Елбасы сөзін елемегендік пе, әлде менсінбегендік пе?

400
0

1Жасыратыны жоқ, бүгінде мемлекеттік сатып алу мен тендердің айналасында былық көп. Мұны осыдан бірер ай бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өзі де атап өтті. Жай атап өткен жоқ, министрлер мен әкімдердің ісін сынға алып, шаңдарын қағып алды. Жайшылықта шіренгеннен креслоларына сыймай жүретін министрлер мен әкімдердің салбыраған бастарын экранның арғы бетінен көрген ағайынның талайы «сауап болды» деп табалап, кейбірі оларды аяп та жатты. Елбасы осылайша әп-әдемі отырыстың шырқын бұзып, талай шенеуніктің құтын қашырды.

Президенттің Үкімет мүшелерінің жұмысына тиісетіндей жөні бар. Мемлекет тарапынан кез келген саланы дамытуға қомақты қаржы бөлініп-ақ жатыр, алайда, қаржы сұрап алып, оны тиісінше игере алмай жатқандар көп. Бүгінге дейін республика бойынша 150 миллиард теңге игерілмей қалыпты. Елбасы бұл қаражат «тесікті» бітеуге емес, кідіртуге болмайтын қажеттіліктерге ғана пайдалануға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Президент, әсіресе, бюджеттік жобалардың қымбаттауы тәрізді мәселеге қатты шұқшиды. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен қарау төңірегінде күмәнді бизнес саласы қалыптастырылған дегенді айтып кетті.
«Тендерде мердігерді таңдау кезеңінде төрешілдік пен ысырапшылдық басталады. Міне, құрылыс бағасы өсуінің, инфляцияның шарықтап кетуінің себебі осында» деген болатын сол кезде.
Мемлекет басшысы тендер ғана емес, мемлекеттік сатып алу жүйесінің де былыққа батып қалғанын айтты сол күні. Ол мемлекеттік органдардың тендерлерде «бөгде» жеткізушілердің қатысуына мүмкіндік бермейтін шарттар белгілейтінін де білетін болып шықты. Расы керек, тендердің маңайындағы сыбайластық пен былықтар Елбасыға ешқашан жетпейтіндей көрінетін. Алайда,  Елбасы бәрін білетін болып шықты.
Жалпы, мемлекеттік сатып алу қазір түгелдей электронды әдіспен өтеді.  Бұл тендер ашық та жариялы түрде өтсін деген ниетпен енгізілген шаруа еді. Алайда, қалауын тапқандар қарды да жандырады екен. Адамнан айла артылған ба?! Ебін тапса, электронды әдістің өзін шаң қаптырып кетуге болады екен. Айтып-айтпай не керек, соңғы жылдары тендерге қатысты сыбайластық әбден асқынды. Тендер деген, әйтеуір, кейбіреулер үшін майшелпекке айналды. Не керек, тендер біріне бақ әкелсе, тағы бірінің сорына айналды.
Сорына айналды деуіміз тегін емес. Мәселен, биылғы көктемде ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Ә.Рабаев осы тендердің кесірінен қаржы полицейлерінің құрығына түсті. Осы оқиғадан соң тендермен жұмыс істеп жүрген талай шенеуніктің креслосы сықырлап, қызметінен түсіп, үстерінен іс қозғалды. Кейбірі тіпті қызмет орнын тастай сала белгісіз жаққа қашып кетті. Әрине, бұл жағдай облыс басшысының абыройын айрандай төккенін несіне жасырайық?! Осы оқиғадан соң облыста мемлекеттік сатып алу заңға сәйкес әділ өтеді деп қуанған жұртта шек болған жоқ.
Ескі әңгімені текке қозғап отырған жоқпыз. Жуырда, дәлірегі 28 қазан күні Шымкентте ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында тағы бір тендер өтті. Ол «Шәуілдір-Ақдала» автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты өтіпті. Тапсырыс берушілердің тендерді неліктен әбден қыс тақағанда өтікізіп жатқаны басқа әңгіме. Айтпағымыз басқа. Осы конкурсқа жол салушы жеті мекеме қатысып, бақ сынамақ болған. Олар мыналар еді: «Ақ жол», «Береке-А» корпорациясы», «ТЖС» , «Компания Ахмет», «Шымкентгаз», «Сейсер» және «СМК және Ж-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Алайда, осы тізімдегі алты мердігер ұйымдастырушыларға белгілі, өздеріне белгісіз бір себептермен «ойыннан» шеттетіледі де, лотты «СМК және Ж-7» ЖШС ұтып алады. Ұтқанда да екінші турға жалғыз өзі қатысып, «бір көзден сатып алу» тәсілі бойынша жеңіп шығады. Ал, бұған дейін талай-талай ірі құрылыстарға қатысып келген І категориялы компаниялар бұл конкурста бұрын-соңды жол саласында ешбір тәжірибесі жоқ, жұмыс өтілі жоқ ІІ категориялы компанияның қалай ғана жеңіске жеткеніне түсінбей дал. Хаттамаға сүйенсек, тендерлік комиссия құрамында бес адам болған, оның төртеуі – конкурсты ұйымдастырушы аталмыш басқарманың қызметкерлері, ал біреуі — әкімдік қызметкері. Ал, облыс әкімінің тендерлік комиссия туралы қаулысына сүйенсек, комиссия мүшелері құрамына қоғамдық ұйымдар мен партия өкілдері де енгізілуі тиіс болатын. Егер комиссия мүшелері түгелдей өз ішінен жасақталған болса, мұны конкурс деп атаудың, оны өткізудің қажеті қанша еді?!
Бұл жағдайдан облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің хабары жоқ дегенге, әйтеуір сенгіміз келмейді. Ендеше, облыс әкімінің қазіргі командасына осыдан төрт-бес ай бұрынғы «Рабаев оқиғасының» сабақ болмаған сыңайлы. Әйтеуір, өзгерген ештеңе жоқ, аяқ тартып жатқан да ешкім жоқ. Баяғы жартас, сол жартас…
Команда дегеннен шығады, бүгінгі командасы А.Мырзахметовтің жүзін жерге қаратып бітті. Жұмысты қалай істеп жүргенін айтпағанның өзінде, сенім білдіріп тағайындаған аудан әкімдерінің кейбірі парамен ұсталып жатыр. Бәйдібек ауданының жақында ғана тағайындалған әкімі креслоның қызығын көріп үлгермей, осындай жағдайға душар болып, Оңтүстікті бүкіл республикаға тағы да масқара етті. Жалпы, ол облыс әкімі командасындағы қолын ақшаға былғаған немесе тендерге қатысты қитұрқылық жасап құқық қорғаушылардың құрығына түсіп жатқан алғашқы шенеунік емес. Оған мысал жетіп-артылады. Айтайын деп айтпаймыз, бірақ осы тендер атаулының айналасы былыққа толы. Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Б.Нәжімеддинұлының жұртпен адам секілді қоштасуға шамасы келмей қызметін бір күнде тастай қашқанында гәп көп. Тендерге қатысты былықтар әшкере бола қалса, әкімдер құтылып, бағыныштылары ғана сорлайды. Елбасы ендігі жерде тендерлік комиссияларды министрлер мен облыс әкімдерінің  өздері басқаруы тиіс дегенді айтты. Әрине, комиссия төрағасы болу әкімдер үшін атақ та емес, абырой да емес. Күні ертең бір жағдай бола қалса, жауап аймақ басшысынан  алынады. Бұл орайда, бүлінген жерден бүлдіргі алу да қорқынышты. Ал облыс басшылары осындай жауапкершілікті мойнына артуға дайын ба, мәселе сонда.
Жалпы, тендер деген «жеңдер» деген сөз емес. Көктемде орын алған шулы оқиғадан соң  кәсіпкерлер мен мердігерлер облыстағы тендерге қатысты ахуал түзелер деп күткен. Алайда, өзгерген түк жоқ екен. Оған ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 28 қазан күні өткізген тендері дәлел.
Жуырда ғана редакцияға облыстағы ірі компания басшылары, есімдері елге танымал бірнеше азамат хабарласып, Елбасының атына Ашық хат дайындап жатқанын жеткізген. Кәсіпкерлер әйтеуір ашулы. «Үйдегі қоқысты сыртқа шығарма» дейді орыс тәмсілі. Бірақ, осы кезге дейін үйдегі әңгімені сыртқа шығармай келген мердігерлердің «қоқысты» түзге шығармасқа амалдары қалмағандай. Орын алған жағдай оларды солай етуге мәжбүрлеп отыр.
Бүгінгі таңда атқарушы билік арасында «Президенттің тапсырмасы» деген әңгіме көп айтылады. Рас, Елбасының тапсырмасы өте көп. Оның бәрі елдің, халықтың бақуат, тыныш өмір сүруі үшін жасалып жатқан игі шаралар екені даусыз. Президент – мемлекеттің бірінші тұлғасы, демек оның аузынан шыққан әрбір  сөз жерде қалмауы тиіс.
Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлерден бастап, аймақ әкімдерін сын тезіне салған күн — 11 қазан. Ал, ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жоғарыда біз мысалға келтірген тендерді 28 қазан күні өткізіп отыр. Оның нәтижесі анау… Сонда бұл облыстағы атқарушы биліктің Елбасы сөзін елемегендігі ме, әлде оны менсінбегендігі ме?

Гүлжамал МҰСАЕВА

Сіз не дейсіз?

Қилыбек Тұрлыбек

Қилыбек Тұрлыбек,
ОҚО мәслихатының депутаты:

— Елбасы сыны дұрыс, бюджет қаражаты дұрыс игерілмей жатқаны да рас. Қазір нақты есімде жоқ, игерілмеген қаржы біздің облыста да бар. Елбасының комиссия төрағасы облыс әкімі болсын дегені өте дұрыс. Тендер деген әбден жауыр болған тақырып, айтқанмен өзгеріп жатқан ештеңе жоқ, айта берсең бәлеқор деген атқа қалады екенсің.
Облыс әкімінің жұмысына, әсіресе оның кадр саясатына мүлде көңілім толмайды. Құрылыс басқармасына өңшең мамандығы сәйкес келмейтін кадрларды қойды. Кеткен адамның артынан сөз айту табиғатымда жоқ, бірақ кешегі де, бүгінгі де кадрларының құрылысқа ешбір қатысы жоқ. Кеңес одағы тұсында «істі кадр шешеді» дейтін, қазір де солай болуы керек қой. Етікші етік тігуі керек, бетоншы бетон құюы керек. Ал, құрылыс саласы өте күрделі де қиын сала, сондықтан бұл салаға осы істі түсінетін адам келмей, іс оңбайды. Өз басым қазір тендерге қатысуды қойдым. Кезінде тендер алып көп қабатты үй соқтым, оның қандай жолдармен өтетінін көрдім. Менде техника да жетеді, мүмкіндік те жетеді, бірақ тендерге қатысуды саналы түрде тоқтаттым. Менің жасымда біреудің алдына кіріп, таныс іздеп, біреуге жалынып не жалтақтау, жалпақтау да ыңғайсыз екен. Одан да субмердігер болып жүргенім артық деп шештім.

Сіз не дейсіз?

Шәріпбек Жамалбеков,

Шәріпбек Жамалбеков,
ОҚО мәслихатының депутаты:

— Осы кезге дейін Елбасы тапсырмасы бойынша  облыста «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Ақбұлақ», тұрғын үй бағдарламалары секілді көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды, қазір де іске асып жатыр. Осылардың бәріне қомақты қаржы бөлінді. Бұл қаржылар қалай игерілді, міне, мәселе сонда. Бұл жерде бар мәселе тендерге келіп тіреледі. Ендігі жерде Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу жүйесіне өзгеріс енгізейін деп жатыр. Жалпы, тендерді өткізуде кемшілік көп. Меніңше, жобалық-сметалық құжат дайындау, оны сараптамадан өткізу, мемлекеттік сатып алуға дайындалатын құжаттардың бәрімен айналысатын арнайы мекеме керек сияқты. Электрондық тәсіл дегені де дұрыс өткен емес. Бағаны кім төмен ұсынады, сол жеңеді, ертең сол нысанның құрылыс сапасы қандай болып шығады, оған бас ауыртып жатқан адам жоқ.
Екінші мәселе, осы тендер дегенде кейде ешқандай техникалық не материалдық базасы жоқ, кадры жоқ, аты бар да, заты жоқ мекемелер жеңіске жетіп жатады да, кеңестік заманнан бері жұмыс істеп келе жатқан, техникалық та, материалдық та әлеуеті бар, мықты мамандары бар мекемелер шет қалып жатады. Сондықтан олар кейде түгі жоқ, бірақ тендер ұтып алған мекемеге субмердігер болып жалдануға мәжбүр. Қазір тендерге қатыстыру барысында мекемелердің категориясына қарайды. Тәжірибесі, категориясы бар шығар, бірақ оның базасы бар ма – ол ешкімді қызықтырмайды. Олардың техникалық не материалдық базасын  анықтау үшін қоғамдық ұйымдарды тартуға болады. Егер БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар сол мекеменің ішкі «асханасын» көріп шықса, ешбір мекеме ондай жалған тірлікке бармас деп ойлаймын.
Мемлекеттік сатып алуға деген талап күшейтіліп отыр, соған қарамай бізде әлі де болса сол жауапкершілікті сезінбейтіндер көп.
Депутат ретінде біз құрылыс нысандарын аралап көріп, оның жұмысының сапасына ғана қараймыз, әрі қарай оны қадағалайтын арнайы органдар бар.
2009-2011 жылдары жүргізілген құрылыстардан кемшіліктерді анықтап бердік, алайда соған кім жауап беріп жатыр дейсіз?!  Құрылыс бөлімінің мамандары, басшылары ғана жауап беріп жатыр да, тендерді өткізуші мекемелер жауапкершіліктен құтылып кетіп жатады.
Елбасы тапсырмасы облыста орындалып жатыр, тек жекелеген жағдайларда орын алып жатқан кемшіліктерді жоқ дей алмаймыз. Бұл, әсіресе, қаржыны жұмсауда кездесетін кемшіліктер. Тендер өткізген басқармалар сытылып кетеді де, ауылдағы не аудандағы мамандар таяқ жеп жатады.

Сіз не дейсіз?

Аманолла Раманқұл

Аманолла Раманқұл,
ОҚО мәслихатының депутаты:

Меніңше, Президенттің тапсырмасын орындамаған мемлекеттік қызметкерлерді орнынан босату керек. Бізде солай, президент айтпаса саусақтарының ұшын қимылдатпай ма?
Облыста тендер саясаты дұрыс жүріп жатқан жоқ, әйтеуір былық-шылығы көп. Меніңше, құрылыс сапасын қадағалауды халықтың өзіне қалдыру керек.
Егер тендерге қатысты мәселе қозғала қалса, көпшілігі шындықты айта алмайды, жалтақтайды. Осы тендердің кесірінен биыл жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы ұсталып кете барды, сонымен бірге қаншама адам жауапқа тартылып жатыр. Жаңадан тағайындалған аудан әкімдерінің бірі өткенде парамен ұсталды, ендеше, облыс басшысына кадр саясатын дұрыстау керек. Меніңше, ауыл әкімдерін депутаттарға сайлатқан дұрыс емес. Өйткені, бір ауылдық округтен аудандық мәслихатқа бір-ақ депутат сайланады, ал қалған депутаттар ауыл әкімі қызметіне ұсынылған кандидаттарды дұрыс танымайды немесе мүлде танымайды, осындай жағдайда олар басқа ауыл әкімдеріне қалайша дауыс беруге тиіс? Сондықтан оны халықтың құзырына қалдырған жөн. Халық руына, жүзіне тартып кетеді деген бос әңгіме, елге жұмыс істейтін адам керек. Өз басым аудан әкімін де халық сайласа дұрыс болар еді деген ойдамын.

Сіз не дейсіз?

Рахым Тәңірбергенов

Рахым Тәңірбергенов,
ОҚО мәслихатының депутаты:

– Елбасы сынынан кейін сыбайлас жемқорлық тоқтаудың орнына, қайта шарықтау шегіне жетіп отыр. Тендер деген – барып тұрған сыбайластық. Оны өздеріңіз менен де жақсы білесіздер. Мәселен, менің жеке меншік колледжім бар, болмашы бірдеңе  сатып алу үшін біз де конкурс жариялауға мәжбүрміз. Өткенде бізге бір шынжыр керек болды, оның құны —  54 мың теңге. Cол лотты қарағандылық бір жеке кәсіпкер ұтып алыпты. Болмашы бір шынжыр үшін оған Түркістанға әуре болып келуге тура келді. Бұл дұрыс па? Өз басым, тендер дегенге қарсымын. Былық-шылығын айтпағанда, барып тұрған бассыздық, сол үшін қаншама құжат дайындап, сарсаңға түсесің. Өз басым ешқандай тендерге қатыспаймын, ешкімге ештеңе бермеймін, ешкімнің алдында жәутеңдемеймін. Арым таза. Сондықтан да мәслихат сессияларында ешкімнің көңіліне қарамай, шындықты ашық айта беремін.
Былтыр Түркістан қаласының жылу қазандығын күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінуіне ықпал еттім. Сол   2 млрд. теңгеден екі кесе шай ішкен адам емеспін. Кейіннен сол нысан төңірегінде қаншама талас болды, ал онысына менің ешқандай қатысым жоқ.  Өз құрылыс сапасын халық қадағалау керек деп ойлаймын.

Редакциядан:

Бет қатталып біткенде ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов «Уақыт» газетінің директоры Талғат Балтабаевты кешкі уақытта шұғыл түрде шақырып, қабылдады. Екеуара әңгіме достық рәуіште өтті. Бұл туралы  газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.