Қонаевпен мен қалай кездестім?

612
0

70599821cc22dccea8715ddfc4d067dcАлла тағаланың маңдайыма жазған сылбы шығар, қазақтың данышпан ұлы, ХХ ғасыр адамымен танысып, 15 күндей қасында жүрдім. Бұл осыдан аттай  22 жыл бұрын, яғни 1991 жылы шілде айында Талдықорған облысы «Қапал-Арасан» шипажайында болған еді. Димаш ағаның, Дінмұхаммед Қонаевтың жеке сауықтыру шипажайы де сол жерде.  Мен негізінен жолдама арқылы «Қапал-Арасан» шипажайына демалуға барғанымда санаторийдің сол кездегі бас дәрігері Базарбек Тұрғанбаев арнайы ертіп барып таныстырған болатын. Димаш аға мұнда жылда келіп демалады екен. Сол кезде ағаның жанында жеке дәрігері, жүргізушісі және жеке аспазы жүретін.

Димекеңнің саяжайы алты бөлмеден тұрады екен. Бізді, үш-төрт кісіні қонақ бөлмесінде өзі қарсы алды. Біздің келгенімізге қуанғаны жүзінен көрініп тұрды. Барлығымыздың қайдан келгенімізді, ауыл-аймақтың жағдайын, қалай дем алып жатқанымызды сұрады. Ағаның жанында үш-төрт сағат отырып қалыппыз, шығып бара жатқанымызда әрқайсысымыздың қолымызды алып тұрып, өзіне келіп тұруымызды өтінді. Есікке дейін шығарып салғанының өзінен үлкен кішіпейілділікті, қарапайымдылықты аңғардық.
«Ұлық болсаң – кішік бол» деген осы шығар, ұлы адам әр кезде де ұлылығын көрсетеді екен. Бұдан кейін Димаш ағаға мен жиі-жиі барып тұрдым. Аға массажды өз бөлмесінде, ем-домды көпшілікпен бірге қабылдайтын. Мені өзіне жақын тартып, ерекше іш тартып тұрды, қасында болғанымды қалады. Таңғы асты ішіп, ем-домды алғаннан кейін ағаның жанында болуды мен де әдетке айналдырдым. Бір-бірімізге бауыр басып кеткеніміз сонша, серуенге шығатын кезде мені күтіп отыратын болды. Мені қасына ертіп, үнемі бірге жүретін болдық.
Бір күні мені тез жетсін деп Димекең көлігін жіберіпті. Спорттық киіміммен бара салған едім, аға костюм-шалбар киіп келуімді тапсырды.
— Галстугің жоқ болса, шифонерді ашып, қалаған галстугіңді ал, — деді. Өзімде де галстук деген жететінің айттым.
— Онда тез киініп келе қой, сыртта екі көлік күтіп тұр, — деді.
Сөйтіп біз Талдықорғанға қонаққа кеттік. Сол кезде ағаның жанында жүріп Талдықорғандағы талай басшылардың үйінде қонақта да болдық. Күндердің күнінде менен өзінің жанына көшіп келуді өтінді. Жеке дәрігері бір шаруалармен сұранып кеткен екен. Жанына көшіп барып едім, риза болып қалды. Мүмкіншілік болған кезде біз де ол кісіні арнайы жерге қонаққа шақырып тұрдық. Зухра жеңгеміздің дүниеден өткеніне үш жылдай болған кез еді, дін басыларын, имамдар мен демалушыларды шақырып, ас беріп, құран да оқыттық. Ризашылығын білдіргісі келді ғой деймін, бірге жүрген күндерден естелік болсын деп бірге суретке түсу үшін Талдықорғаннан арнайы суретші шақырыпты. Суреттің сыртына өз қолымен естелік жазып берді. «Құрметті Аппазға! 10.07.1991 жыл. «Қапал-Арасан» деп қолтаңба жазып берді. Оған қоса мекен-жайы, телефон нөмірі жазылған есімхатын, Жапонияға барғанда алған бір галстугін сыйлады. Сондай-ақ, ол кісі Талдықорған қаласындағы кітап дүкендерінің бірінен «Нәубет» деген кітап алдыртқан еді, қолтаңбасын қойып оны да маған сыйға тартты. «Алматыға жолың түссе хабарлас» дегені әлі есте.
Бүгінде Димекеңмен түскен сол сурет те, «Нәубет» деген кітап та Шымкент қаласындағы Қонаев мұражайында сақтаулы тұр.
Мен содан кейін Димаш ағамен кездескен жоқпын. Қу тіршіліктен  қол тимей, әне барамын, міне барамын деп жүргенде сұм ажал ағамызды өмірден алып кетті.
Бүгінде өзім де сексеннің сеңгірінен асып қалдым. Өмірде талай қайраткерлерді көріп, дәмдес-табақтас та болдық, жақсы сыйластық та. Ал, Димекеңнің болмысы солардың ешбіріне ұқсамайтын. Ағамыздың бойы ғана ұзын емес, ақыл-парасаты да биік еді. Оны биік еткен, меніңше, кең пейілділігі болса керек. Мейірімді, иманды дидарынан дүние балқып тұратын жан еді.
…Шипажайда күнде Димекеңмен бірге жүретінімді көрген өзге демалушылардың көбі менен ол кісімен таныстыруды, бірге суретке түсуге көндіріп беруімді өтінетін. Олардың да Ұлы адаммен түскен суретті ауылдарына апарғысы келетін.
Димекең екеуміздің әңгімеміз таусылмайтын. Жанында жүріп талай естеліктерін тыңдадым. Бірде ол кісі Қытайға барған сапарында Қазақстандағы геология ғылымы туралы баяндама жасаған екен. Қапшағай  көлінің қалай пайда болғаны, Медеу мұз айдынының қалай салынғаны туралы да сол кісінің өз аузынан естідім. Бірге өткізген уақыттың бәрінде таза ауада, табиғат аясында серуендегенді жақсы көретін. Тіпті, мұны әдетке айналдырған. Ол кісі мерген де болған екен. Димекең өз дәуірінің саясаты мен заңына орай әділ болуға тырысты. Өзінің айтуы бойынша да, жазған естеліктерінде де «Шамам келгенше қиянатқа жол бермеуге тырыстым» деп бастайтын әңгімесін. Қызметтен қуылып,партиядан шыққан талай бастықтың Қонаевтан қолдау тауып, әділ шешімді сол кісіден көргенін талай жерде талай адамнан естіп жүрміз.
Димекең кезінде ақын Олжас Сүлейменовті соттан арашалап алған екен. Ақынын ақтап, қиянатқа қарсы шықты. Ол кісі әділдікті бар болмысымен сүйді, өктемдік пен озбырлыққа жол берген жоқ. Расы керек, Қонаев туралы халық арасында бір қаңқу сөз еріп, реніш, өкпе естілген емес.
Мәскеудегі оқиғаға байланысты Кеңес Ауқадиев өз естелігінде Димекеңнің халқы үшін бәріне баруға даяр, шын перзент екеніне көз жеткізе жазады. Димаш ағаның жүрген жерінде береке-бірлік, сыйластық пен адамдық қарым-қатынас орнап, ол кісімен кездескен қарапайым халықтың көңіл-күйі көтеріліп, жасы бар, кәрісі бар бір марқайып қалатын. Өйткені, ол ниеті кіршіксіз таза жан еді. Ел бірлігін сақтау да саясаткер, қоғамның білікті қайраткері болды. Ол өмірге құштар, досқа адал, сүйген жарына мәңгілік серік бола білді. Қысқасы, адамға керекті қасиеттің барлығы дерлік бір бойынан табылатын.
Ол кісіні заманында өзге елдердің президенттері де аса құрметтеген екен. Мәселен, АҚШ-тың президенті Дуайт Эйзенхауер 1960 жылы «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым, саясаткер халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы» деген екен. Ал, Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Неру «Мейірім шуағымен, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты.  Сол президент – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев» деген. Жазушы Геннадий Толмачев 1997 жылы «Шынын айтайын, Қонаевпен тең келетін адамды көрмедім. Оған теңіздей сүйкімділік, жарқыраған даналық, таң қаларлық сана, шалқыған қайырымдылық, көңілді болмыс тән еді» депті. Димекең туралы қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлин былай деген: «Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады» деген мақал бар. Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам екен».
Бір көргеннен байқағаным, Димекең текті, көрікті, бойшаң және жүзінен нұр төгіліп тұратын иман жұзді кісі екен. Бұл кісіні телевизордан көргеніміз болмаса, жүзбе-жүз көргенім сол болды. Ол халықтың үлкен сүйіспеншілігіне ие болған адам. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да ол кісінің есімін жұрт үлкен құрметпен атайды. Ол кісінің көп қасиеттерінің бірі кездескен адамды кәрі не жас демей ұлтына, нәсіліне қарамай өзіне тарта білетін, ешкімді жатсынбайтын, қабылдауына кірген адамдар қуанышпен шығып жататын. Ол кісімен бірге жүрген кезде оның жан дүниесінің кеңдігіне, ұстамдылығына таң қалдым. Керемет кешірімді болатын. «Мен өмірімнің бәрін адамдар үшін сарп еттім, сол үшін бақыттымын» дегені әлі есімде.
Қонаевтың өмірінен, қызметінен жас ұрпақ қандай өнеге, қандай тағылым алады? Енді соған тоқталып көрейік. Біріншіден, үлкен қызметте жүрсе де адамгершілігін сақтап, ел алдындағы қызметін адал атқара білді. Димаш аға саяси көсем ғана емес, рухани көсем де бола білді. Ал, рухани көсем алдында халық қашан да бас иеді, табынады.
Екіншіден, ол қандай биікке шықса да лауазымның уақытша, адамгершіліктің мәңгілік, адамгершіліктен басқасының баянсыз екенін терең ұққан. Ол адамгершілікті ту етіп ұстады.
Үшіншіден, Жаратқан иеміз оны өте текті етіп жаратыпты. Білімділігі, көрегендігі бір басқа, алдына келген адамның ар-ожданын ардақтап, сыйлап, мәртебесін көтеріп сөйлесетін. Кісінің сөзін бөлмей, аяғына дейін тыңдайтын.
Ол кісінің тағы бір артықшылығы, Құдайды жоққа шығарған қоғамда басшылық қызметте жүрсе де Алласын ешқашан аузынан тастаған емес. «Қапал-Арасан» шипажайында ағаның «Иасын» сүресін ұзақ оқығандығы туралы сондағы молда кісі айтқан болатын.
Шай үстінде әзіл айтып, әйтеуір ішімізді пыстырмайтын. Танысқан адамдарының аты-жөнін ұмытпайтын қасиеті де бар еді. Мақалдатып, мәтелдетіп, шешен сөйлейтін, аздаған ақындығы да бар еді. Көңілі қандай кең, жаны дархан болса, жүрегі де жомарт, қонақжай еді. Керек десеңіз, ол кісіде жеке көлік, саяжай, сақтаған қоры да болмаған екен. Шет мемлекеттен жеке есеп-шотына түскен қаржыларды жетім-жесір, қарттар үйі, әлсіз, науқас жандарға аударып отырыпты.
Мен осылайша Димекеңнің жанында 15 күндей бірге болып, ақыл-кеңесін тыңдадым. Мұны Алланың маған бьрген сыйы деп есептеймін.

Аппаз ДОСҚАРАЕВ,
ҰОС, тыл және еңбек ардагері, «ОҚО сіңірген еңбегі үшін» және Д.А.Қонаевтың 100 жылдығы медальдарының иегері, Арыс өаласының Құрметті азаматы.