НӨСЕР ЖАУЫН САЛДАРЫ: ШЫҒЫН КӨЛЕМІ АНЫҚТАЛУДА

Күні кеше Кентауда небәрі жарты сағатқа созылған нөсер қаланы «Венецияға» айналдырды. Бірақ мұнда романтика емес, лай су мен шығынның иісі аңқиды. Тұрғындар түн ортасына дейін табалдырықтан аттаған сумен алысты. Жеке үйлердің бірінің қабырғасы қағазша үгіліп, ішіндегі жиһаз бен мүлік лай судың астында қалды.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, апаттың салдарын жоюға 180-ге жуық адам мен арнайы техника жұмылдырылған. Құтқарушылар 2 400 текше метрден астам суды сорып шығарған.
Әкімдік пен коммуналдық қызметтер «күшейтілген режимде» қызмет көрсетті.
Су сору жұмысы барысында 500 қап инертті материал пайдаланылған. Қазір Кентау шаһарында жағдай тұрақты. Су тарту жұмысы аяқталғанымен, жауыннан зардап шеккен тұрғын үйлердегі шығын көлемін есептейтін комиссияның жұмысы енді басталды. Зардап шеккендер жоқ, бірақ зақым келген үйлер мен жүйкесі жұқарған жұрттың жайын билік қалай шешпек?
Айта кетсек, үйлері зақымдалған тұрғындарға заң аясында көмек көрсетіледі.



