ТҰРҒЫН ТІЛЕГІ НАҚТЫ ІСПЕН ОРЫНДАЛДЫ

Қалалық әкімдік пен тұрғындар арасындағы тиімді кері байланыс қоғам мүддесіне жұмыс істеудің басты өлшеміне айналып келеді. Бұл тұрғыда Шымкент қаласында өтіп жатқан әкімнің көшпелі кездесулері – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Осындай кездесулердің бірінде, нақты айтқанда, Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен болған жүздесуде Сасбұқаев көшесіне аяқжол салу туралы өзекті мәселе көтерілді.
Бұл ұсыныс сол мезетте қала әкімі тарапынан қолдау тауып, шұғыл түрде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырма берілді. Қала басшысының бастамасымен көтерілген мәселе уақыт оздырмай шешімін тапты. Сасбұқаев көшесі – Әл-Фараби ауданының тұрғындары жиі пайдаланатын, бірақ ұзақ уақыт бойы жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымнан кенде қалып келген көшелердің бірі болатын. Мұнда балалар мен егде жастағы адамдардың жол бойымен жүруі – қауіптің нақты көзіне айналған. Сондықтан да бұл мәселе тұрғындар үшін аса маңызды еді. Жаңа аяқжолдың салынуы – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, жалпы қалалық инфрақұрылымның жақсаруына қосылған үлес. Аяқжол сапалы материалмен төселіп, заманауи стандарттарға сай жасалды. Енді тұрғындар жайлы әрі қауіпсіз жолмен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие. Аяқжолмен қатар ирригациялық арық жүйесінің де орнатылуы – қалалық экология мен көше тазалығы үшін маңызды шешім болды. Бұрын жауын-шашын немесе суару кезінде көшеде су жиналып, лай мен батпақ түзіліп, жүргіншілерге қолайсыздық тудыратын. Енді арнайы арық арқылы артық су ағып, көше бойында тәртіп пен көркемдік сақталады. Ирригациялық жүйе тек инженерлік жоба ретінде емес, жалпы қаланың тазалығы мен көрінісін жақсартатын мәдениеттің бір көрінісі іспетті.
Бұл жағдай – қала әкімдігінің «тыңдадық – шешім қабылдадық – орындадық» деген қағидамен жұмыс істейтінін көрсетеді. Көшпелі кездесуде айтылған әрбір ұсыныс, шағым немесе талап – жай ғана сөз күйінде қалмай, нақты іс-шаралар жоспарына енгізіліп, жүзеге асырылып отыр. Бұл – халық сенімін арттыратын маңызды қадам. Сасбұқаев көшесіне қатысты мәселе – мұның айқын дәлелі. Тұрғындар өтініші ескеріліп, қысқа мерзім ішінде қажетті инфрақұрылым қалпына келтірілді. Енді тұрғындар бұл аумақта еркін әрі қауіпсіз жүре алады. Сасбұқаев көшесіне аяқжол мен арық жүйесінің орнатылуы – Шымкент қаласы әкімдігінің халықпен тікелей жұмыс істеуге дайын, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары басқару моделін қалыптастырып отырғанының айғағы. Әкімдік тек ірі жобаларға ғана емес, қарапайым тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларға да ерекше назар аударып отыр. Осы секілді нақты істер арқылы билік пен халық арасындағы сенім нығайып, ел болашағына деген үміт артады. Бұл бастама – бір көшенің ғана емес, бүтін бір қаланың даму бағытының, өркениетті қала болуға ұмтылудың көрінісі.