ИСЛАМ ИНСТИТУТЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІНЕ КУӘЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

Киелі мекен – Түркістандағы рухани-білім ордасынан алғашқы түлектер шықты. Қазақ елінің рухани астанасында имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған ислам институтында бүгін 20-дан астам имам білімін жетілдіріп шықты. Имамдардың қуанышын бөлісуге Бас мүфтидің өзі келіп, оқығанын растайтын куәліктерін өз қолымен табыстады.
Бәйдібек ауданының имамы Оралбек Қалдыбеков жасы келсе де, ілімге қызығып, алғашқы шәкірттердің қатарына кірген. Бүгін үздік түлектердің көшін бастап тұр.
Республикалық имамдардың білімін жетілдіру институты бір мезетте 90 шәкіртті қабылдай алады. Алдағы уақытта аймақтың ғана емес, республика көлемінде ислам дінінің негіздерін оқытуды ниет етеді.
Оқу ордасы бір жылда 4 рет түлек шығарады. Ислам институты заманауи материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған. Мұнда ұлы ойшыл, сопылық ілімнің негізін қалаған Ахмет Ясауи мұрасы терең зерделеніп, имамдардың діни әрі рухани білімі жүйелі түрде жетілдіріледі.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 745 мешіт пен 1400-ден астам дін қызметкері жұмыс істейді.



