кездесу нәтижесінде қос тарап өзара ұсыныстарды зерделеп, келіссөздерді нақты жобалар деңгейіне көшіруге уағдаласты. Түркістан облысы әкімдігі әр инвесторға «бір терезе» қағидатымен қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Бұдан бөлек, жобаларды іске асыруға қажетті рұқсат құжаттарын жедел рәсімдеу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жер телімдерін бөлу секілді мәселелер де жан-жақты талқыланды.

Түркістан мен Шанхай арасындағы бұл кездесу жәй протоколдық шара емес, ол – нақты инвестициялық жобалардың бастамасы. Аймақ басшылығының ашық саясаты мен бизнеске деген қолайлы жағдайы Түркістанды халықаралық инвестиция үшін тартымды бағытқа айналдырып отыр.