ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ТІЛДЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Қазақстан халқының тілдері күні – ел бірлігін, ұлтаралық татулықты және рухани құндылықтарды дәріптейтін ерекше мерекелердің бірі. Бұл күнде тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың болмысы мен мәдениетінің айнасы екендігі айқын сезіледі. Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде өткен «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік іс-шара да осы ойды тереңдете түсті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы қатысып, көпшілікті құттықтап, тілге деген құрметтің әрқашан жоғары тұратынын атап өтті.
Мерекелік шара барысында тіл саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан азаматтарға қала әкімінің алғыс хаттары табысталды. Бұл – тіл жанашырларының еңбегіне берілген лайықты баға әрі болашақ ұрпаққа өнеге. Тіл мерекесі тек ресми сипаттағы жиналыс қана емес, рухани байлықты дәріптейтін мәдени іс-шараға ұласты. Алдымен тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, одан кейін «Самғау» би ансамблі көпшілікке әсем өнерін тарту етті. Ұлттық өнеріміздің көрінісі ретінде домбыраның қоңыр үні, халық әндері мен патриоттық туындылар орындалып, жас өнерпаздардың орындауындағы шығармалар көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл кеш қазақ өнерінің қуатын сездіріп қана қоймай, тілдің мәдениетпен тығыз байланыста екенін көрсетті. Іс-шараны ұйымдастырушы «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі елдегі тіл саясатын жүзеге асыруда бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Олардың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, көптілді ортаны қалыптастыру. Жиынға облыс және қала мәслихатының депутаттары, ғалымдар, ұстаздар және тіл жанашырлары қатысып, өз ой-пікірлерін білдірді. Бұл – тіл мерекесінің тек мәдени шара емес, қоғамдық ойды тоғыстыратын алаңға айналғанын көрсетеді.
Сөз алғандардың арасында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері, «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Шойбековтің қатысуы мерекенің мәнін арттыра түсті. Оның ақындық жүрекжарды лебіздері жиналған көпшілікті тебірентті. Сондай-ақ Түркістан облысы мәдениет басқармасының бас маманы Гүлмира Исатай, «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Ерназар Баетов та тілдің қоғамдағы орнына тоқталып, құндылығын айшықтады. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де мерекеге белсенді атсалысып, этностар арасындағы бірлік пен татулықты дәріптеді. Өзбек этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зулпархан Чалданов пен облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, республикалық «Қарашық» газетінің жауапты хатшысы Ілияс Мәжитұлы өз сөздерінде қазақ тілінің болашағына сенім білдіріп, жастарды тілге құрметпен қарауға шақырды. Этнос жастары да қазақ тілінде өлең оқып, өздерінің мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін танытты. Бұл – Қазақстандағы көпұлтты қоғамның ортақ құндылықтарды құрметтейтінін, мемлекеттік тілдің ұлт пен ұлысты біріктіретін басты фактор екенін дәлелдейді. Тілдерді оқыту және дамыту орталығының жұмысына да арнайы тоқталу қажет. 2011 жылдың 22 тамызынан бастап жұмыс істеп келе жатқан бұл мекеме өңір тұрғындарының тілдік құзыреттілігін арттыруға айрықша үлес қосып келеді. Орталықтың басты мақсаты – мемлекеттік тілді меңгертумен қатар, орыс және ағылшын тілдерін оқыту арқылы көптілді ортаны қалыптастыру. Мұнда әр тыңдаушының жас ерекшелігі, білім деңгейі және қажеттіліктері ескеріле отырып, арнайы бағдарламалар жасалады. Бұл – қазақстандық қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі қадам.
Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде тіл білу – әр азаматтың әлеуметтік мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, кәсіби дамуына да жол ашады. Сондықтан осындай орталықтардың жұмысын қолдау, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту өте маңызды. Сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің үлесін арттыру үшін жүйелі саясат жалғаса беруі тиіс. Түркістан қаласында өткен «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты іс-шара – тек мерекелік жиын ғана емес, тілдің қоғамдағы рөлін айқындайтын, оның болашағына сенім ұялататын маңызды мәдени оқиға болды. Бұл кеште тіл мен өнер, ғылым мен қоғам бір арнада тоғысып, ортақ құндылыққа айналды. Қорытындылай келе, тіл – ұлттың ғұмыры, рухани тірегі. Оны ардақтау – әрбір азаматтың парызы. Мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу арқылы біз елдің болашағына үлес қосамыз. Түркістандағы мерекелік шара осы ойды тағы да айқын дәлелдеп, жас ұрпаққа өнеге бола білді. Ұлттық болмысымызды сақтап, бірлігімізді арттырудың ең тиімді жолы – мемлекеттік тілді ұлықтау екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.