ТҮРКІСТАНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ГҮЛ ХАБЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ӨТТІ

Шығыс пен Батыстың мәдениеті мен экономикасын тоғыстырған киелі Түркістан өңірі бүгінде жаңа ғасырдың серпінді жобаларына жан бітіріп, халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартылыс күшіне айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету және «Бір белдеу – бір жол» бастамасын тиімді іске асыру жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарын жалғастыруда. Бұл жолғы сапардың басты бағыты мен жағымды жаңалығы – көне шаһарды тек туризм мен мәдениеттің ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі гүл индустриясының теңдессіз логистикалық хабына айналдырудың алғышарттарын жасау болды.

Түркістан облысының басшысы Нұралхан Көшеров Қытайдың гүл өсіру өндірісінің жүрегі, жалпы аспанасты еліндегі гүлдердің 80 пайызға жуығын қамтамасыз ететін Юньнань провинциясында болып, Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Лю Цзюньфэнмен маңызды келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту, заманауи агротехнологияларды трансферттеу, инвестиция тарту және экспорттық әлеуетті еселеу мәселелері талқыланды. Бүгінде Азиядағы ең ірі гүл саудасы биржасы шоғырланған Куньминнің озық тәжірибесі мен Түркістанның қолайлы географиялық орналасуы, климаттық артықшылықтары мен мол еңбек ресурстары ұштасса, бұл жобаның қос тарапқа да зор экономикалық табыс әкелері сөзсіз. Келіссөздер барысында облыс әкімі Түркістанның гүл шаруашылығын кластерлік негізде дамытуға сұранып тұрған бірегей өңір екенін дәлелді уәждермен жеткізді. Екі ел арасындағы шекаралық байланыстың беріктігі мен көлік-логистикалық желілердің дамығандығы гүл өнімдерін діттеген жеріне өте қысқа мерзімде, балғын күйінде жеткізуге мүмкіндік береді. Облыс басшысы атап өткендей, Түркістанда гүл көшеттерін өсіретін заманауи жылыжай кешендерін құру және дайын өнімдерді өңдеу арқылы тек ішкі нарықты ғана емес, Орталық Азия мен Еуразиялық одақтың алып нарығын бағындыруға толық негіз бар.

Бұл бастаманың Түркістан үшін негізсіз еместігін өңірдің ауыл шаруашылығындағы зор жетістіктері де растайды. Бүгінде Түркістан облысы – Қазақстандағы жылыжай шаруашылығы бойынша көшбасшы аймақ. Жалпы аумағы 1007 гектарды құрайтын облыс жылыжайлары республикадағы барлық жылыжайлардың 72 пайызына иелік етіп отыр. Мұнда дәстүрлі өнімдермен қатар банан, лимон, құлпынай сияқты субтропикалық дақылдардың өзі табысты өндірілуде. Ең бастысы, өңірде голландиялық технологияларды енгізу арқылы раушан гүлдерін өсіру ісі бұған дейін де жоғары деңгейде жолға қойылған. Сондықтан 2013 жылы құрылып, құрамында 200-ден астам алпауыт компания мен 500-ге жуық ірі кәсіпкердің басын біріктіріп отырған Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасымен әріптестік орнату – осы бағыттағы жұмыстарды жаңа сапалық белеске көтермек. Сапар аясында қазақстандық делегация әлемдегі ең ірі гүл аукциондық орталығы саналатын әйгілі «Доунань» кешенінің тыныс-тіршілігімен де егжей-тегжейлі танысты. Гүл өсіру, сұрыптау, сату және халықаралық нарықтарға жөнелту жұмыстарын бір жерге тоғыстырған бұл алып орталықта күн сайын миллиондаған гүл саудаланып, әлемнің түкпір-түкпіріне тарайды. Сауда процесін барынша жылдам әрі мөлдір ететін заманауи электрондық аукцион жүйесі мен өнімнің балғындығын айлар бойы бұзбай сақтайтын озық логистикалық инфрақұрылым біздің шаруалар үшін үлкен мектеп болды. Бұл кешен тек сауда орны ғана емес, жылына 15 миллионға жуық саяхатшыны тартатын бірегей туристік нысанға айналғаны да Түркістанның туристік концепциясымен үндесіп тұр.

Осы тағылымды кездесу мен тәжірибе алмасудың нақты нәтижесі ретінде Түркістан облысы делегациясының құрамында болған Сарыағаш ауданындағы «AGRO TUR» шаруа қожалығының басшысы Тұрсын Тасқожаев пен қытайлық серіктестер арасында өзара ынтымақтастық туралы маңызды меморандумға қол қойылды. Отандық кәсіпкердің пайымдауынша, гүл сатып алу – халықтың әл-ауқаты мен мәдениетінің, тұрмыс деңгейінің жоғарылағанын көрсететін басты индикаторлардың бірі. Нарықтық зерттеулер де елімізде гүл саудасы мен сұранысының ең жоғары нүктесі осы оңтүстік өңірге тиесілі екенін көрсетеді. Облыс әкімінің Түркістанда орталықтандырылған гүл хабын құру жөніндегі бастамасы Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам өңіріндегі мыңдаған жылыжай иелері мен қарапайым еңбек адамдарына жасалған үлкен қамқорлық.