ҚЫЗЫЛЖАР-2 ШАҒЫН АУДАНЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Қызылжар-2 шағынауданында бірнеше жылдан бері қордаланып келген инженерлік инфрақұрылым тапшылығы толық шешімін тапты. Бұл – мемлекет пен тұрғындар арасындағы тиімді диалогтың, халық сұранысына дер кезінде жауап берудің айқын көрінісі. Өңірдегі жағдай Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асқан үлгісі ретінде бағалануда.

Биыл көктемде мегаполис әкімінің Қызылжар-2 тұрғындарымен өткен көшпелі кездесуінде ауыз судың жетіспеушілігі, электр қуатының тұрақсыздығы және табиғи газдың болмауы басты әлеуметтік проблема ретінде көтерілді. Жергілікті халық бұл қиындықтардың күнделікті өмірді күрделендіріп, тұрмыс сапасын төмендетіп отырғанын ашық айтты. Кездесу барысында тұрғындар шағынаудандағы ахуалды егжей-тегжейлі баяндап, жылдар бойы шешілмей келген мәселелерге назар аудартты. Халық пікірін тыңдаған қала әкімі өз тарапынан тиісті сала басшыларына шұғыл тапсырма беріп, инженерлік желілерді жақын арада жеткізуді міндеттеді. Осылайша азаматтардың өтініші құзырлы органдар деңгейінде назарға алынып, нақты іске айналды. Бұл – мемлекеттік басқарудағы жаңа көзқарастың, қоғаммен байланысқа басымдық берудің нәтижесі. 2024 жылдың сәуір айында Қызылжар-2 аумағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы басталды. Жоба Алқап, Ордакент, Нұрлыкент, Сығанақ, Теренөзек және Көлкент көшелерін толық қамтуды мақсат етті. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, ең алдымен тұрғындар үшін аса қажет коммуникациялар – ауыз су, электр желісі және табиғи газ құбыры тартылды. Бұған дейін шағынаудан тұрғындары ауыз суды негізінен тасымалдап пайдаланып келген, ал жарықтың жиі сөнуі үй тұрмысын да, шаруашылықты да қиындатқан еді. Қазіргі таңда жағдай түбегейлі өзгерді. Инженерлік желілердің толық іске қосылуының нәтижесінде 265 үй тұрақты ауыз сумен, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар табиғи газ құбыры жеткізіліп, әр үйді қосу мүмкіндігі жасалды. Бұл тұрғындар үшін ғана емес, шағынауданның жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін зор өзгеріс болды.

Қызылжар-2-дегі инфрақұрылымның жаңаруы – халық көтерген мәселенің уақытында тыңдалып, шешімін табуының нақты мысалы. Мемлекеттік органдардың тұрғындармен ашық диалог жүргізуі, олардың талап-тілектерін назарға алуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының өміршеңдігін дәлелдейді. Бұл тұжырымдама азамат пен билік арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, жергілікті деңгейдегі түйткілдерді шешудің тиімді жолдарын қалыптастырады. Қазіргі таңда Қызылжар-2 тұрғындары жаңа мүмкіндіктерге ие болып, шағынаудандағы тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Тұрақты инфрақұрылымның келуі тұрғындардың әлеуметтік жайлылығын арттырып, болашақта жаңа үйлердің, қызмет көрсету нысандарының салынуына жол ашады. Бұл – халықпен тығыз жұмыс істеудің, олардың пікіріне құлақ асудың нәтижесінде жүзеге асқан игілік.