Өткен күндер, салықтан жалтарғандар және бүгінгі «АвтоНұр»

396
0

суд-рк1Қазір Алматы мен Қарағандының базарларын тілсіз жау – өрт жалмап, ел еңіреп, билік басын алып қашып, сансыраған бір заман туғанда, Шымкенттің базарларының төңірегінде де гуілдеген әңгіменің екпіні Арыстанды-Қарабастының желінен бір кем соқпай тұр. Соттардан да маза кетті, базарлардың біразын жауып тастайды да, не құдіреті барын, аптаға жетпей олар қайта ашылып, халыққа «қалтқысыз қызмет» көрсетіп жатады. Мұны Құдайдың құдіреті немесе Биліктің пәрмені деп ара-жігін ажыратып беретін жан әзірге табылмай тұр. Жабудың да желеуі көп – өрт қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақталмауы, сауда қатарларының арасына автокөліктердің кіре алмайтыны, судың жоқтығы секілді сан сылтау соттың ұйғарымына басты себеп болғанмен, ақыры әйтеуір «мировоймен» шешіліп жатады, мейлі, базар жабылар, ашылар, базаркомдар байыр, байымас, тұтынушы сауда жасар, сауда жасамас, оған соншама бас ауыртудың қажеті жоқ. Біздің айтпағымыз – бүгіннің емес, кешегі күннің бір кілтипан тірлігі. Енді соның қысқаша жағдаятын елдің ғана емес, заңның тұтқасын ұстаған заңгерлердің, салықшылардың назарына ұсынғанды дөп табылған іс санап отырмыз.

Шымқалаға бір емес, қос рет әкім болған Анарбек Орман мырзаның басына екінші рет бақ қонғанда ол кісі бір өкім шығарыпты. Мерзімі – 2007 жылдың 31-ші шілдесі, рет саны – 485, тақырыбы – «Құрылысы аяқталған нысанды пайдалануға қабылдау жөніндегі мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісін бекіту туралы» деп аталады. Соңында шиырылып қойылған қол мен дөңгеленген мөр бар. Осы өкімнің төрт беттік, екі парақтық қосымшасы да осы құжатқа қоса тіркелген. Қала әкімінің өкімі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР-ның заңының 73-ші бабына сәйкес қабылданып, онда мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Т.Сәрсенбаев, төраға орынбасары А.Мамырбаев бастап, бірнеше салалық комиссия мүшелері қол қойып, Шымкент қаласындағы Темірлан тас жолының №62 аумағындағы сауда базарын пайдалануға «АвтоНұр ЛТД» ЖШС-на пайдалануға беруге шешім қабылданған. Қала әкімі 31.07.2007 жылы рұқсатты арнайы өкіммен бекіткен болса Т.Сәрсенбаев бастаған мемлекеттік комиссия құрамының осыған байланысты актісінің Шымкент қаласында қабылданғандығы қолмен және мөрмен расталғанмен, ең өкініштісі сол актінің қай күні түзілгендігі көрсетілмеген. Ол орындар қала әкімдігіндегі тіркеуде де, базар әкімшілігіндегі акті көшірмесінде де бос тұр. Тапсырыс беруші және пайдалануға алған ЖШС-ның директоры Е.М.Айтбаев та мұндай көрінеу көзге көрініп тұрған қателікке кезінде мән бермепті. Қазір жабылу мен ашылудан көз ашпай жүрген «АвтоНұр» базарының басшысы Айтбаев Нұрболат Ергенович, құрылтайшылары Айтбаева Гауһар Қуанышбаевна және Ерген Нұрдәулет Талғатұлы болып табылады екен.
Мәселенің қызығын біз әлі бастағанымыз жоқ. Әңгімені алыстан орағытып, енді негізгі айтарымызға да жақындап қалдық. Бір қисайған нәрсе ары қарай қисая береді ғой. Күні, айы, жылы белгісіз мемлекеттік қабылдау актісінің заңды немесе заңсыз екендігін прокуратура анықтай жатар. Бірақ біздің қолымыздағы қала әкімінің №85 (31.07.2007ж.) өкімінің екі көшірмесінің базар әкімшілігінің қолындағы құжатында өкім Шымкент қаласының әділет басқармасында 31.10.2012 жылы ғана тірекуге алынған кадастрлық нөмер берілген. Маман Е.Бастанов, бөлім бастығы Сейдазимов қол қойып, мөр басқан. Осы уақытқа дейін қала әкімі өкімінің тіркеуге неліктен алынбағандығы екінші жұмбақ болып қалып отыр. Мемлекеттік қабылдау актісінің мұрағатқа өткізілген көшірме нұсқасында Әділет басқармасының тіркеуге алған бұрыштама және дөңгелек мөрлері басылмаған. Оның қалай өткізіліп, қалай қабылданғандығы үшінші жұмбақ болып тұр.
Базардағы сатушылар мен кәсіпкерлер сонау 2007 жылдан бері халыққа сауда жасап, базар әкімшілігі арқылы салық төлеп келеді. Егер төлемейтін болса, олар базарда жылдап жүрмейді, бір күнде базардан шығарып жібереді. Базар жұмысын бастаған күннен бастап, 2009 жылдың 25 тамызына дейін Абай аудандық салық басқармасында тіркеуге алынбаған, яғни салықтың қалай төленгендігі тағы бір жұмбақтың құлағын қылтитып, заңгерлерге әдемі жұмыс болғалы тұр. Мұрағаттағы және базар әкімшілігіндегі мемлекеттік қабылдау актісі көшірмелерінің екі түрлі екендігі кімді болса да еріксіз елеңдетіп, көз тіктіреді. Әкімшіліктегі құжат көшірмесінде базардағы орындар мен дүңгіршектердің барлығының рет саны мен пайдалану аумағы қолмен жазылып көрсетілген. Ал архивтегі көшірмеде ол орындар бос тұр. Міне осы жерден келіп, салықтан жалтару, базарлардағы орындарды нақтылы көрсетпеу деген бір сорақы фактілерді мақаудың өзі бірден аңғарады. Осыншама жұмбақ істердің қаншалықты заңның аясында жүзеге асырылғаны арнайы тексеру мен тергеуді қажет ететіндігі сөзсіз. Мұны прокуратура органдары, қаржы полициясы немесе салық саласының мамандары жүзеге асырады ма, ол енді келер күндердің тірлігі. Бірақ мына мәселені ұмытпаған жөн. Халықтан жиналған қаржының мемлекет қоржынына түспей, жолбикелердің қалтасында кетпегендігіне кім қалай, қайтіп кепілдік бере алады. Егер барлығы заң шеңберінен шықпай, тап-тұйнақтай болып, заңсыздыққа жол берілмеген болса нұр үстіне нұр. Халық қаржысының қарақан бастың қамы үшін талан-таражға түспегендігін біз Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры И.Иманов мырзаның жауабынан білгіміз келеді. Сонда ғана біз өткен күндерге салық төлемі, одан жалтару және «АвтоНұр» базарының атқарған ісінің анығы мен қанығына халықтың көзін жеткізе аламыз.

Ағабек ДАТҚАЕВ