ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ ЕКІ ШАҒЫН АУДАНҒА ТАБИҒИ ГАЗ ЖЕТКІЗІЛДІ

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жалғасуы – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың көрінісі. Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптарында табиғи газға қосу рәсіміне қатысып, тұрғындармен қуанышты сәтті бөлісті.
Бұл жобаның бастамасы өткен жылдың тамыз айында тұрғындармен өткен көшпелі кездесулерде көтерілген мәселеден бастау алған. Яғни, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асқан мысалы. Өйткені тұрғындар өтінішін тікелей айтып, жергілікті билік оны ескеріп, қысқа мерзім ішінде шешім қабылдап, инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде Жұлдыз шағын ауданында 834, ал Жалын шағынауданында 566 абонент орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды. Бұл – жалпы 33 шақырымнан астам газ құбырының тартылуы арқылы мүмкін болды. Газға қосылу тек тұрмыстық қолайлылықты арттырумен шектелмей, экологиялық тұрғыдан да тиімді, сондай-ақ тұрғындардың жылу және тамақ дайындау шығындарын едәуір азайтады. Қала әкімі мердігерлердің сапалы және мерзімінде жұмыс атқарғанын атап өтіп, алғыс білдірді. Бұл да мемлекеттік жобалардың тиімді орындалуы үшін атқарушы органдар мен мердігерлер арасындағы жауапкершілік пен өзара сенімнің маңызын айқындайды. Айта кетерлік жайт, газға қосылу үшін тұрғындар техникалық шарттарды алу мақсатында өтініш беруі керек. Бұл рәсімді заманауи цифрлық платформалар арқылы – «eGov Mobile» қосымшасы немесе egov.kz порталы арқылы онлайн түрде орындауға болады. Бұл қадам мемлекеттік қызметтерді халыққа барынша қолжетімді етіп, бюрократиялық кедергілерді азайтады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тек қоғамдық пікірді тыңдау ғана емес, сонымен қатар айтылған мәселені дер кезінде шешу, нақты нәтижеге қол жеткізу дегенді білдіреді. Жұлдыз бен Жалын тұрғын алаптарындағы бұл жоба – осы қағиданың сәтті іске асқан мысалы. Тұрғындар өз өтініштерінің ескеріліп, қысқа уақыт ішінде орындалғанын көріп, мемлекетке деген сенімі артады. Шымкентте атқарылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар тек бір аудан немесе шағын аудан үшін емес, қала дамуының жалпы стратегиясында маңызды орын алады. Бұл тәжірибе өзге аудандарда да қолданыс тауып, инженерлік желілерге қолжетімділікті арттыруға септігін тигізеді. Осылайша, тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың нақты сұранысына жауап беру – заманауи басқарудың басты қағидасына айналуда. Ал Жұлдыз бен Жалындағы газдандыру жұмыстары – осы қағиданың өміршеңдігін дәлелдейтін жарқын мысал.