ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ел көлемінде өтіп жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы мүшелік ұйымдармен жүйелі кездесулер өткізуді жалғастыруда. Бұл жолы мазмұнды әрі маңызды басқосу Шымкент қаласының жастар ісі және ішкі саясат басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығында» өтті.
Кәсіподақ мүшелерімен кездесуге «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов және орталықтың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Дінмұхамед Қанатұлы қатысты. Кездесу барысында Серік Әуесханов «Қызмет» салалық кәсіподағының XII-съезінде қабылданған шешімдерге кеңінен тоқталып, съезд аясында бекітілген 2025–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Бағдарламада еңбек адамының құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілік, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, жастар саясаты мен гендерлік теңдік секілді салалық кәсіподақтың басым бағыттары нақты белгіленгені айтылды. Жиынға қатысушылар съезд шешімдерінің маңызын жоғары бағалап, кәсіподақтың алдағы жұмысына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұл ашық диалог кәсіподақ пен бастауыш ұйым арасындағы сенімді байланысты одан әрі нығайтатыны анық. Кездесу соңында Астана күніне орай орталық ұжымы кәсіподақ тарапынан шынайы құттықтаулар мен марапаттарға ие болды. Серік Әуесханов мерекенің ел үшін символдық мәні бар екенін атап өтіп, жастармен жұмыс істейтін ұжымның ел болашағы үшін атқарып жатқан қызметін ерекше атап өтті.
Кәсіподақтың қоғамдық жұмысына белсене араласып, өз қызметін адал атқарып жүрген бірқатар қызметкерлер «Қызмет» салалық кәсіподағының арнайы наградаларымен марапатталды. Тарқатсақ, «Еңбек озаты» төсбелгісі – шаруашылық бөлімінің күзетшісі Қыстаубаев Бегімхан Темірханұлына табысталды. Ұжымның қауіпсіздігі мен тәртібіне жауапты қызметкердің еңбегі лайықты бағасын алды. «Құрмет грамотасы» – қызметтік үй тазалығына жауапты, шаруашылық бөлімінің қызметкері Қамысбаева Мақтагүл Мұратқызына берілді. Ол еңбек тәртібіне адалдығымен, ұжымға деген жауапкершілігімен танылған. «Алғыс хаттармен» келесі мамандар марапатталды — жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмыс бөлімінің инспекторы Төребек Әсел Жаңабайқызы, аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің инспекторы Алайдар Мөлдір Еркінбекқызы, талдау, мониторинг және әлеуметтік зерттеу бөлімінің инспекторы Нұржанова Венера Жақсыбекқызы. Бұл марапаттар – әр қызметкердің кәсібилігі мен қоғамдық белсенділігінің айқын дәлелі. «Жастар ресурстық орталығы» – қала жастарына бағыт-бағдар беріп, олардың белсенді азамат болып қалыптасуына үлес қосып отырған маңызды мекеме. Ал ондағы кәсіподақ ұйымының белсенділігі – жастар саясаты мен еңбек құқығын ұштастыратын тиімді алаң болып отыр. Осындай кездесулер арқылы кәсіподақ ұйымы жас мамандармен ерте байланыс орнатып, оларды құқықтық сауаттылыққа, қоғамдық белсенділікке баулып келеді. Бұл – кәсіподақтың болашаққа бағытталған салиқалы саясатының нақты көрінісі.