ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен бала тәрбиесі мен денсаулығына арналған тағылымды кездесу өтті. «Спорт арқылы бала тәрбиесі: тәртіп, жігер, құрмет» және «Бала гигиенасы – денсаулық кепілі» тақырыптарында өткен жиын жас ұрпақтың тәрбиесінде спорт пен салауатты өмір салтының рөлін талқылауға арналды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналар мен педагогтар арасында балаларды тәртіпке, табандылыққа, өзіне сенімділікке тәрбиелеу және олардың жеке гигиеналық дағдыларын қалыптастырудың маңызын насихаттау. Кездесуге партияның Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, Қазақстан гимнастика федерациясының президенті, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Әлия Юсупова, дәрігер және бала гигиенасы жөніндегі сарапшы Дария Төкқұлыева, сондай-ақ білім беру мен медицина саласының өкілдері қатысты. Жиынды ашқан Наргиза Керімбаева спорттың бала тәрбиесіндегі орны мен оның тұлға қалыптастырудағы әсеріне тоқталды. Ол өз сөзінде: «Бала бойындағы тәртіп пен төзімділік ертеңгі азаматтық ұстанымның бастауы. Спорт тек физикалық дайындық қана емес, ол – ерік-жігер мен мінездің мектебі. Әрбір ата-ана баласының спортқа қызығушылығын арттыруға ерекше мән беруі керек. Себебі спорт баланы еңбекқорлыққа, өз-өзіне сенуге және жауапкершілікке баулиды», – деді. Спорттың бала дамуына әсері жайлы пікірін гимнастика саласының танымал өкілі, олимпиада жүлдегері Әлия Юсупова да ортаға салды. Ол балалардың спортқа ерте жастан бейімделуі олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыратынын айтты: «Бала спортпен айналысқанда, ол өзін жеңуге, мақсат қоюға және нәтижеге жетуге үйренеді. Бұл қасиеттер өмір бойы серік болады. Әр ата-ана баласының спортқа қызығушылығын қолдап отыруы тиіс. Денесі мен ойы шыныққан бала – қоғамның сенімді тірегі. Соңғы жылдары ата-аналар тарапынан спортқа деген оң көзқарас қалыптасып келеді, бұл қоғамдағы жақсы өзгеріс», – деді ол.

Кездесуде балалардың физикалық қана емес, сонымен бірге психологиялық және санитарлық тұрғыдан да сау болуына назар аударылды. Дәрігер, бала гигиенасы жөніндегі сарапшы Дария Төкқұлыева денсаулық сақтау мәдениетін ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде: «Бала денсаулығының негізі – тазалық пен дұрыс дағдыда. Қарапайым қол жуу, тіс тазалау, дұрыс тамақтану сияқты әрекеттер көптеген аурудың алдын алады. Денсаулық – ең үлкен құндылық, сондықтан оны сақтау мәдениетін балаға кішкентайынан үйретуіміз қажет», – деді. Маманның айтуынша, соңғы жылдары балалар арасында инфекциялық және асқазан-ішек ауруларының көбеюі тұрмыстық гигиена ережелерін елемеуден туындайды. Сондықтан ата-аналар мен педагогтар бірлесе отырып, балалардың тазалық мәдениетін үйретуге ерекше көңіл бөлуі тиіс. Іс-шара барысында қатысушылар баланың денсаулығы мен тәрбиесіне байланысты тәжірибелерімен бөлісіп, спорттық секциялар мен мектептердегі гигиеналық тәрбиенің қазіргі жағдайын талқылады. Жиналған қауым өкілдері мұндай кездесулердің қоғамда салауатты өмір салтын дәріптеу және отбасы құндылықтарын нығайту ісінде үлкен рөл атқаратынын атап өтті. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева жиын соңында қатысушыларға алғыс білдіріп, осындай бастамалардың жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Ол балалардың физикалық, рухани және интеллектуалдық дамуы елдің болашағына тікелей әсер ететінін еске салып, әрбір ата-ана мен қоғам мүшесін бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұл кездесу тек ақпараттық сипатта емес, нақты тәрбиелік және әлеуметтік маңызы бар шара болды. Спорт пен гигиенаның үйлесімі – баланың дені сау, тәртіпті әрі жігерлі азамат болып қалыптасуының басты кепілі. Осындай іс-шаралар арқылы қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу мәдениеті одан әрі нығая түспек.