Өзге ұлттарға қазақ тілін қалай үйретеміз?

236
0

Ұлт қайраткері Ж. Аймауытов айтқандай: «Сабақ беру — үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер». Әр пән күнделікті кездесетін құбылыстарға өзінше түсінік береді және сол құбылыстарды айқындай түсуге көмектеседі. Білім мекемелерінде оқытылатын пәндер арасында қазақ тілі пәнінің алатын орны ерекше. Қазақ тілі өте бай тіл. Дегенмен де, бір жағынан өте күрделі тіл. Себебі, бір сөзінің өзі сан алуан мағынаны білдіруі мүмкін. Өзге ұлт өкілдерін оқыту барысында ұстаздың оқушыларға осыны түсіндіруде көп қиындықтарға тап болатындығы анық.
Қазіргі таңда оқу мекемелерінде қазақ тілін оқыту басты мақсаттардың бірі болып отыр. Оқыту әдістерінде әр түрлі жаңа технологиялардың пайдаланылып жатқаны белгілі. Қазақ тілі сабағында ақпараттық технологияларды пайдаланудың басты мақсаты оқушылардың сөздік қорын байыту, сонымен қатар сауатты жаза білуге баулу болып табылады. Сол себептен барлық ұстаздар білім берудің жаңа тәсілдерін білуге міндетті. Қазақ тілін оқытуда қолданылатын басты ақпараттық технологиялар интерактивтік тақта, теледидар, электронды оқулықтар болып табылады. Өзім жұмыс жасап жүрген Шымкент қаласындағы №23 З. Космодемьянская атындағы мектеп-лицейінде қазақ тілінде ақпараттық технологияларды пайдаланып оқытуға барлық жағдай жасалған. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқытуда осы жетістіктерді пайдалану оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Мысалы: орыс тілінде оқытылатын 3 «л» — сыныбында «Нәтиже сабақ» деген тақырып бойынша интерактивті тақтаны және теледидарды, электронды оқулықты пайдаландым. Интерактивті тақта арқылы тапсырмаларды орындатып, электронды оқулықтар арқылы өтілген сабақтар бойынша сұрақтар қойдым. Ашық сабақ барысында қазақ халқының әдемі күйлері ойнап тұрды. «Күй не үшін керек?» — деп сұрауыңыз мүмкін. Ұстаз тек қана білім беріп қана қоймай, сонымен қатар шәкіртті әсемдікке, сезімталдыққа баулып, өнерді сүйетін адам ретінде тәрбиелей білу керек. Осы ойды жүзеге асыру барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздім.
Біріншіден, балалардың сабаққа деген қызығушылығы оянды. Екіншіден, сөйлесім, жазылым, тыңдалым әрекеттерін дамытты. Үшіншіден, интерактивті тақтадағы суреттер арқылы сөздерді тез жаттап алды. Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағында ақпараттық технологияларды пайдалану оқушылардың тіл байлығын дамытады, еркін ойлауға мүмкіндік береді. Біздің де мақсатымыз – өзге ұлттарды қазақ тілінде сөйлету.

Айгерім  Пернебаева,
№23 З. Космодемьянская атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.