Спорт ұжымның ұйымшылдығын көрсеттi

234
0

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының БАҚ өкілдері арасында спартакиада болып өтті. Бір аптаға созылған спартакиада биыл спорттың 9 түрі бойынша өтті.

Биылғы спартакиада жылдағыдан өзгерек өтті. Олай дейтініміз, биыл спартакиадаға асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар қосылды.
Спартакиаданың алғашқы күнінде волейболдан «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы жүлдегер атанса, жеңіл атлетикадан ерлер арасында «ТВК» телеарнасының қызметкері П.Леденов, қыздар арасында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қызметкері Сиханова чемпион атанды.
Арқан тартудан жылдағыдай «Қазақстан-Шымкент», асық атудан «Қазығұрт» командасының қызметкері А.Орынбаев бас жүлдеге ие болды.
Ал, жүзуден бас жүлдені ерлер арасында «Южный Казахстан» газетінің қызметкері М.Кузнецов, қыздар арасында «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газетінің қызметкері Әсел Қожабаева иемденді.
Шахматтан алғашқы екі жүлдені әкелі-балалы Балтабек және Мақсат Түйетаевтар иемденсе («Қазығұрт), жүлделі 3-орын «Уақыт» газетінің Сарыағаш ауданындағы тілшісі Амангелді Батырбековке бұйырды.
Тоғызқұмалақтан ерлер арасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ғабит Сапарбеков, қыздар арасында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының редакторы Гүлмира Оңласбек жеңімпаз атанды.
Спартакиаданың соңғы күні командалар футболдан бәсекеге түсті. Кыздар арасында футболдың бас жүлдесі “Шымкент келбеті” — “Панорама Шымкента” редакциясының ұжымы қанжығаларына байласа, жігіттер арасында “Отырар” телеарнасының футболшылары жеңімпаз атанды.
Ал, «Уақыт» газетінің ерлер командасы бұл күні футболдан 4 командамен кездесу өткізді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің командасын 2:0, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің командасын 2:1 есебімен жеңіп, керісінше «Қазақстан-Шымкент» телеарнасыны командасымен 2:1, және «Қазығұрт» командасынан 1:0 есебімен жеңіліс тапты.
Спартакиадада жалпыкомандалык есеп бойынша жарыс түрлерінен үш рет 1-орынды иемденген “Казақстан-Шымкент” топ жарды. Екінші орынды “Қазығұрт” командасы, үшінші орынды “Шымкент келбеті”-”Панорама Шымкента” ұжымы иемденді.
Мұнан бөлек, жарысқа қатысқан командалардың кейбірі арнайы аталымдармен марапатталды. Оңтүстік Қазақстан облысы БАҚ өкілдерінің арасында өткізіліп тұратын дәстүрлі спартакиадаға биыл тұңғыш рет қатысқан «Уақыт» газетінің командасы «Ең ұйымшыл ұжым» номинациясымен марапатталды.
Журналистің жұмысы — жүйке мен жүректен өтетін ауыр жұмыс. Журналистика — қайнаған өмірдің өзі. Міне, жақында осы қайнаған өмірдің ортасында жүретін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері төл мерекелерін атап өтпек.
Ақпарат құралдарының ортақ мақсаты — қоғамға сапалы ақпарат жеткізу ғана емес, осы арқылы ұлтты ұйыстыруға, алуан ұлт өкілдерін береке-бірлікке шақыру. Журналист — мемлекеттік қызметкер емес, оппозиционер де емес, ол — қоғамның дімкәсін емдейтін тамыршы, дәрігер. Ол — халықтың мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы. Жылағанды жұбатып, жығылғанды сүейуші. Қашанда қоғамның жарасының аузында жүріп, отқа да, суға да түсіп жүретін әріптестерді 28 маусым төл мерекелерімен құттықтаймыз!

«Уақыт».