Бекназаров әлі отыр «бүлк»демей, әлде «ауыз ашпағаны «айыбын» мойындағаны ма?
Біз ойымызды ортаға салмас бұрын, басылымды басына жастанып оқитын «оқымпаздардың» есіне бір жайды сала кеткіміз келеді. Қазақстанның Ішкі істер министрлігін басқарып тұрған кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Зауытбек Тұрысбеков жөнінде «Жас Алаш» газеті бірнеше сын мақала жазып, оның соңын «…борсықты ұра берсең семіре береді, ал Зауытбек ағамызды сынап жаза берсең қызметте өсе береді, өсе береді» деген не күлетін, не күле алмайтын бір теңеуді келтірген еді. Сол айтпақшы сынға жауап бермейтін, бірақ әзірге өсіп кетпеген бір кейіпкеріміз жайында тағы да бір рет елдің есіне ол кісінің есімін сала кетуді жөн көріп отырмыз. Енді жұмбақтамай, негізгі айтарымызға көшсек…
«Уақыттың» бетінде біраздан бері Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров жөнінде бірнеше мақала жарық көріп, жұртшылық онымен толық танысып, ойларын түйіндеп, пікірлерін айтып та үлгерді. Біздің тілшілеріміздің халық қалап депутат сайлаған Н.Бекназаровта «алты аласы, бес бересісі» жоқ. Тек ол кісінің заңға қайшы әрекетері, басына «тар жол тайғақ кешу» түскенде, қиыннан қиыстырып жол тауып кететіндігі жайында қолда бар мәліметтерге және тиісті құжаттарға сүйеніп, соларды негізгі ала отырып, сыни тұрғыда оны көптің назарына ұсынғанбыз. Бір емес, екі емес, өзінің атына айтылып жатқан сын мақалалар легіне Н.Бекназаров ләм-лим деп үн қатпайды. Сабазың, тіпті селт етпейді. Сезінбейді ме, немесе селт етуге, үн қатуға әлгі мақалалар циклындағы фактілер, дәлелдер салмақ түсіріп, шамасын келтірмей қойды ма, ол жағы енді өзіне мәлім.
Шымкент қалалық мәслихатының сессиясына ұсынылған мәселелердің төңірегіндегі әңгімелер бізге жеткеннен кейін, мәслихаттың хатшысы Н.Бекназаровқа арнайы телефон шалып, әңгіменің ақ-қарасын білу мақсатында телефон шалып, бас редактордың өзі сұхбаттасуға, яғни ашық әңгімеге тартқан еді. Бірақ ешқандай себебін айтпастан, хатшы мырза бұл ұсынысқа «тұз отказ» берді. Амалымыз болмағандықтан, біз құжаттардағы дәлелдерге сүйене отырып, ол кісінің заңға қайшы әрекеттерінің «ішек-қарнын ақтара бастадық».Бірақ бәрібір үнсіздік үнге айналмады. «Баяғы жартас, бір жартас» дағдысынан айнымай әлі тұр.
Нұрлан Бекназаров жөніндегі, яғни оның хатшылық қызметінің «тағдырын шешу» мәселесін сессияның күн тәртібіне қоюдың бастамасын ол кісінің «қол астындағы» 19 депутат сессия төрағасына ұсынып, одан қайыр болмаған соң, іс насырға шауып, «Нұр Отан» ХДП-ның Шымкент қалалық филиалына жетіп, ол жақтан да бұл іске араласу басталып кеткен. Одан бері біраз уақыт өтті. «Тазыдан қашқан түлкідей», түрлі «бұлталаңға» салған хатшы әзірге дейін ойға бір түсіп, қырға бір шығып, «құтылудың күйін» бастан кешіруде.
Мақұл, атына айтылған сынға жауап беру, бермеу, мәселені сессияның күн тәртібіне ендірмеу себебі жөнінде Н.Бекназаров «шикілі-пісілі» бір уәжін күндердің күнінде «креслосында аман-сау» отырса әйтеуір айтар. Бірақ күнде бірге сыйласып, сөз сөйлесіп, қол алысып жүрген қасындағы 19 депутаттың алдында бұл жүдә ұят тірлік болды. Тағы бір ойымызды онға, санамызды санға бөліп, түсіне алмайтын нәрсеміз-хатшы мырза сүттен таза, судан ақ болса айқайлап тұрып, әңгіменің анығы мен қанағын неге айта алмай жүр? Президент басқарып отырған билік партиясының сайлауға дейін «табалдырығын тоздырған» Нұрлан Бекназаров «судан өткен» соң, өткен күнін ұмытып, оны сыйлауды қойғаны қай сасқаны?
«Уақыт» уақытқа үкім жүргізбейді. Хатшының қалтарыссыз әңгімесін, шындықтың бүкпесіз ақиқатын күтеді. Тек, уақытты өткізу, күндерді созу, «айлаға жол беру» ойыны кімге қандай пайда, қандай зиян әкелетініне уақыттың өзі куә боларын естен шығарып алмайық.
Қ.ҚАЛИЕВ.