Арзан пиармен «очко» жинайтын заман өттi
2014 жылдың 15 қаңтары күні бесінші шақырылым депутаттарының білек сыбанып, жұмыс бастағандарына тұп-тура екі жыл толады екен. Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан осы екі жылда Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына сайланған депутаттар не тындырды? Халықтың аманатын билікке жеткізіп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қолғабыс ете алды ма? Біздің бүгінгі әңгіме осы тұрғыда өрбімек.
Расы керек, осыдан бірнеше жыл бұрын «депутат» десе елдің көз алдына сессияларда маужырап, ұйқысырап, есінеп отыратын маубас біреулер елестейтін. Сол бір жылдары «Оны сол жаққа ұйықтап қайтсын деп сайлаппыз ба?» дейтін әңгімелердің шыққанын жоққа шығаруға болмайды. Әйтеуір, бұл шіркіндердің түрлі анекдоттар мен қысыр әңгімелердің кейіпкерлеріне айналғанын да жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Бір депутаттың “Мен халқыма сенемін!” деген көшедегі бильбордтағы сөзін көрген ақсақалдың «біз бұған сеніп жүрсек, мұның бізге сенемін дегені несі?» деп таңырқағаны сол бойы анекдотқа айналып кетті.
Ал, бүгінгі депутат қандай? Оңтүстік Қазақстан мәслихатының депутаттары осы екі жыл ішінде кезектісі бар, кезектен тысы бар 22 сессияны өткізіп тастады. Осы аралықта оларды жұмыс істемеді деп айтуға ауыз бармайды. Қаншама мәселе көтеріліп, күрмеуі шешілмей жүрген талай мәселенің түйіні шешілді. Қайсыбірін алмаңыз өз сайлаушыларының алдында жүздері жарқын. Оңтүстікте атқарылып жатқан игі істер жалғыз осы депутаттардың арқасында жүзеге асып жатыр деуден, әрине, аулақпыз. Мұның бәрі, сайып келгенде, олардың билікпен тізе қоса қимылдауының арқасында қол жеткізген жетістіктері. Халық қалаулылары тарапынан ұсынылған мәселелердің билік жағынан қолдау таппай жатқаны некен-саяқ.
Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік жұрты облыстық мәслихатқа аттай қалап 50 қалаулысын сайлады. Осы елудің арасында қатарынан бірнеше рет, тіпті бес рет сайланған депутаттар бар. Бірнеше рет сайлану дегеніміз – тәжірибе жинақтау. Ендеше, бұл бүгінгі депкорпуста кәсіби деңгейі жоғары депутаттар бар екенін көрсетеді. Бірнеше рет сайланған депуттардың бәрі шетінен кәсіби тұрғыда деңгейі жоғары десек, тағы қателесеміз. Пәленбай жыл депуттатық мандатқа ие болып жүргенмен, сессияларда үн қатпай кететіндер тағы бар. Қалаулыларымыздың бірлі-жарымын болмаса денінің кім екенін сайлаушылардың танымай жататыны сондықтан.
Шыны керек, бесінші шақырылымда осы екі жыл ішінде аймақтық билік пен кейбір депутаттар арасында оқтын-оқтын текетірес, келіспеушіліктер орын алып жатты. Мұны билік пен кейбір депуттар арасындағы жеке мүддеден туған қайшылық десек қателесеміз. «Кейбір депуттаттар» дейтініміз – қашаннан ел назарында жүрген бес-алты депутат. Билікке қарсы бурадай мінез көрсететін, билік үшін қолайсыз депуттар да солар. Әрине, елдің аузына кім қақпақ болсын, ел ішінде мұны олардың бүйректен сирақ шығаруы деп қабылдайтындардың да бар екенін жасыруға болмас. Шындығында солай ма? Жоқ, екі жақтың көздегені де – елдің мүддесі. Екі арадағы текетірес көбіне бюджетті бөлуде немесе қазынадан бөлінген қаржыны ысырап ету, бөлінген ақшаны тиісінше игермеу секілді мәселелерге қатысты туындап жатады. Бертінде «Ақбұлақ» болып өзгерген «Таза ауыз су» бағдарламасының орындалуында қаншама шикіліктер орын алып, қазына қаржысы ысырап болды. «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» бағдарламалары бойынша салынған көптеген нысандарда құрылыстың өте сапасыз жүргізілгенін де осы депутаттар айтып жатты.
2012 жыл Оңтүстік үшін жайсыз басталды. 15 қаңтарда өткен сайлаудың қызығы мен шыжығы басылмай жатып 4 ақпанда Кентауда ЖЭО-5-те «ЧП» орын алып, ақпанның қақаған суығында 35 мың халық табан астында жылусыз қалды. Биліктің жыл сайын қайталайтын «қала жылу маусымына дайын» дейтін өтірігін сол жолы сырттағы 30 градустық суық әшкере еткен. Елдің экс-премьері Кәрім Мәсімовтің сол кезде үкімет отырысы барысында облыс басшыларына қарата «күзде бәрі жақсы» дегендерің қайда?» деп сауал тастағаны әлі есте.
Бұл жайдан ес жиып үлгермей жатып Темірланды топан су басты. Найманарықтың арнасына сыймаған су әп-сәтте тұрғын үйлерді басып, жұрт қақаған суықта далада қалды.
Бұл оқиғаның шуы басылмай жатып Шымкенттегі ең үлкен базар өртеніп, нәпақасын базар арқылы айырып жүрген пәленбай мың сатушы табан астында пәленбай мыңдық тауарынан айрылып, аңырап қалды.
Сол жылы, мәселен, депутаттар ОҚО-ның 2012-2014 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесін талқылады. Сол жолы халық қалаулылары мен шенеуніктер Шымкент базарларындағы бір реттік талондарды жою мәселесіне келгенде қатты дауласты. Содан біраз алдын салық органдары сатушыларды патентке көшіру немесе жеңілдетілген декларацияға көшіру жұмыстарын қолға алған болатын. Шенеуніктер сол мақсатқа 52 млн.теңге бөлуді жоспарлапты. Сонда депутаттардың бір-екеуі «бұл салықшылардың «көлеңкелі бизнестен» қаржы өндірмей, жұмыстарын жеңілдеткісі келгені» деген мәселені көтерді. Олар мұндай реформаның кесірінен бюджет кірісінің жоспары орындалмай қалуы мүмкін деген қауіптері барын да жасырмаған. Сол кезде олар бюджетті жоспарлау мен ұйымдастырудың өте әлсіз екеніне наразылықтарын білдіріп еді.
Биліктің Шымкенттен жаңа әкімшілік орталық салу туралы ұсынысы да үлкен айтыс-тартысқа ұласқан. Жыл басында осы мақсатқа қаржы бөлінгенмен, жыл соңында әкімшілік орталық түсетін жерлердің сатып алынбағаны белгілі болған. Депутаттар осыған наразылық танытты.
2013 жыл да әу дегеннен Оңтүстікте төтенше жағдайлармен басталды. 12-13 қаңтарда Сарыағаш ауданында біраз ауылдар су астында қалып, сол күні Созақта соққан дауылдан бірнеше ауылдың тыныш өмірінің астан-кестеңі шықты. Оңтүстік билігі табиғаттың тосын апаты алдында дәрменсіз екенін көрсетіп алды. Содан көп ұзамай облыстық депкорпус 2013-2015 жылдарға арналған бюджетті нақтылауға жиналды. Сессия барысында депутаттар табиғаттың тосыннан салған әлегінен келген шығынды жоюға жұмсалған қаржыны қалай жабу керектігіне бас қатырды. Бас қатырып отырып жыл сайын су тасқының неліктен қайталана беретінін сөз етті. Халық қалаулылары Сарыағаш жақта 2008 жылы орын алған оқиғаны еске алып, бұл оқиғадан сабақ алмаған билікті сын тезіне алды. Сарыағаштағы соңғы «ЧП»-да жаңадан салынған бірнеше көпір, Созақтағы дауылда, әсіресе, жаңадан салынған ғимараттардың шатыры кеткені рас. Халық қалаулылары құрылыстардың сапасыздығына наразылық танытып, кінәлілерді «су бетіне шығаруды» талап етті.
Жалпы, сессияларда, тұрақты комиссиялар отырыстарында тендерге қатысты әділетсіздік, бюджеттен бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуі, оқушылары ҰБТ-дан төмен балл жинаған мектеп директорларына шара көру, үш ауысымда бала оқытып жүрген мектеп санының дұрыс көрсетілмеуі секілді өзекті мәселелер көтеріліп тұрды. Алайда, мұндай мәселелердің көбі депкорпустағы бес-алты белсенді азаматтардың аузымен айтылып жатқанын несіне жасырайық?! Аймақтағы мәслихат сессияларының бар қызығы осымен бітіп жатады, әйтеуір Жириновский секілді жұдырық жұмсап, жағаға жармасатындай жағдай болған емес.
Жоғарыда соңғы екі жыл ішінде облыста орын алған төтенше жағдайларды текке тізіп отырғанымыз жоқ. Осы жағдайлардың бәрінде депутаттар абдырап қалған елге көмектесіп, басу айтып жатты. Сарыағаш ауылдарын су алғанда депутаттардың кейбірі ОҚО Азаматтық қорғаныс, апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығын «ЧП» болған жерге «туфлимен барды» деп айыптап жатты. Депутаттардың мұнысын, әрине, резеңке етігін киіп толарсақтан су кешіп жүрмеді дегені деп түсінді көпшілік. Расы керек, Сарыағашта болсын, Темірланда болсын 50 депутаттың оқиға орнына едел-жедел жетіп, резеңке етікпен су кешіп, жылаған жұрттың жүгін арқаласқанын көрген ешкім жоқ. Егер солай бола қалған күнде сол округтен сайланған депутаттың ғана емес, бүкіл депкорпустың абыройы аспандай түсері сөзсіз еді.
Жасыратыны жоқ, депутаттар елге жақындаудың жолы жетім не көп балалы отбасы балаларына киім-кешек әперу, ауызашар беру, мерекелерде үш-төрт адамға сыйлық жасап, дастарқан жасау деп түсінеді. Әрине, жетімді жебегенге не жетсін?! Алайда, бес-алты балаға алған арзан-құрзан киім-кешекті тапсыру үшін өздерін ұлы іс жасағандай БАҚ арқылы жарнамалап жатады. Бұл, әрине, арзан пиар. «Түк істемеді деп айтасын деген» бақай есеп. Ал, қазір арзан пиармен «очко» жинайтын заман өтті. Әйтеуір, анау бала, оның ата-анасы намыстанады деген ой бірінің ойына кіріп шықпайды.
Депкорпустағы 50 депутаттың 42-сі – «Нұр Отан», 7-і – «Ақ жол» партиясы атынан сайланса, бір депутат ешбір партияда жоқ. Алайда, бүгінде олардың қайсысының қай партиядан сайланғанын өздері білмесе, жұрт әлдеқашан ұмытып кетті. Шыны керек, партия олар үшін тек сайлауға түсер кезде ғана керек сияқты. Партия дегенде, «ақжолдықтарға» тоқталғымыз келеді. Рас, Парламент Мәжілісінде «Ақ жол» партиясы өкілдері кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, депутаттық сауалдар жолдап, тіпті Тұрғын үй жинақ банкінің былықтарын айдай әлемге әшкере етіп берді. Ал, жергілікті мәслихатта әрқайсысы өз округіндегі күрмеулі мәселелерді шешуге талпынып жатқанымен, «Ақ жолдың» өкілдері сессияда бірігіп, мынадай мәселе көтеріпті» дегенді әл-әзірге ести қоймадық.
Облыстық мәслихат депутаттарының ең үлкенінің жасы – 68-де, ең жасы – 28-де. 1970 жылдан бері қарай туылғандарының саны – 10. Егер шартты түрде оларды жас депутаттар деп алсақ, олардың ешбірінің бойынан жастық жалын, екпін байқалмайды. Әрине, қазақта аға тұрып, іні, үлкен тұрып кіші сөйлемейтін әдемі салт бар. Алайда, елдің мүддесі таразыға түскен кезде өзекті мәселені жалындаған жастар айтпағанда кім айтуы тиіс? Бізде ақсақал депутаттардың әңгімесі «бұл не, трайбализм бе» дегеннен аспайды, жастарымызда үн жоқ. Ел үшін от болып жанып, шоқ болып күйіп жүрген бірі жоқ.
Елдік мүдде бір бөлек те, ұлттық мүдде деген бар. Ұлттық мүдде – қазақтың мүддесі. Елбасы қашаннан бері бұқаралық спортты дамыту жайын айтып келеді, ал бұқаралық спортты дамыту – балалар спорт алаңшаларын салып, стадиондарды жөндеумен ғана шектелмесе керек. «Қазаққа дені сау ұрпақ керек, сол үшін бұқаралық спортты былай етіп дамытайық» деп жолын айтып, ұсыныс жасап, «шу» шығарып жүрген депутат көрмедік. Облыста жасөспірімдер қылмысы өршіп барады. Қазақ балалары қылмыскер, қыздарымыз әдепсіз болып барады. Ересектерді қойып, жастардың, өрімдей балалардың өзі сыбайлас жемқорлыққа белшеден батып жүр. Өрімдей жастарымыздың теріс пиғылды жат ағымның жетегінде кетіп бара жатқанын айтып дабыл қаққан да жан көрмедік. Нәтижесі сол, жастарымыз Сирияда жиһадшы болып шыға келді.
«Уақыт» газеті жуырда қазақ баласына «Аватар емес, Алпамыс жайлы мультфильм керек» деп мәселе көтерді. Мақалада Оңтүстіктің бренді болуы тиіс «Алтын жебе» фестивалінің тоқтап қалғаны айтылды. Осы мәселеге орай да қазақ баласының болашағына алаңдап, елең еткен, себебін сұрап биліктің жағасына жармасқан бір депутат болмады. Мәселе демекші, жуырда редакция осыдан үш-төрт жыл бұрын Түлкібастан ашылған қоян фермасы жайлы мәселе көтерді. Облыс аумағынан ашылған тың бастаманы басқаларын айтпағанда, Түлкібас ауданынан сайланған қос депутат та бақыламаған сыңайлы. Және ашылып, жабылып жатқан, тоқтап қалған мұндай жобалар облыста жетіп артылады. Малды асылдандыру бойынша пәленбай жылдан бері пәленбай мың қаржы жұмсалып, субсидия беріліп жатады. Әйтеуір, содан асылданып кеткен мал көрмедік. Және мұндай былық-шылық кез келген салада кездеседі.
Кейбір мәселеде белсенді азаматтар елдік мүддені қызғыштай қорып жүргенде депкорпусқа табандылық жетпей жататыны ащы шындық. Әріптесін қолдаудың, қорғаудың орнына қояндай қорқақтық, түйедей көмпістік, балықтай үнсіздік танытып, жалтақтап қалатыны жасырын емес. Әне-міне дегенше екі жыл да өте шығыпты. Төтеннен бір жағдайлар болып, мәслихат тарап кетпесе, олардың алдында әлі үш жыл уақыт бар. Облыстық мәслихат депутаттарына берілген баға, міне, осындай…
Гүлжамал МҰСАЕВА