2026 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН БЮДЖЕТТІК ӨТІНІМДЕР ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласы мәслихатының Бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында 2026-2028 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы талқыланды. Бұл отырыс – қаланың алдағы үш жылдағы экономикалық саясатымен қатар, қоғам алдындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жиын барысында аудан әкімдіктерінің 2026 жылға арналған бюджеттік өтінімдері қаралып, әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша жоспарланған шығындар егжей-тегжейлі сараланды.

Әр аудан әкімдігі өз аумағында атқарылатын жобалар, инфрақұрылымдық қажеттіліктер және оларды қаржыландырудың болжамды құрылымы жөнінде комиссия мүшелеріне есеп берді. Инженерлік жүйелерді жаңарту, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын күшейту, жол жөндеу, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты басым бағыттар назарға алынды. Бұл есептер қаланың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету және қаржының тиімді жұмсалуын бақылау үшін аса маңызды. Талқылау барысында депутаттар бірнеше өзекті мәселелерді көтеріп, аудан әкімдеріне нақты ұсыныстарын жеткізді. Қаржыландыру көлемін қайта қарау, шығын құрылымын оңтайландыру, стратегиялық жобаларға басымдық беру жөнінде ұсыныстар берілді. Кейбір бағыттар бойынша қосымша есептерді ұсыну міндеттелді. Мұндай талаптар атқарушы органдардың жұмысына жауапкершілік жүктеп қана қоймай, шешім қабылдау үдерісінің сапасын арттыруға сеп болады.  Комиссия қорытындысында ұсыныстар пысықталатын, толықтырылатын және келесі отырыста қайта қаралатын болды. Бұл – бюджет жобасының сапалы құрылуына, кемшіліктердің алдын алуға және стратегиялық мақсаттардың нақты айқындалуына ықпал етеді. Қабылданатын шешімдер қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететіндіктен, әрбір ұсыныстың мұқият саралануы – міндетті талап. Осылайша, Шымкент қаласының алдағы жылдарға арналған бюджеті тек қаржы құжаты ғана емес, қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ретінде қалыптасуда.

Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкент қаласы қарқынды дамып келеді. Шаһарда қоғамның барлық саласы ілгерілеп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Әрине, мұның артында салалық басқармалар мен әкімдіктің нақты жұмысы жатыр. Алдағы уақытта да мегаполистің мүмкіндігі артып, көрсеткіштері жоғарыларына сенім мол.