ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ЖАЙЫ ТАРҚАТЫЛДЫ

Қазіргі таңда елімізде азаматтардың өтініштерін тікелей қабылдап, олардың мәселелерін жедел шешуге бағытталған қоғамдық қабылдау жүйесі мемлекеттік басқарудың маңызды бөлігіне айналып отыр. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы ерекше белсенділік танытып, ел тұрғындарының нақты проблемаларын шешуде тиімді диалог алаңына айналды.

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы филиалының «Құқықтық көмек» жобасы аясында қалалық мәслихат депутаты, фракция жетекшісінің орынбасары және партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Талғат Балтабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың әлеуметтік, медициналық және жер қатынастарына байланысты өзекті өтініштері тыңдалды. Мұндай қабылдаулардың ерекшелігі – әрбір азаматтың мәселесіне жекелей назар аударылып, заң аясында нақты кеңес пен қолдау көрсетілуінде. Талғат Балтабаевтың қатысуымен өткен кездесуде тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Бұл өз кезегінде халықтың құқықтық сауатын арттырумен қатар, әлеуметтік көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып отыр. Қабылдау нәтижесінде бірнеше мәселе оң шешімін тапты. Соның бірі – жалғызбасты ана Балдакүл Цецхладзенің өтініші. Ол тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, қажетті әлеуметтік қолдауға ие болды. Азаматшаның айтуынша, партия тарапынан көрсетілген көмек қиын кезеңде үлкен демеу болған. «Қиын жағдайымда қолдау көрсеткені үшін “AMANAT” партиясына және депутатқа үлкен алғыс айтамын. Уақтылы көмек көрсетіп, анамның ем-домына қажет дәрілерді тегін алуға мүмкіндік берді. Осындай қамқорлық көңілге сенім ұялатады», – деді Балдакүл Цецхладзе. Бұл мысал партияның әлеуметтік жауапкершілікті нақты іспен дәлелдеп отырғанының айғағы. Тек сөзбен емес, нақты көмек көрсету арқылы азаматтардың сенімін арттыру – партия жұмысының басты мақсаты болып табылады.

Қоғамдық қабылдау барысында жер телімін рәсімдеу, кәсіпкерлікті дамыту және банктік несиелерге қатысты мәселелер де қаралды. Әрбір өтініш заң аясында талданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта партияның «Құқықтық көмек» жобасы халық пен билік арасындағы тиімді көпір рөлін атқарып келеді. Депутат Талғат Балтабаев өз сөзінде партия жұмысының негізгі басымдығы – азаматтардың нақты мәселелерін жүйелі шешу екенін ерекше атап өтті. «Әрбір тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Партия азаматтардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, олардың мәселелерін нақты шешуге күш салады. Қоғамдық қабылдаулар – халық пен билік арасындағы тікелей байланыс алаңы. Осындай форматтағы кездесулер тұрғындардың сенімін арттырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың қолжетімділігін күшейтеді», – деді ол.