ЕРIМБЕТОВТIҢ КОМАНДАСЫ ЕЛ ИГIЛIГIН ОЙЛАЙ МА, ӨЗ БИЛIГIН ОЙЛАЙ МА?

539
0

--360X~1-1 ҚР Президенті-«Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық — жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген  тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз — жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек. Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз» деген болатын.

Осы Жолдаудың аясында құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Олардың жұмысының құқықтық базасы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді. Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды. Елбасы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеру және ведомствоаралық жұмыс тобын құруды, 2013 жылдың екінші тоқсанының аяғына дейін Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырды.
Мұның барлығы тәуелсіз еліміздегі сан алуан қылмыс пен сыбайлас жемқорлық фактісінің алдыналуға бағытталғаны рас. Алайда, «бес саусақ бірдей емес» екендігін соңғы уақыттары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өз бетінше «дәлелдеп» келе жатқандай. Оған қаржы полициясына құзырлы мекемелерден түскен материалдар мен олардың қарау заңдылығын зерттеу жұмыстары дәлел бола алады.
Мысалы, 2011-2013 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы тарапынан жүргізілген сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаулардың нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін 21 материал жіберілген. Бұл тұрғысында «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ-нен келген хатта «2011-2013 жылдары аралығында тексеру комиссиясы тарапынан жүргізілген сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаулардың нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін 21 материал жолданған. Әрбір жолданған материал жөнінде мәліметтер хатқа қосымша тіркелген кестеде толығымен көрсетілген.
Сонымен қатар, жолданған материалдар бойынша департамент тарапынан айтарлықтай мардымды шаралар қолданылмағанын, бірде-бір қылмыстық іс қозғалмағанын, кейбір хаттарға бірнеше рет ескерту хаттар жолданғанымен, тіптен жауап берілмегенін атап өту қажет» деп көрсетіледі.
Атап көрсеткенде, 26.03.2012 жылы мемлекетке 2 850,0 мың теңге шығын келтіргені үшін «Ордабасы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» ММ-нің директоры К. Құлсариевке қатысты материал облыстық қаржы полициясына жолданған. Алайда, құзырлы мекеме аталған заң бұзушылықты анықтап, тиісті тұлғаларды жауапқа тартудың орнына, істі бұрмалағаны байқалады. Оған тексеру комиссиясының осы істі экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне 11.06.2012,17.09.2012,18.01.2013 жылдары бірнеше рет қайталап жібергені дәлел бола алады. Соған қарамастан, департамент тарапынан қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған.
Сонымен қатар, тексеру комиссиясы 26.03.2012 жылы мемлекетке 582 353, 0 мың теңге шығын келтіргені үшін «Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшылары Ф.Нұрметов пен М.Мұратбековке қатысты материалды экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолдайды. Бұл іс те алдыңғы көрсеткен материал сияқты созбалаңға салынған. Нақты нәтиже қабылданбағандықтан, тексеру комиссиясы осы материалды қаржы полициясына 25.05.2012, 11.06.2012. 18.01.2013 жылдары бірнеше рет қайталап жолдаған. Факт тексеру комиссиясы тарапынан анықталған, алайда экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тағы да қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Тексеру комиссиясы мемлекеттің 141 707,0 мың теңгесін талан-таражға түсірген «Сайрам аудандық білім бөлімі» ММ-нің басшысы Ж.Садирмековаға, 99,0 мың теңгесін талан-таражға түсірген «Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ-нің басшысы Н.Көпеевке, 195,4 мың теңгесін талан-таражға түсірген «Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің басшысы Б.Серікбаевқа, 15 216,0 мың теңгесін талан-таражға түсірген «Сайрам аудандық құрылыс бөлімі» ММ-нің басшысы С.Жанталиевке, 648,0 мың теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берген «Сайрам аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің басшысы А.Мамырбаевқа қатысты материалдарды 26.03.2012 жылы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолдайды. Алайда, бұл материалдарға да Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан тиісті дәрежедегі тексеру жүргізілмегені байқалады. Оның мысалы ретінде, аталған заң бұзушылықтар туралы материалдарды тексеру комиссиясы 25.05.2012, 11.06.2012, 18.01.2013 жылдары бірнеше рет қаржы полициясына қайталап жіберуге мәжбүр болған жағдайды атап өтуге болады. Қаржы полициясы Сайрам ауданында орын алған осы заң бұзушылықтарды анықтап, нақты шара көрмеген. Керісінше, жоғарыда көрсетілген бес факт бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Бір ауданда анықталған алты бірдей қаржылық талан-тараждың не себепті жабылып кеткені туралы департамент басшысы Серікбай Садықұлы Ерімбетов қандай уәж айтады екен?
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдаудан да бөлек, тексеру комиссиясы анықтап ұсынған материалдардың қараусыз қалатыны, не болмаса материал ұсынған мекемеге мүлдем жауап бермейтін жағдайдың орын алатыны да байқалады. Мәселен, мемлекетке 7 325,1 мың теңге залал келтірген «Кентау қалалық білім бөлімі» ММ-нің басшылары Б.Зейнуллаұлы мен Н.Әбілдаевға, 92 389,6 мың теңгенің талан-таражға түсуіне жол берген «Кентау қалалық құрылыс бөлімі» ММ-нің басшысы Ф.Қауынбаевқа, 115,0 мың теңгенің талан-таражға түсіне жол берген «Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-нің басшысы Қ.Төлепбергеновке, мемлекетке 5 714,0 мың теңге залал келтірген «Кентау қаасы әкімдігінің «Балапан» бөбекжай балабақшасы» МКҚК-нің директорына қатысты материалдарды облыстық тексеру комиссиясы былтыр, яғни 26.03.2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаметіне жолдаған.

Бұл материалдар бойынша заңды шешім қабылданбағандықтан, аталған материалдар екінші рет 11.06.2012 жылы, үшінші рет 18.01.2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаметіне жолданады. Қаржы полициясы бұл істерді қарамақ түгілі, осы күнге дейін облыстық тексеру комиссиясына ешқандай жауап бермеген. Сонда бұл мәселеге қандай баға беруге болады, Ерімбетов мырза?
Қайталанып жолданған материалдар тізімі мұнымен шектелмейді. Мемлекетке 7 015 640,0 мың теңге шығын келтіруге жол берген «ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-нің басшысы Б.Көшербайға, 7 216,0 мың теңге залал келтіруге жол берген «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық балалар үйі» ММ-нің басшысы М.Суюндиковаға қатысты материалдар 2012 жылдың 1-2 тамыз күндері Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаметіне жолданған. Бұл заң бұзушылықтар бойынша да дер кезінде шара көрілмегендіктен, тексеру комиссиясы аталған материалдарды 2013 жылдың 18-қаңтары күні қайталап жолдауға мәжбүр болады. Бұл мәселелер бойынша да әлі күнге дейін жауап берілмеген. Сонда қаржы полициясының мамандары қайда қарап отыр, Ерімбетов мырза?
Бұл тізімді ары қарай жалғастырсақ. Мемлекетке 325 330,21 мың теңге залал келтіруге жол берген «Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысы Н.Қалходжаевқа, 107 259,59 мың теңге залал келтіруге жол берген «Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысы Б.Бекпейісовке, 51 711,1 мың теңге залал келтіруге жол берген «Созақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысы Б.Төлепбергеновке, 77 844,6 мың теңге залал келтіруге жол берген «Шардара аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысы А.Бекмұратовқа, 97 623,61 мың теңге залал келтіруге жол берген «Арыс аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшылары Б.Нарбеков пен А.Баймурзаевқа, 105 639,12 мың теңге залал келтіруге жол берген «Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысы Қ.Төлепбергеновке, 530 830,3 мың теңге залал келтіруге жол берген «Түркістан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшылары Б.Ибадуллаев пен Қ.Төлентаевқа қатысты материалдарды тексеру комиссиясы былтырғы жылы, яғни 2012 жылдың 7-желтоқсаны күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолдағанымен, тексеру комиссиясы жоғарыда көрсетілген материалдар бойынша әлі күнге дейін жауап алмаған.
Сондай қалай, анықталған қыржылық залалдар бойынша реті келсе қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, реті келсе жауап бермей қоя салу— Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде күнделікті құбылысқа айналған ба, әлде мұны іс қараудың астарында қандай да бір «коммерциялық құпия» жатыр деп түсінген жөн бе, Ерімбетов мырза? Бұл айтқанымызға ыстықтайтын болсаңыз, онда бүгін көрсетіліп отырған 21 материалдар бойынша не үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» шешімдер қабылданғанын түсіндіріп беріңізші?!
«Қазтрансгаз аймақ» мекемесінің Шымкенттегі филиалын басқарған П.Құнанбаев бір жолыққанда «Қаржы полицейлері тырнақ астынан кір іздеп шаршатты, арыз ұйымдастырып алып, мекемеге келіп, миыңды ашытып, терсеру ұйымдастырады. Айтқандарын жасамасаң көргенің сол» деген сыңайда сөз қозғап еді. Ақырында 62 жасқа келген сол ақсақалды әне-міне зейнеткерлікке шыққалы отырғанда, «пара берді» деп айыпқа тартты. Адамгершілік жағынан алғанда ақылға сымайтын тірлікке барушылықтың өзінің ар алдындағы жауапкершілігі қаншалықты екенін қаржы полицейлері түсінбегені ме?
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан «түсініксіз тергеулердің» жүргізіліп жататыны да «қызық құбылысқа» айналып бара жатқан сияқты. Мәселен, Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Бейбенбек Жанбосыновты 2009 жылы қаржы полицейлері «Азат» мөлтекауданында салынған орта мектепті құрылысы аяқталмай тұрып, заңсыз мемлекеттік қабылдаудан өткізгені үшін тергеуге алды. Ол уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментін М.Хайруллин басқарып отырған. Алайда, арада екі жылдай өтіп, ол кісі қызмет ауыстырып, орнына С.Ерімбетов келген соң, Бейсенбек Жанбосыновқа тағылған айып дәлелін таппай, қозғалған қылмыстық іс қысқарып кетеді. Мемлекетке зиян келтірді деп айыпталған Жанбосынов қазір Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінде жемісті еңбек етіп отыр. Былтырғы жылдың мамыр айында қаржы полицейлері Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқынбек Құрманбекті де «2009 жылы Шымкентте салынған Өтегенов көшесін бітпесе де мемлекеттік қабылдаудан өткізген, нәтижесінде мемлекетке 23 миллион теңге залал келтірген» деген айыппен қамауға алды. Алайда, арада жеті ай өткенде аталған айып дәлелін таппай, қылмыстық іс қысқартылады. Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы Бапаевты да мемлекетке ірі көлемде шығын келтірді деп айыптағаны белгілі. Бапаев болса өткенде ғана болған сотта, керісінше, жеңіске жетті. Осылайша, азаматтар өздерінің ақтығын дәлелдеп шықты. Олай болса, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан орын алып жатқан бұл оқиғаларға нендей баға беруге болады? Олар үшін адам тағдыры ойыншыққа айналғаны ма? Жұмыс істеп жүрген әр азамат еңбегімен нан тауып, отбасын асырап жүр. Сонда жоғарыда аты аталған азаматтарды нәпахасынан айырып, алдын екі жылдан, соңын жарты жылдан астам уақыт қаңғыту, қамау, жазықсыз тергеу—қаржы полицейлері үшін түкке тұрғысыз тірлікке айналды десек, оған генерал С.Ерімбетов пен оның қызметкерлері ыстықтамайтын шығар?!
Жазықсыз тергеліп, қамалып, ел алдында кінәсіз масқара болған мемлекеттік қызметкерлер өздерінің ар-намысының тапталып, моральдық-материалдық, психологиялық қысым көргені соншалық, аш қалған отбасына, өз басына келген шығындарының орнын толтыруды да сұрай алған жоқ. «Аш құлақтан тыныш құлақ» деді ме, құтылғандарына қуанып жүргендей… Әйтпесе, тағы бір «пәлеге» душар болып кетер ме, кім білсін?!
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері Бәйдібек ауданының әкімі болған Әбдімүтәліп Көбеевті «кәсіпкерден бір миллион теңге пара алды» деп қамауға алды. Кейіннен «шенеуніктің кінәсін дәлелдейтін заң бабы дұрыс қолданылмаған» деген шешімге келіп, парақорлығы үшін емес, алаяқтығы үшін үш жарымға жылға жаза кесілді. Сонда қалай, С.Ерімбетов мырзаның қызметкерлері шенеунікті ұстамас алдын, оның қандай заң бұзушылыққа бара жатқанын дұрыстап анықтай алмағаны ма, қалай?
«Қызметкерлері» дегеннен шығады, қолда бар ақпараттарға қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде үш жүзден астам адам жұмыс атқарады. Мемлекет тарапынан олардың жұмыс атқаруына барлық материалдық-техникалық жағдайлар толығымен жасалған. Алайда, жасалып отырған жұмыс пен істің нәтижесі олар үшін мемлекеттен бөлініп отырған нәтижеге сәйкес келмейтіні көңілге кірбің ұялатады. Нәтижелі жұмыстан гөрі, жұрт үшін жасайтын кедергі тірліктері көп сияқты көрінеді. Мысал үшін алайық, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалында жанындағыпартиялық бақылау комиссиясында екі адам жұмыс жасайды. Олар үшін ешқандай жалақы көзі қарастырылмаған. Ел, халық үшін тегін жұмыс жасайтын сол патриот азаматтар 2012 жылдың 8 айында мемлекетке негізсіз зиян келудің нәитижесінде 250 миллион теңгенің «бармақ басты, көз қысты» болғанын анықтаған. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті сол 2012 жылдың 8 айында мемлекетке 260 миллион теңге зиян келгенін анықтайды. Яғни, 300-ден астам қызметкер болып атқарғандағы тірлік істейтін партиялық бақылау комиссиясында қызмет атқаратын екі-ақ адамның атқарған жұмысымен пара-пар болғаны байқалады. партиялық бақылау комиссиясының қызметкерлері мемлекеттің қолды болған 250 миллион теңгесінің 50 миллион теңгесін ел бюджетіне кері қайтартса, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті 260 миллион теңгенің 60 миллионын мемлекет есебіне кері қайтартады. Енді, есептей беріңіз, партияның екі қызметкері қандай жұмыс жасады, 300-ден астам қызметкер жұмыс істейтін білдей дардай департамент не істеді?Осыдан барып, «ойына келгенін» істейтін құрылымның болмағаны мемлекет үшін пайдалы сияқты деген ой келеді. Одан кейін мемлекет мүддесін ойлап, заңсыз кетіп жатқан қаржыларды ел игілігі үшін кері қайтарудың орнына, өздерінің амбициясы мен адамдарға деген кекшілдіктері көп сияқтанбағанда қайтпек? Біреу сәл басын көтерсе, соңына түсіп, әлсіз тұсын тауып, аяқтан шалғанша тыныштық таппаудың нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысында заңды аяққа таптау, сыйламау көбейіп барады. Қайбір уақыттарда мемлекет басшысы қаржы полициясының осындай жұмыстарын сынға алып, жұмыстың жөнсіз кетуі жалғаса беретін болса, құрылымды тарату мәселесі қозғалатынын айтып еді. Елбасының осы пікірінің тегіннен-тегін туындамағаны ақиқат емес пе?! Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде мынадай сұмдықтар орын алып жатса, республика бойынша қаншама белден басушылық кездеспей ме? Бұл, сонда, елбасы тапсырмаларының орындалмауы болып саналмай ма? Бұған генерал Серікбай Ерімбетовтің айтар уәжі қаншалықты екен?
Мына мәселеге назар аударсақ, облыстық тексеру комиссиясы мемлекетке 4 360 787,0 мың теңге залал келтіруге жол берді деген қорытынды бойынша «ОҚО құрылыс басқармасы» ММ-нің басшылары А.Орманчина мен Е.Дауылбаевқа қатысты материалды 2013 жылдың 8-ақпаны күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолдаған. Бұл жөнінде дер кезінде шешім қабылданбағандықтан, тексеру комиссиясы материалды Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне 2013 жылдың 25-сәуірі күні қайталап жолдайды. Неге екені белгісіз, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті осы материалдар негізінде қандай шешім қабылдады, нендей қорытынды жасады, ол жөнінде тексеру комиссиясына әлі күнге дейін жауап берілмеген. Ал, Альмира Орманчинаның бұл күндері «пара алған», «Мақтаарал ауданында жүргізілген құрылыс бойынша мемлекет қаржысын талан-таражға түсірген» деген айып тағыла тұра, заңнан бой тасалап кеткені белгілі. Мүмкін, тексеру комиссиясы көрсеткен фактілер дер кезінде тексеруге алынып, А.Орманчинаның мәселесі бойынша нақты шешім қабылданғанда, қазіргідей халықаралық іздеу жарияланып, мемлекет қаржысы талан-таражға түспеген болар ма еді. Сіз бұған не дейсіз, Ерімбетов мырза? Әлде, А. Орманчина мәселесінің дер кезінде қаралмауы мен оның белгісіз жаққа бой тасалауына жол берілуінің астарында біз білмейтін сыр болуы мүмкін бе?
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы тарапынан процессуалдық шешім қабылдау үшін 2011 жылы жалпы соммасы 1837865,0 мың теңгеге 67, 2012 жылы жалпы соммасы 7354070,0 мың теңгеге 46 материал, 2013 жылы 23 материал жолданған. Деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті 2011 жылы түскен 67 материалдың 53-іне қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы қабылдаса, 4-еуін қысқартып жіберген. Ал, 2012 жылы келіп түскен 46 материалдың 32-не қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы қабылдаса, 1-еуін қысқартқан. Сонымен қатар, 2013 жылы қаржылық бақылау инспекциясының тарапынан жолданған 23 істің 7-еуіне қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы қабылдаған.
«Қазақстан Республикасының салық қызметі мен қаржы полициясы органдарының экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашу, олардың алдын алу, жолын кесу бойынша өзара қимыл Тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті Төрағасының 2005 жылғы 11-шілдедегі №311 және Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Төрағасының бірінші орынбасарының 2005 жылғы 8-шілдедегі №152 санды бірлескен бұйрығына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық департаменті салықтық тексеру жүргізу барысында қосымша есептелген салық сомасы заңды тұлға бойынша 20 000 есе және жеке тұлға бойынша 2000 есе айлық есептік көрсеткіштен жоғары болған жағдайда процессуалдық шешім қабылдау үшін Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне 2011 жылы-88 материал, 2012 жылы-36, 2013 жылдың 1-тоқсанында 6 материал жолдаған. Қолдағы деректерге сүйенсек, 2011 жылы жолданған 88 материалдың 33-і, 2012 жылы жолданған 36 материалдың 15-і, 2013 жылдың 1-тоқсанында жолданған 6 материалдың 1-і қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулымен қысқартылған.
Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан заң бұзушылықтарға байланысты қылмыстық істердің бірсыдырғы қысқартылуға тап болуы көптеген күмәнді ойларға жетелейді. Мемлекет пен оның қолданысындағы заңдылықтарды бұзуға жол берген тұлғалардың жазасын қалып жататын мысалдары жетерлік. Мәселен, Шымкент қалалық әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болған Н.Сманов 2011 жылы бөлімге 9 дана бокс рингін сатып конкурсына бөлінген 10 млн 350 мың теңге мемлекет қаражатын бөлімге ешқандай бокс рингтері жеткізілмесе де, 26.04.2011 жылы №00000000187 санды тауар босату құжатнамасымен жеке кәсіпкер «Абилдаев К.С»-тен 9 дана бокс рингін әрқайсысын 1млн 150 мың теңгеден қабылдап алдым деп қолтаңбасын қойып, ақшаны жеке кәсіпкердің шотына аударып, М.Намазбаев деген тұлға арқылы нақтыландырып, өзіне иеленген. Бұл қаржылық махинацияның орын алғанына екі жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін Оңтүстік қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан нақты шешім қабылданбаған. Осылайша он миллион теңгеден астам қаражатты желге ұшырған Н.Сманов бостандықта, жазасыз жүр, ал алты миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген Альмира Орманчина қамаудан жалтарып, тергеуден бой тасалап жүр. Мұны қалай түсінуге болады? Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Н.Сманов жүз мың АҚШ долларынан аса қаражат жұмсаса да, өз ісін әлі жаба алмай жүрген көрінеді.
«Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің жоспарлау және бухгалтерлік есеп беру бөлімінің бас маманы Ж.Тұрғымбаева және басқалар мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті адамға теңестірілген лауазым иесі бола тұра «Демеу» қоғамдық қорына заңсыз артықшылық көрсетіп, мүгедек балаларға жасалынбаған қызметі үшін қабылдау актісіне қол қойып, мемлекеттің 18979,7 мың теңгесін ысырап еткен. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 176-бабы 3-тармағының «Г»-бөлігімен 29.06.2012 жылы №12511101100008 санды қылмыстық іс қозғалып, 27.12.2012 жылы ҚР Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 37-бабымен тоқтамға алынған. Бұл аз десеңіз, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан 2009-2012 жылдар аралығында Л.Азимова мен өзге тұлғалар топ құрып, жалған мекемелер құру арқылы мемлекетке 4 миллиардтан астам шығын келтіргені туралы №12510005100279 санды қылмыстық істі де тоқтамға алған. Сонда мемлекеттің қалтасына түсіп, бюджеттің миллиардтарын бейберекет шашқандардың қылмыстық ісі қысқартылады, тоқтамға алынады, ал мини-шенеуніктер майда-шүйдемен сотталып кетіп жататын жағдайларды қалай түсінуге болады?
Оған да мысал жетерлік. Мысалы, салықтық тексеру қорытындысымен «Нүрі-Л-Шымкент» ЖШС-нің мемлекетке 3 216 064, 4 мың теңге қаражат шығын келтіргені туралы мәлімет анықталып, бұл материал Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданады. Ненің себеп болғаны белгісіз, іс тергеуге алынған соң мемлекетке келтірілген шығын үш миллионға дейін төмендейді, ал соңғы мәлімет бойынша бұл іс Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тарапынан қысқартылуға алынып жатқан көрінеді. Бұл мәселеге не деп жауап бересіз, Ерімбетов мырза? Әлде, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті үшін мемлекеттің қалтасына түскендерді еркіндікке жіберу— үйреншікті жағдайда айналған ба?
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері 2013 жылдың 17-қаңтары күні он екі мың теңге апара алды деген айыппен Мақтаарал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы Болдықыз Оразалықызы Жанабекованы қамауға алады. Осы азаматшаның атынан маған арыз келіп түсті. Б.Жанабекова өз арызында өзінің тергеушісі М.Жандаровты 28.02.2013 жылы көргенін, өзінің телефон жазбасы мен экспертиза қорытындысымен ғана танысқанын, ал тергеушінің таза ақ қағазға қол қойдырып алып, ертең келемін деп кетіп, қайтып келмегенін, тергеу енді басталады деп жүргенде өзінің ісінің ешқандай тергеусіз сотқа өтіп кеткені, айыптау қорытындысымен біреудің әкеп беруі арқасында танысқанын, пара алуға өз еркімен емес, мәжбүрлікпен барғанын, өзінің сыбайластары бар екенін, ол сыбайластардың Мақтаарал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылығы екенін, тіпті аудандық сот судьясы Ж.Балғанбеков өзінің қаулысымен істі қайта тергеу үшін экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне кері жолдағанын баяндайды. Өзін тергемей, түсінік алмай жатып ісін сотқа өткізіп жіберген экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлерінің ісіне наразылық білдірген арызданушы өзін пара алуға итермелеген тұлғалар ретінде Мақтаарал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Б.Журумбетовті, бас есепші Г.Мамытбаеваны, сектор меңгерушісі А.Тыныбековтерді көрсеткен. Ол осы азаматтардың мемлекеттен мұқтаж жандар үшін бөлінген миллиондаған қаржылардың желге ұшып жатқанын баяндайды, сонымен қатар шындықтың беті ашылу үшін осы азаматтарды да тергеуге шақыртуын сұрағанымен, ол талап-тілегі орындалмай жатқанын, өзінің 43-ке келсе де тағдыр тәлкегімен тұрмыс құра алмағанын, асыраушысы жоқтығын, жалғызбасты болса да өмірге сәби алып келетін мүмкіндігі бар кезде темір торға басшылықтың мәжбүрлігі арқасында телініп отырғанын көрсеткен. Сотталушының қылмыстық топтың бетін ашамын деп арыз жазбаған жері қалмаған, олардың ешқайсынан мардымды жауап ала алмайды. Егер Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің тергеушілері осы істі заң жүзінде жүргізгенде, облыстық мәслихаттың депутаты, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде менің атыма тап осындай арыз түспеген болар еді деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды— мемлекетің миллиондары мен миллиардтарын қалтасына басқандар, жымқырғандар бостандықта жүреді, олардың қылмыстық ісі қысқартылады немесе тоқтамға алынады, ал он екі мың теңгені мәжбүрлікпен алғандардың ісі тергеусіз-ақ сотқа өтіп, жаза кесуге келгенде соншалықты оперативтілік көрсетіледі. Мұны не деп түсінеміз, Серікбай Садықұлы?
Өткен жылы облыс прокуроры Ибраһим Әлжанұлы Имановтың төрағалығымен өткен Оңтүстік Қазақстан облыстық құқық қорғау органдарының координациялық кеңесінде жыл басынан бері жалған кәсіпкерлікке қатысты 26 қылмыстың әшкере болғандығы, осының нәтижесінде мемлекетке 7,7 миллиард теңге шығын келгені айтылды. Мемлекет қаржысын құрдымға жіберудің бірден-бір жолы—жалған кәсіпкерлік пен ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті екені белгілі. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қандай нәтижелі жұмыс жасап жатыр деп ойлайсыз? Жалпы алғанда, мұндай қылмыстарға қатысты қандай нақты іс-шаралар жүргізіліп жатыр? Қанша адам экономикалық және парақорлық қылмысы үшін іздеуде жүр, оның қаншасы ұсталды, қаншасы бостандықта? Қанша мемлекет қаржысы кері қайтарылды?
Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев 2013 жылдың 23-қаңтарында ҚР Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлмелері өткізетін акцияларға, ашық есік күндеріне және бірыңғай қоғамдық қабылдау күндеріне құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуын тапсырған болатын. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Серікбай Ерімбетовтің атына «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы атынан, менің қол қоюыммен партия филиалының қабылдау бөлмесі өткізетін іс-шаралардың кестесі жолданып, бақылауға алуды, қабылдау бөлмесі өткізетін іс-шараларға қатысуды сұранып, 20.05.2013 жылы шығыс №278 санды хат жолданған болатын. Оның сыртында 2013 жылдың 12-шілдесі күні генерал Серікбай Ерімбетовтің атына 2013 жылдың 17-шілдесі күні сағат 11.00 мен 13.00 аралығында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалында өтетін қоғамдық қабылдауға қатысуды сұранған хат та жолданды. Алайда, облыстың №1 қаржы полицейі Серікбай Ерімбетов Елбасының саясатына немқұрайлы, Елбасы тапсырмасы мен ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарынан бейтарап екенін көрсетіп, сол күнгі қоғамдық қабылдауға келген жоқ. Тіпті, Серікбай Ерімбетов басқарып отырған департамент тарапынан «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы атынан жолданған азаматтардың арыздарына да осы күнге дейін нақты жауап берілмек түгілі, тұрғындардың жанайқайына тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келеді. Атап көрсеткенде, партия филиалынан 2011,2012 жылдары экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қатысты жасалған қылмыстардың дерегін сұрап, 2013 жылдың 12-сәуірі күні хат жолданған. Бұл хатты департамент қызметкерлері қабылдап алғанымен, әлі күнге дейін жауабы берілген жоқ. 30.04.2013 жылы партия филиалының қабылдау бөлмесіне келген А.Махсутованың тергеудің себепсіз тоқтатылғаны туралы арызы жолданды, оған да өз дәрежесінде заңды шара көрілмей, тіпті осы күнге дейін бірде-бір жауап берілген жоқ. 27.05.2013 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында өз айлық-жалақыларын ала алмай жүрген «Ұлас» балабақшасы қызметкерлерінің арыз-шағымдары жолданды. Осы арыз-шағым негізінде аталған балабақша меңгерушісінің жалған табель толтырып, бірнеше адамның айлық-жалақысын алып отырғаны белгілі болған еді. Бұл жөнінде де департамент тарапынан қандай шара көрілгені, істің немен тынғаны туралы хабар да, жауап та жоқ. 03.06.2013 жылы партия филиалына «Бозарық» шағын ауданының тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына бөлінген қаржының жұмсалуына бақылау жасау туралы арызданып келген еді, осы арыз да департаменттің құзырына жолданды. Бұл арыздың нәтижесі туралы да нақты бір мәлімет жоқ. 21.05. 2013 жылы азамат И.Шыршықбайдың өзі тұрып жатқан көшеге жүргізілген ауыз су жүйесі құрылысының сапасыз аяқталғаны туралы арызы жолдаған, одан қандай қорытынды шықты? 21.06. 2013 жылы Шымкент қаласы «Қайтпас-1» шағын ауданындағы №72 орта мектептің ғимаратының және ойын алаңының сапасыз құрылысы туралы мектеп директорының мәліметі де жолданды. Бұл мәселе бойынша қандай шешім қабылданды, біз ол туралы әлі білмейміз.
Басқасын былай қойғанда, Елбасы тапсырмасының нәтижесінде партиямен қоян-қолтық жұмыс жасауға міндетті Серікбай Ерімбетовтің «Нұр Отан» партиясымен байланысы осындай болып тұрған соң, өзге жұмыстар бойынша да, оның қол астындағы қызметкерлерінің іс-әрекеті туралы қандай да мақтау айтуға ауыз бармайды. Мемлекеттің қалтасына түсіп, оңай пайдаға белшесінен батып жатқандар департаменттен жоғарыда көрсетілгендей «қолдауға» ие болып отыратын жағдай қалыптасса, оған не деуге болады?
Жалпы, кісі баласының ойы бір жерде болмаған соң, жұмыстың алға жүруі де екіталай сияқты. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Серікбай Ерімбетовтің апта сайын Астанаға ұшақпен барып келетіні жасырын емес. Тіпті, екі-үш рет жұма күндері қатар ұшып, жексенбі немесе дүйсенбі күндері таңертең бірге ұшып келгеніміз бар. Бұл жағдайды жай ғана сәйкестік деуге болмайды. Отбасы Астанада тұратын азаматтың барып-келуі заңдылық. Алайда, апта сайынғы құжат үшін қаржы кімнің есебінен кетіп жатыр, осы жағы жұмбақ болып жүр. Егер мемлекет есебінен іс-сапар үшін қаржы төленіп жатса, оған тексеріс жүргізу керек сияқты. Ал, Серікбай Ерімбетов өз есебінен төлеп жатса, онда оның айлық-жалақысы жолына кете ме, отбасына, не өз басына жұмсала ма? Бұл тұрғысында жасалған арнайы сұраныс хатқа теріс жауап берілгені бар. Сондықтан, мәселенің осы жағына заңды түрде назар салынғанның артықтығы жоқ сияқты.
Жалпы алғанда, Серікбай Ерімбетов бұған дейін прокуратура саласында жұмыс істеп, облыс прокуроры қызметіне дейін көтерілген, тәжірибелі, әрі прокуратура саласында тамыр-танысы көп азамат. Осының бәрін мемлекет мүддесіне қызмет ету үшін пайдаланса, бұл бір жақсы іс болған болар еді. Бірақ, жұмыс нәтижесіне қарағанда олай көрінбейді. Сондықтан, бұрынғы облыс прокурорын экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы ету бекершілік болғаны деп ойлайсың… Өйткені, Серікбай Ерімбетовтің орынбасарлары Құсайыновтың да, оған дейінгі орынбасары Отыншиевтің де Серікбай Ерімбетовке сілтей отырып, өздеріне артық өкілеттілік алып, заң аясынан шыға қимылдайтын кездері баршылық болды. Түймедей нәрсені түйедей етеді, түйедей нәрсені көрмейді. Осының барлығы астамшылық па, жүгенсіздік пе, не болмаса құқықты аяққа таптаушылық па?
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» — Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен оның басшысы Серікбай Ерімбетовтің тірлігі осындай тоқырауға ұшырап тұр. Тоқырауға ұшыратқан өзге емес, өздері. Мемлекеттің миллиондары құлқынның қамынан аса алмайтындардың қарнында кетуде. Сыбайлас жемқорлық та, экономикалық қылмыс та өршіп барады. Олай болса, генерал Серікбай Ерімбетовтің позициясы мен қызметтік пәрменділігіне, іскерлігі мен жұмысбастылығына баға беретін кез келгендей.

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ,
ОҚО мәслихатының депутаты.