КЕЗЕКТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА САПАСЫЗ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру — мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте халықтың нақты мәселелерін дер кезінде шешу және тұрғындардың өтініштерін назардан тыс қалдырмау саяси партиялардың жауапкершілігі мен беделін айқындайды. «AMANAT» партиясы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып жүрген қоғамдық қабылдаулар азаматтардың өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге нақты мүмкіндік беріп отыр.
Шымкент қаласында өткен кезекті қабылдауда мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Мұратәлі Қалмұратов тұрғындармен кездесіп, олардың жеке өтініштерін тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік қолдау мен тұрғын үй сапасына қатысты болды. Мәселен, Тұран шағын ауданының тұрғыны мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтерге ие болғанымен, үйдің сапасына көңілі толмайтынын айтты. Ол бұл туралы бірнеше рет аудандық әкімдікке шағымданғанымен, мәселе шешілмегенін жеткізді. Бұл жағдай көпшілік үшін таныс көрініс: әлеуметтік бағдарламалар арқылы салынған кейбір үйлерде құрылыс сапасының төмендігі жиі сынға ұшырайды. Мұндай түйткілдер мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін төмендетіп, азаматтардың сеніміне нұқсан келтіреді. Мұратәлі Қалмұратов тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, бұл мәселенің түпкілікті шешімі сот арқылы қаралуы тиіс екенін түсіндірді. Бұл — заң үстемдігін қамтамасыз етудің нақты көрінісі. Яғни, партия өкілдері тұрғындарға тек уәде беріп қоймай, құқықтық тұрғыдан дұрыс бағыт ұсынады. Мұндай тәсіл азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, өз мүддесін заң аясында қорғауға үйретеді. Қабылдау барысында тұрмысы төмен және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да көмек сұрап келді. Халық қалаулысы олардың жағдайына бейжай қарамай, жеке қаражаты есебінен бір реттік қаржылай көмек көрсетті. Бұл әрекет тек материалдық емес, рухани қолдау ретінде де маңызды. Себебі депутат пен партияның мұндай адамгершілік қадамдары халықтың сенімін нығайтады. Сонымен қатар, азаматтар үй кезегіне тұру мен жер телімін алу мәселелерін көтерді. Бұл бағыттағы сұрақтар да қоғамда кеңінен талқыланатын өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. Депутат барлық өтініштерге заң тұрғысынан нақты түсініктеме беріп, қажетті кеңес ұсынды.
Жалпы алғанда, қоғамдық қабылдаулар – билік пен халық арасындағы тікелей байланыстың тиімді тетігі. Бұл формат тұрғындарға өз мәселесін ашық айтуға, ал депутаттар мен партия өкілдеріне нақты жағдайды көзімен көруге мүмкіндік береді. Мұндай диалог қоғамда сенім мен өзара түсіністікті нығайтады. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамалары осы бағытта жүйелі жалғасып келеді. Қабылдау барысында тіркелген әрбір өтініш партиялық бақылауға алынып, тиісті органдарға жолданады. Бұл — партияның халық алдындағы жауапкершілігін және нақты іспен нәтижеге ұмтылысын көрсететін айқын дәлел.