ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ КЕЛІССӨЗ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету, өңіраралық ықпалдастықты нығайту және экономикалық байланыстарды жаңа сапалық белеске көтеру жөніндегі сыртқы саяси пайымын негізге алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары тарихи маңызы бар, толымды табыстармен жалғасуда. Оңтүстік өңірге тікелей шетелдік капиталды тарту, заманауи озық технологияларды трансферттеу және өңдеу өнеркәсібін әртараптандыру мақсатында ұйымдастырылған бұл сапардың кезекті маңызды бекеті Қытайдың іргелі өнеркәсіптік орталығы – Цзянсу провинциясының Нанкин қаласында өтіп, аймақтағы мұнай-газ химиясы мен энергетика саласының мүлдем жаңа көкжиегін айқындап берді.
Нанкин шаһарында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров әлемдегі жетекші инженерлік және өнеркәсіптік алпауыттардың бірі – «Sinopec Nanjing Engineering» компаниясының бас директоры әрі партия комитеті хатшысының орынбасары У Цзибо және еліміздің мұнай-газ саласындағы белді құрылымы, отандық «САУТС-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейтжановпен үшжақты маңызды келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы аумағында мұнай-газ химиясы, энергетика, өнеркәсіптік инфрақұрылым және жоғары технологиялық өндіріс бағыттарында бірлескен алып кәсіпорын құру мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Бұл бастама қос мемлекет арасындағы стратегиялық достықты бекемдеп қана қоймай, Түркістан топырағында шикізаттық емес секторды дамытудың теңдессіз үлгісін қалыптастыруға жол ашпақ. Басқосуда сөз алған өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің қолайлы географиялық орналасуын, Орталық Азия нарығына шығатын көлік-логистикалық мүмкіндіктерін, арнайы экономикалық аймақтарда инвесторларға ұсынылатын бірегей салықтық және кедендік жеңілдіктерді жан-жақты таныстырды. Өңірде өнеркәсіптік кооперацияны өркендетуге, жаңа зауыттар ашуға және заманауи цифрлық инженерияны енгізуге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірге ірі инвесторларды тартып, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту – біздің негізгі басымдығымыз. Халықаралық деңгейдегі осындай алпауыт серіктестермен бірлесіп жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу – Түркістан экономикасын әртараптандыруға және мыңдаған отандасымыз үшін жаңа жұмыс орындарын құруға зор серпін береді.
Өз кезегінде қытайлық инвесторлар Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық әлеуетіне өте жоғары баға беріп, осы бірлескен жобаны тезірек жүзеге асыруға зор қызығушылық танытып отырғандарын жеткізді. Халықаралық деңгейдегі «Sinopec Nanjing Engineering» компаниясы мұнай өңдеу, мұнай-химия, энергетика, экологиялық технологиялар және цифрлық инженерия салаларындағы өзінің көпжылдық жаһандық тәжірибесі мен озық технологиялық әлеуетін Түркістан өңірінің индустриялық дамуына бағыттауға толықтай дайын екенін мәлімдеді. Салмақты уағдаластықтар барысында тараптар мұнай-химия кешендерін салу, газ өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру, жаңартылатын энергия көздері мен төмен көміртекті технологияларды енгізу сияқты перспективалы жобаларды қарастырды. Мұнымен қоса, жобаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қазақстандық кадрларды даярлау, озық технология трансферті және өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулау мәселелері де сындарлы талқыланды.
Бұл мазмұнды келіссөздердің заңды әрі тарихи нәтижесі ретінде Түркістан облысының әкімдігі, қытайлық «Sinopec Nanjing Engineering» корпорациясы және отандық «САУТС-Ойл» компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі жұмыстарды ресми түрде бастауға және инвестициялық жобаларды егжей-тегжейлі пысықтауға бағытталған маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Оңтүстіктің құнарлы топырағында отандық кәсіпкерлік пен қытайлық алпауыт технологиялық қуаттың бірігуі – аймақ үшін үлкен индустриялық жеңіс. Бұл жасампаз бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың мүлдем жаңа, жоғары технологиялық кезеңін қалыптастырып қана қоймай, Түркістан облысының өнеркәсіптік қуатын еселеп күшейтуге, жүздеген жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының тұрақты әрі баянды дамуына қуатты серпін беретіні анық. Киелі өңірдің индустриялық келбетін өзгертетін бұл тарихи жоба таяу жылдарда өз жемісін беріп, Түркістанның атын жаһандық өнеркәсіп картасында асқақтата түспек.



