ӨҢІРЛІК ДАМУ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛДІКТІҢ КЕПІЛІ – КӘСІПОДАҚТАР

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ұйымдастыруымен «KISI GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» атты ұлттық сараптамалық алаңы өтті. Бұл алаң елдің өңірлік дамуы, цифрлық трансформация және әлеуметтік тұрақтылық бағытында пікір алмасуға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы ретінде танылды.
Жиынның негізгі тақырыбы – «Қазақстанның тұрақты өңірлік дамуы: цифрлық, экономикалық және әлеуметтік бағдарлар». Іс-шараға мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық пен сарапшылар қатысты. Кездесу барысында өңірлердің теңгерімді дамуы, экономикалық өсімнің жаңа тетіктері, халықтың әл-ауқатын арттыру және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина жиынды ашып, өңірлік даму елдің стратегиялық бағытының маңызды бөлігі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі әлемдегі сын-қатерлер мен жаңа экономикалық трендтер жағдайында өңірлердің тұрақты дамуы мемлекет тұрақтылығының негізгі тірегі болмақ. «Өңірлердің тұрақты дамуы, цифрлық шешімдерді енгізу және өмір сапасын арттыру – елдің жаңа экономикалық серпінінің өзегі», – деді ол өз сөзінде. Кездесу барысында сарапшылар мен қатысушылар өңірлік саясаттағы өзекті мәселелерге тоқталып, тұрақты даму мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің тиімді жолдарын ұсынды. Бұл тұрғыда өңірлердегі кәсіподақ ұйымдарының рөлі ерекше назарға алынды. Іс-шараға қатысқан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің өкілдері еңбек адамдарының мүддесін қорғау мен әлеуметтік серіктестік мәдениетін дамыту бағытындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Кәсіподақтар тек жұмысшылардың құқықтарын қорғаушы институт қана емес, сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті сақтауға ықпал ететін маңызды қоғамдық күш екені атап өтілді.
Пікірталас барысында кәсіподақтардың өңірлік даму процесіндегі әлеуметтік миссиясы кеңінен талқыланды. Қатысушылардың пікірінше, кәсіподақ ұйымдары – әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі серіктесі. Олар мемлекеттік құрылымдармен, жұмыс берушілермен және азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, еңбек нарығындағы әділдік пен теңгерімділікті сақтауға, жұмысшылардың лайықты жалақы алуына және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар, сарапшылар цифрландырудың өңірлік басқарудағы маңыздылығына ерекше тоқталды. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар әлеуметтік саясат пен экономикада тиімді шешімдер қабылдауға, ашықтық пен жедел әрекет ету жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сапасын арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге жол ашады. Кездесу қорытындысында қатысушылар тұрақты дамудың басты тетігі – әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамының еңбегін бағалау екенін атап өтті. Осы тұрғыда кәсіподақ ұйымдарының ел дамуының әлеуметтік және адамдық қырларын қорғаудағы рөлі ерекше.


