ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ — ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМДІ КӨПІР

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдауды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл жолы қалалық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауды қалалық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы, сондай-ақ Әл-Фараби аудандық партия филиалының төрағасы Наргиза Керимбаева жүргізді.
Қабылдау барысында қала тұрғындары денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту сияқты маңызды мәселелерін көтерді. Әсіресе денсаулық жағдайына байланысты туындаған құқықтық және құжат рәсімдеу қиындықтары ерекше назарға алынды. Қайнарбұлақ елдімекенінің тұрғыны Ж.Қалтаева өз денсаулығына байланысты мүгедектік рәсімдей алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Наргиза Керимбаева азаматаның шағымын мұқият тыңдап, мұндай процестердің нақты заң талаптарымен реттелетінін түсіндірді. Ол қажетті құжаттарды қайта тапсыру тәртібін, медициналық комиссиядан өту жолдарын және дұрыс рәсімдеу үшін қандай құжаттар керектігін егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл — тұрғындар арасында жиі кездестін мәселе болғандықтан, құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын да көрсетті. Қабылдауда әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да көмек сұрап келген. Тұрмыс тауқыметін тартқан бірнеше отбасы әлеуметтік қолдауға мұқтаж екенін жеткізді. Н.Керимбаева олардың жағдайын тыңдап, бір реттік қаржылай көмек көрсетіп, азық-түлік себетін табыс етті. Бұл — партия тарапынан көрсетілген нақты қолдаудың бір көрінісі. Осындай бастапқы көмек көп отбасыға уақытша болса да демеу болатыны анық.
Сонымен бірге, қабылдау барысында бір азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл — қоғамдық қабылдаулардың шынайы нәтижесі мен практикалық тиімділігін көрсететін маңызды жағдай. Жұмыспен қамтуға бағытталған мұндай көмектер көптеген азамат үшін жаңа мүмкіндіктердің бастамасына айналуда. Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындармен тікелей кездесіп, олардың мәселелерін тыңдау — партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Әрбір өтініш бойынша нақты талдау жасалып, тиісті мамандарға жолданады. Қоғамдық қабылдауларда айтылған мәселелердің басым бөлігі дер кезінде шешімін тауып келеді. «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы алдағы уақытта да тұрғындарды қабылдау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету және құқықтық көмек көрсету жұмыстарын жалғастырады. Қоғамдық қабылдау — халық пен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтатын тиімді алаң екені тағы бір мәрте дәлелденді.



