ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Алина Дубинина азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Бұл шараның басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік және құқықтық сипаттағы өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыс тиімділігін арттыру болып табылады.
Қабылдау барысында тұрғындар негізінен әлеуметтік және тұрмыстық сипаттағы өтініштерін жеткізді. Олардың арасында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар да болды. Тұрғындар көше атауын өзгерту, шипажайға жолдама алу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тұрғын үй кезегіне тұру, жер алу мәселелерін қозғады. Сонымен қатар отбасылық және құқықтық сипаттағы өтініштер де аз болған жоқ. Депутат әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, мәселенің мән-жайына үңілді. Тұрғындар көтерген кейбір мәселелер сол сәтте-ақ шешімін тапты. Мысалы, зейнеткер азаматтың өтініші бойынша шипажайға жолдама алу үшін тиісті ұйымдармен байланыс орнатылып, оны кезекке тұрғызу жұмыстары жүргізілді. Ал мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға демеушілер мен депутаттың жеке қолдауымен дәрі-дәрмек пен қаржылай көмек көрсетілді. Қабылдау барысында әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға заң аясында нақты түсіндірмелер берілді. Әсіресе тұрғын үй алу және әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтарға толыққанды жауаптар ұсынылды. Депутат азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беріп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кеңестер ұсынды. Алина Дубинина тұрғындармен ашық диалог орнатып, әрбір өтініштің назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың көтерген мәселелері бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасалып, тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар ол партияның басты мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, әлеуметтік әділеттілік орнату және қоғамдағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу екенін айтты. Депутаттың пікірінше, мұндай қабылдаулар халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін түсінуіне сеп болады. Әрбір тұрғынның дауысы естіліп, оның мәселесіне назар аударылуы – партия қызметінің басты қағидасы.
Қабылдау соңында Алина Дубинина тұрғындарға белсенді азаматтық ұстаным танытқаны үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Партия тарапынан көрсетілетін қолдау тек материалдық көмекпен шектелмей, ең алдымен азаматтардың мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталатынын айтты. Осылайша, «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында өткен қабылдау – азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, олардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.



