СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

30
0

Қазақстанда 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні, ал 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күні ретінде белгіленген. Бұл күндер – ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіптің негізін қалыптастыратын екі маңызды саланың қызметкерлеріне құрмет көрсетілетін атаулы даталар. Осыған орай, Түркістан облысында қос кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиын өтіп, сала мамандарының қажырлы еңбегі лайықты бағаланды.

Іс-шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сала мамандарына жаңа техниканың кілтін табыстап, еңбектің маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар үздік қызметкерлерге мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттар берілді. Су шаруашылығы саласының қызметі тек ауыл шаруашылығымен ғана шектелмейді. Бұл сала – табиғи ресурстарды тиімді басқарудың, экожүйені сақтаудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тіректерінің бірі. Түркістан облысы – республикадағы агроөнеркәсіптік кешен бойынша көшбасшы өңірлердің бірі. Өңірдің ауыл шаруашылығындағы жылдық жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асып, бұл ел көлемінің 13%-ын құрап отыр. Мұндай ауқымды өндірістің негізінде суармалы жерлер мен тиімді су жүйелері жатыр. Нұралхан Көшеров өз сөзінде «Су тапшылығының алдын алу бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 46 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Нәтижесінде ағын суды 1,5-2 есеге үнемдеумен қатар, өнімділікті 2,5-3 есеге арттыруға қол жеткізілді. Бұл – су мамандарының орасан еңбегінің жемісі», – деді. Бүгінде облыста су үнемдеудің заманауи технологиялары кеңінен енгізілуде. Сонымен қатар су нысандарын жаңғырту бағытында нақты жобалар жүзеге асып жатыр. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларының құрылысы – көктемгі тасқын суды ұстау және оны суару маусымына дейін сақтау үшін қажет. 25 су қойма, 1 су реттегіш, 269 канал күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар нәтижесінде су нысандарының тозу деңгейі 76%-дан 50%-ға дейін төмендейді.

Қоғамда кең тарамаса да, ветеринария саласының атқаратын рөлі – аса маңызды. Бұл сала – мал шаруашылығын қорғау, эпидемиялардың алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ветеринария мамандарына көрсетілетін құрмет те арта түсті. Облыс әкімі «Ветеринария – адамзатты емдейтін сала. Қауіпті індеттер мен зиянкестерге қарсы күресте сіздердің ерен еңбектеріңіз баға жетпес. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру мен індеттердің алдын алу – сіздердің арқаларыңыз», – деп атап өтті. Саланың материалдық-техникалық әлеуетін күшейту мақсатында биыл 85 бірлік жаңа көлік табысталды. Бұл мамандардың шалғай елді мекендерге уақытылы жетуін және жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.

Іс-шара барысында үздік мамандарға мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды. Олардың қатарында ҚР Президентінің ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі, Түркістан облысы әкімдігі мен мәслихатының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бар. Бұл марапаттар – сала мамандарының жанқиярлық еңбегіне берілген шынайы бағасы. Ауылдық жерде тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлердің құрметке бөленуі – жастарға да үлгі болары анық. Су шаруашылығындағы ауқымды жұмыстар тек ішкі резервтермен шектелмейді. Облыс әкімдігі «Ислам даму банкі» арқылы шетелдік инвестиция тарту арқылы су нысандарын жаңғыртуды көздеп отыр. Бұл — инфрақұрылымды заманауи стандарттарға сәйкестендіру, қаржылық жүктемені жеңілдету, халықаралық тәжірибені енгізу мүмкіндіктерін береді. Сонымен қатар цифрлық технологиялар арқылы су ресурстарын есептеу, бөлу және бақылау жүйелері де енгізілуде. Бұл тәсіл ресурсты үнемдеуге, шығындарды азайтуға, сапалы есепке алуға сеп болады.

Су және ветеринария салалары – халықтың тыныс-тіршілігі мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттар. Түркістан облысында бұл бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі, жоспарлы және нақты нәтижеге бағытталған. Мереке – тек құттықтау күні емес, еңбек адамының құнын еске салатын, оның мәртебесін арттыратын сәт. Түркістан өңірінде бұл қағида нақты іске айналып отыр. Жаңа техника, жаңа инфрақұрылым, заманауи технологиялар, білікті мамандар және жүйелі басқару – осының бәрі бір арнаға тоғысып, өңірлік ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп келеді.