Қазақстанда Қазақ ұлты ғана тұрады, қалғаны диаспоралар!
Қазір бір кездері Кеңес Одағының шекпенінен шыққан қай елге көз салсаңыз да барлығында ұлттық өрлеу жүріп жатыр. Әсіресе іргелес Ресейдің жөні бөлек. Бұлар «батыстық демократияны» басы бүтін қабылдамай, өзіндік дербес жолға түсіп, орыс ұлтшылдығын әспеттеуге көшті. Онда да Путин айтқандай «жақсы мағынасында». Себебі Ресей өзіндегі этникалық ерекшелік пен мемлекеттің федерациялық құрылымын ескере отырып, мұндай бастаманың әсіреұлтшылдыққа (ультранацизм) ұласып кетпеуін қадағалауға мәжбүр. Қазірдің өзінде ұлтшылдарға көрсетілген қолдаудың күштілігінен Ресейде ультранацистік бағыттағы көптеген қозғалыс қалыптасты.
Скинхедтер солардың бірі. Алайда кейінгі кездері олардың әрекетін бақылауға алып, басбұзарларын бұғаулау арқылы ондағы билік ұлтшылдықтың мұндай түрін қаламайтынын білдірді. Бұл мемлекеттің тұтастығына қауіпті. «Ресей орыстар үшін» деп ұрандататын, амбициясынан арыны ойлай алмайтын «тақырбастар» империяда өздерінен басқа да халықтардың тұратынын ұғынғысы келмейді. Олардың мұндай әрекеті «Біртұтас Ресейде» ұлт араздығын қоздырып жіберуі мүмкін. Оның арты енді ес жия бастаған империя іргесінің сөгілуіне әкеліп соғады. Бұл билікке керек емес. Оған керегі тек әрбір орыстың санасын дүбәралықтан тазалап, ондағы империялық мұратты ояту ғана. Ұлттық кембағалдықтан (неполноценность) арылып, орысқа жәй орыс емес, «Ұлы орыс» екенін ұқтыру.
Бажайлай қарасақ, қазір Ресей осы тұрғыдағы көздеген мақсатына жетіп қалды. Қазақстандағы жағдай бұлармен салыстыруға келмейді. Бізде мемлекет құраушы ұлт өз жерінде жасып отыр. Ең құрығанда, қалт-құлт еткен орысқа қазақша тіл қатып, қазақша жауап ала алмайтынымыз жанымызға батады. «Не понимаю» десе болды, тіліміз келмесе де ойымыздағыны орысқа орысша жеткізбек болып әлектенеміз. Осындай кембағалдық Қазақ баласын күнде жасытады. Ең өкініштісі, өз елімізде тұрып, өзгеден қазақша жауап беруді талап ете алмайтын шарасыздыққа етіміз үйреніп барады. Яғни ұлт, бір кездері төзе алмайтын, көне алмайтын нәрселерге көнгіш болып кетті. Осының әсерінен ұлтымыздың бойында «Немқұрайлылық» деп аталатын өз тағдырына жауапсыз қарайтын жаман қасиеттер қалыптасып барады. Бір кездері «басынан сөз асырмайтын» Қазақ баласы «басын арашалап қалуды» абырой көретін күйге түсті. Ұлтты мұндай тоқыраудан алып шығып, Қазақтың өршіл рухын оятатын бір ғана жол бар, Ол- ұлтшыл азаматтарға Ресейдегідей жан-жақты қолдау білдіріп, мемлекетте «қазақыландыру» процесін бастау.
Тек осындай қадаммен ғана республикадағы көп диаспораның бірі болуға «көніп» қалған ұлттық рухқа қайта серпін бере аламыз. Ұлттық мүддені түгендеуге қазірден бастап кірісуіміз керек. Осылай етсек қана алдағы он жылдықта билік басына келетін келесі толқынның бойына азда болса ұлтжандылықтың ұрығын себер едік.
Алайда, Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл толса да мемлекеттік тұрғыда әлі ұлтты ұйыстыруға бағытталған шаралар қолға алынбай отыр. Кез-келген елдігін сақтауды көздеген мемлекет алдымен ұлттық (идентичность) біртектілігін қалыптастыруға ұмтылады. Мұны әлемдік тәжірибеден байқауға болады. Мемлекет ішіндегі ұсақ этникалық топтар мен диаспораларды мемлекет құраушы ұлттың аясына біріктіріп, ұлыстан ынтымағы күшті патшалық жасауға ұмтылу адамзат тарихында ежелден бар құбылыс. Қазақтың «Бөлінгенді бөрі жейді» деген нақылы да бастапқыда елдің тұтастығын ойлағаннан туған болатын. Қазақстандағы қазіргі жағдай бұларға мүлде кереғар бағытта дамуда. Мәселен бізде ұлтты (Қазақстандықтарды) біріктіруге емес, өзара жіктеуге бағытталған саясат жүргізіледі. Ұлттық мүдде мен Ұлттық саясаттың қыр-сырынан хабары жоқ шолақ белсенді-шенеуніктердің әрекеті еріксіз осындай ойға жетелейді. Мінберден сөз бастап, көсемсіп жүрген көкелеріміздің ауызынан «Қазақстанда жүзден астам ұлт» тұрады дегенді естігенде, олардың кейде не сөйлеп тұрғанына мән беруге уақыты жетпей ме деген ойда қаласың. Себебі мемлекет халқын бұлайша ұлтына қарай бөлу – бүлікшілдіктің, қазіргі тілмен айтсақ. экстремизмнің нағыз өзі. Жіктелу ешқашан жақсылыққа апармайды. Ал бұлай сөз саптау саяси қателік.
Себебі, Қазақстан жүздеген ұлт тұратын федерация, я болмаса құрама штаттар емес, унитарлық мемлекет. Біздің құрамымызда Ресейдегідей автономиялар жоқ. Біз мемлекет құраушы ұлт Қазақ деген бір ғана халық тұратын біртұтас мемлекетпіз. Сондықтан елімізді мекендеген орыс, татар, түріктерді «орыс халқы», «татар халқы», «түрік халқы» деп емес, еліміздегі этникалық топтар деп атағанымыз жөн. Мәселен орыс халқы Ресейде тұрады. Қазақстандағылары диаспоралар. Бір халық қатарынан екі мемлекетте өмір сүре алмайды. Кейде қазақстандық ұлт немесе Қазақстандағы халықтар деп сөйлеуге құмарлардың сөз саптасынан Америка немесе Ресейге еліктегісі келетіндік аңғарылады. Егер осы елдердің тәжірибесіне көз салсаңыз, бұларда ешқашан өздерін ұлтына қарай жіктемейді. Керісінше, Америкалық ұлт деген атауға ұйысуға тырысады. Саясаттары да бөлінуге емес, бірігуге бағытталған. Федерация болғанымен, Ресейде ұлттық бірыңғайлыққа ұмтылады, құрамындағы мемлекеттерді орыстандыруға талпынатыны да осы империя іргесінің сөгілмеуін ойлаудан туған амал.
Біздегі аталған кемшіліктер әу баста билікке уызына жарымаған дүбәра шенеуніктерді отырғызудан басталды. Әйтпесе Қазақ мемлекетінің бабалар салып кеткен өз жолы бар болатын. Біз Орталық Азиядағы Алаш жұртына жөн сілтейтін мемлекет болуға тиіс едік. Қазақ тарихының өн бойына көз жіберсеңіз, Қасымнан бастап Абылайға дейінге хандар тек Қазақ елінің ғана емес, Алаш жұртының қамын ойлаған. Біз алдымен орысша ойлап, сосын қазақша сөйлеуге тырысатын, дәстүрдің озығы мен тозығын саралай алмайтын дүбәра шенеуніктердің арқасында осы ұлы мұраттан, ұлы миссиядан көз жазып қалдық. Ал жоғалғанды жөнге келтіру қашанда қиын.
Жолымбет МӘКІШЕВ,
Алматы қаласы.