ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА МАЗМҰНДЫ ШАРА ӨТТІ

25
0

Шымкент қаласында орналасқан №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ерекше мазмұнға толы, рухты көтеретін мерекелік шара өтті. Іс-шара «Астана – ару қала» атауымен ұйымдастырылды және бұл бастама «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Мерекелік жиынға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов арнайы қатысып, орталықтың қызметкерлері мен қызмет алушыларын Елорда күнімен құттықтады. Серік Әуесханов өз сөзінде ел дамуындағы Астананың орнына тоқтала келе, әлеуметтік қызмет көрсету саласының маңыздылығына ерекше назар аударды. Ол орталық қызметкерлерінің қоғам үшін атқарып отырған адал еңбегін жоғары бағалап, кәсіби шеберліктері мен жауапкершіліктеріне ризашылығын білдірді. Мерекелік іс-шара аясында мекеменің бірқатар қызметкерлері салалық кәсіподақтың марапаттарымен марапатталды. Тарқатсақ, «Еңбек озаты» төсбелгісі – мекеменің күтушісі Жұмабаева Гүлстан Арылқызына табысталды. Бұл марапат – еңбектің қадірін білген, адал қызметімен көзге түскен маманға деген шынайы құрметтің белгісі. «Құрмет грамотасымен» күтуші Нуридинова Ұлданай Мұхамеджанқызы марапатталды. Оның еңбекқорлығы мен ұжымға қосқан үлесі кәсіподақ тарапынан жоғары бағаланды. «Алғыс хат» бақылаушы-санитар Шыналиев Біржан Шерниязұлына берілді. Оның ұйымдағы жауапты қызметі мен кәсіби біліктілігі ұжым ішінде ғана емес, қалалық деңгейде де мойындалды. Шара соңында қатысушыларға арналған мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әсем әндер мен күмбірлеген күй, патриоттық рухтағы қойылымдар шараға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қызмет алушылар мен ұжым мүшелері ұлттық және заманауи өнер туындыларын бірге тамашалап, ризашылықтарын білдірді.

Аталмыш шара – тек мерекелік басқосу ғана емес, ұжым ішіндегі ауызбіршілік пен ұйымшылдықты нығайтудың жарқын үлгісі. Әлеуметтік мекемеде жұмыс істеу – үлкен жүрек пен сабырды талап ететін жұмыс. Ал ондай ортада кәсіподақ ұйымының жүйелі жұмысы мен рухани қолдауы ерекше рөл атқарады. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы тарапынан осындай ынталандыру шараларының жиі өткізілуі – әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегіне деген құрметтің айқын белгісі.