ЦИФРЛАНДЫРУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қазақстанда цифрландыру мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында инфрақұрылымдық жобалардың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтіп, билік құрылымдары цифрлық тәсілдерді кеңінен қолдануы тиіс екенін нақты тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында айтарлықтай нәтижелер беріп отыр.

Жуырда Шымкент қаласы әкімдігі мен «Қазпошта» АҚ арасында «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылды. Жоба аясында инфрақұрылымды бақылаудың орталықтандырылған жүйесін құру, дрондарды пайдалану, қауіпсіздік процестерін автоматтандыру, экологиялық жағдайды бақылау және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету мүмкіндіктері қарастырылған. Мұндай бастамалар мегаполистің дамуына жаңа қарқын беріп, тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтпек. Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру саласында да айтарлықтай ілгерілеу байқалады. «Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы» көрсеткішінің «Ақпараттық технологияларды қолдану» бағыты 2022 жылы 46%-ды құраса, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 85%-ға жеткен. Ал «Ақылды қалалар» эталондық стандарты бойынша нәтиже 55%-дан 76%-ға дейін өскен. Бұл сандар Smart city қағидаттарының тиімді енгізіліп жатқанын көрсетеді. Цифрландырудың нәтижелері ең алдымен әлеуметтік салаларда көрініс тауып отыр. Білім беру жүйесінде №65 мектеп-гимназиясында Alaqan биометриялық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. 6 ай ішінде оқушылардың 99%-ы тіркеліп, мектепке кіру, шығу және тамақтану процесі автоматтандырылды. Бұл жоба оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтуды нақтылап, бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Осындай тәжірибе кейін басқа оқу орындарына да енгізілмек.

Экология саласында да заманауи тәсілдер қолданылып жатыр. Қоқыс алаңдарын цифрландыру жобасы аясында бейнебақылау мен QR-код жүйесі енгізілді. Мәселен, Желтоқсан көшесіндегі №88 қоқыс алаңшасында жарты жыл ішінде жүйе 52 мәрте толуды, 164 заңсыз автотұрақты және 1 өрт оқиғасын тіркеген. Бұл тұрғындардың белсенді қатысуын арттырып, қалалық инфрақұрылымды басқаруды тиімдірек етті. Медицинада да жаңа қадамдар бар. №2 қалалық емханада «HR-process» бұлтты жүйесі енгізіліп, кадрлық құжат айналымы автоматтандырылды. 7 ай ішінде 403 қызметкер тіркеліп, жұмыс уақыты мен тәртібі бақылауға алынды. Бұл қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға және емхана жұмысының тиімділігін күшейтуге ықпал етті. Сонымен қатар, «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде «Цифрлық комплаенс ассистент» платформасы енгізілді. Жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін саралап, парасаттылық мәдениетін нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде 63 тәуекел айқындалып, 84 ұсыныс жасалды, олардың бірқатары іс жүзінде жүзеге асты. Бұл – цифрлық технологиялардың ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудегі нақты пайдасын дәлелдейді. Жалпы алғанда, Шымкент қаласындағы цифрландыру бастамалары мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруде. Инфрақұрылымдық жобалардың ашықтығы артып, білім беру, денсаулық сақтау, экология және энергетика салаларында заманауи шешімдер енгізілуде. Мұның барлығы тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.