«Оңтүстік бренді – Атамқұловтың атын сөзсіз асқақтатады»
Қалдыбек Құрманәлінің есімі ұлтымыздың мәдениеті мен өнері саласындағы тұлғалардың алдыңғы қатарында. Осыдан бір жыл бұрын Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында Шымқаладағы атқарып жүрген қызметін тапсырып, қырғыз елінің астанасы Бішкекке аттанған белгілі композитор, шәмшітанушы азамат қазір ғылыми жұмысын аяқтап, Бәйдібек ауданындағы өзі өскен Тасқұдық ауылындағы қарашаңырақта ғұмыр кешіп жатыр. Біз ол кісіге арнайы жолығып, көкейдегі бірнеше сауалдарға жауап беруін өтінген едік. Біздің ұсыныс Қалдыбек аға тарапынан риясыз қабылданып, мәмілелі ой, ашық пікір әңгімемізге өзек болды.
—Қалдыбек аға, бір жылға тарта уақыт көршілес қырғыз елінде өзіңіз қолға алған ғылыми жұмысыңызды жазып жатқаныңыздан хабардармыз. Жырақта жүргеңізбен елден хабарыңыз үзілмеген болар?
—Әрине, жүрегім соғып, бойымда қаным тулап тұрған кезде, кіндік қаным тамған, балалық шақтың ізі қалған туған жерімді қалай ұмытайын?! Араға ай салып, келіп тұрдым. Ағайын бар, туыс бар, жолдас бар – солардың қуанышы мен қайғысының ортасында болдым. Жалпы алып қарағанда Оңтүстіктен жырақта болсам да, оның әр тынысының лебін сезіп жүрдім. Шымкенттен шығатын газет-журналдарды дүңгіршектерден балаларым арқылы алдырып, Бішкекте қолым қалт еткенде көз жүгіртіп, жақсы жаңалықтарға үн қосуды дағдыға айналдырдым. «Замана», «Рейтинг», «Әділет», «Айғақ», «Дөңгеленген дүние», «Еркін ой», «Корреспондент» және «Уақыт» газеттері үнемі менің үстелімнен табылады. Жақында ғана өздеріңнің газеттерің арқылы белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиевамен болған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов жайлы сұхбатымен толық таныстым. Сұхбат сәтті шыққан. Өмірден көргені көп Рәшкүл Жәлелқызы өзінің аты мен атағына сай орынды пікірлер білдіріпті. Сыны да, шыны да нақты айтылған. Басшы алты ай немесе бір жылдың ішінде бар ойға алған жоспарын, орындаймын деп ниеттенген ісін толық игеріп шыға алмасы белгілі. Өңір басшысы жайында тек біржақты емес негізі, атқарған жұмыстарына оң баға берумен қатар, оның кемшіліктерін де айта білген. Осындай сыр-сұхбаттар ашық шынайылықпен жарық көрер болса, оны оқырман өзі іздеп жүріп, тауып оқиды.
—Сіз кезінде Алматыдан атбасын бұрып, Оңтүстікте мемлекеттік қызметте лауазымда басшылықта болдыңыз. Облыстың экс-әкімі А.Мырзахметов Астанаға саяси жұмысқа ауысқаннан соң, сіз де ұзамай атқарып жүрген қызметіңізді тапсырып кеттіңіз. Жаңа келген басшы тарапынан оң көзқарас болмады ма, әлде басқа бір себептері бар ма?
—Турасын айтсам – мені қызметтен қудалаған ешкім болған жоқ. Кезінде Асқар Исабекұлының ұсынысымен мемлекеттік қызметке келдім. Екі жылға жуық уақыт облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Түркістан» сарайында басшылық қызметте болдым. Маған сеніп тапсырылған жауапты қызметті жоғары деңгейде атқардым деп ойлаймын. Бірақ көкейімде жүрген, орындалуы міндетті – Шәмші шығармашылығы жайлы жазылған ғылыми диссертацияны қорғайтын кез сол мезгілге сәйкес келді. Сондықтан қызметтен өз еркіммен кететіндігімді облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлына айтуымды жөн санадым. Осы уақытқа дейін ол кісімен жүздесудің сәті түспеген екен. Қазақстан Республикасының Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі болғанын, министрлікте жауапты хатшы қызметін атқарғанын сырттай білетінмін. Қабылдау мен ойлағандай бес-он минут емес, ұзаққа созылды. Амандық-саулықтан соң, менің шығармашылығымнан хабардар екендігін, сырттай жақсы білетіндігін айтты. Мені Астана қаласына қызметке ауысып бара жатыр деп ойласа керек. Маған екі бірдей қызмет ұсынды. Ол кісіге жиырма жылдан астам уақыт Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын зерттеумен айналысып жүргенімді, шәмшітанушы ретінде ғылыми жұмысымды қорытындылау үшін Бішкек қаласына бір жылға кететінімді айтып, қызметімнен босатуын сұрадым. Келісімін берді. Сол күні Б.Атамқұловтың қабылдауында бір сағатқа жуық болдым. Сонда ерекше байқағаным– ол кісінің өнерге, мәдениетке, әдебиетке, руханиятқа ерекше құрметпен қарайтынын аңғардым. Жүзінен де, сөзінен де имандылық лебі есіп тұрды. Сөйлеу мәдениеті мен тыңдау мәдениетіне ерекше тәнті болдым, Алғашқы жүздесуден-ақ біз бір-бірімізді баяғыдан білетін адамдардай ашық әңгімелестік. Пікіріміз де үйлесіп жатты.
—Қалдыбек аға, одан кейін де облыс әкімімен кездесудің сәті түскен болар?
—Бұдан кейінгі кездесу Отырар ауданында болды. Әл-Фараби мен Шәмші Қалдаяқовқа арналған үлкен іс-шараға облыс басшысының өзі қатысты. Біз Мұхтар Шаханов екеуміз Шәмшінің кіндік қаны тамған жерде орнатылған ескерткішін аштық. Бейбіт Атамқұлов сол жиында күн тәртібіндегі мәселеге қатысты аса бір мазмұнға бай сөз сөйледі. Отырарды көтеру, тарихын зерттеу, Әл-Фараби сынды ғұламалар жайындағы ойлы пікірлері мен ұсыныстары көптің көңілінен шықты. Өнер, мәдениет, тарих, елдік ұғымдар жайлы айтқан ойларына халық риза болды. Отырарда Александриядан кейінгі теңдесі жоқ екінші кітапхананың болғандығы жайлы, сондай-ақ Отырардың екінші тынысын ашу туралы ұсыныстарын жұртшылық жылы қабылдады.
—Бейбіт Атамқұловтың облысымызға әкім болып келгеніне бір жыл толды. Зиялы қауым өкілі ретінде ол кісінің жұмысына қандай баға берер едіңіз?
— Бейбіт Бәкірұлының бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарғанынан өңір халқы хабардар деп ойлаймын. Қысқа мерзім ішінде шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторлар тарту бағытында қазіргі дағдарыс кезінде өңір басшысы ел назарына ілігетін ірілі-уақты біраз жұмыстарын көріп жүрміз. Қазіргі таңда облысымызға шетелдік инвесторларды тарту мәселесінде кәсіпкерлер мен іскер азаматтардың Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Түркияға барып қайтуына мүмкіндік жасауы Ресейдің, Мазайзияның, Сингапурдың, АҚШ-тың, Германияның, Францияның, бірқатар араб мемлекеттерінің, басқа да шетелдіктердің инвесторларымен кездесу өткізулері келісімдердің өзара тиімді алғы шарттарын айқындап берді. Соның нәтижесінде облысқа бір жылдың ішінде 2 миллиард АҚШ долларынан астам инвестицияның тартылуының өзі Бейбіт Бәкірұлының ерен еңбегі мен іскерлік қабілетінің жемісі деп қабылдаған жөн. Оңтүстікте Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасында айтылған тапсырмаларының дер кезінде орындалып жатқандығының айғағы дер едім. Атап айтар болсақ, қазіргі әкімнің негізгі ұстанымы – Оңтүстіктің имиджін жақсы жағынан қалыптастыра отырып, Шымкент қаласын үшінші мегаполиске айналдыру бағытында қолға алып жатқан бастамалары қуантады.
—Бейбіт Атамқұлов туралы пікіріңізді білдік. Ал, облысымызды алты жылдан астам уақыт басқарған Асқар Мырзахметов жайлы не айтасыз?
—Асқар Исабекұлы Оңтүстік Қазақстан облысын алты жылдан астам уақыт басқарды. Бұл аз мерзім емес. Ол кісі білікті қабілетінің арқасында ойға алған жобаларын іске асыра білді. Елдің үшінші қаласына айналдыру жөніндегі Елбасы тапсырмасына орай Шымкентті шырайлы шаһарға айналдыру бағытында орасан зор, ауқымды істер атқарды. «Даңқ» мемориалы, Тәуелсіздік саябағы, «Оңтүстік цирк», «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр» орталығы, облыстық өлкетану мұражайы, қазақ драма театры, «Отырар» кітапханасы, «Түркістан» сарайы мен облыстық әкімшілік-іскерлік орталығының ғимараттарының салынуында Асқар Мырзахметовтың өшпестей қолтаңбасы қалды. Ол кісінің кезінде республика бойынша халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салуда Оңтүстік ұдайы көш бастады. Бұл айтуға оңай. Осындай ауқымды істерді жүзеге асыру үшін республикалық, облыстық бюджеттен қаржы көзін таба білуі және толық игерілуі басшының білгірлігіне, іскерлік қарым-қабілетіне байланысты. Асқар Мырзахметовтің әкім болған кезеңіндегідей облыста дәл мұндай әлеуметтік нысандар ауқымды түрде салынған жоқ. Елбасымыздың Жарлығымен Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументалдық саябақ кешені еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғаны орасан зор еңбегінің бағаланғаны деп білемін. Осы орайда облысымызға әкімдік қызметке келгеніне бір жыл толып отырған өңірдің қазіргі әкімі Бейбіт Атамқұлов мырзаға да өзінің алға қойған ауқымды жобаларының өміршең болуына, өнер адамы ретінде ниеттес, тілектес екендігімді білдіргім келеді. Сонымен бірге Бейбіт Бәкірұлының бастамасымен облысымыздың инвестициялық потенциялын жан-жақты арттыру бағытында керемет бастамалар өмірге келуде. Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында «Оңтүстік» брендін қалыптастыру, «Оңтүстік өнімдері», «Оңтүстік дақылдары», «Оңтүстік өндірісі», «Оңтүстік жүзімі», «Оңтүстік мақтасы» сияқты игі істерін жалғастыра отырып, Оңтүстіктің «Оң» деген ұлы ұғымын брендіне айналдыру бағытындағы атқарып жатқан ауқымды істері, сәтін салса, аз уақытта Атамқұловтың атын сөзсіз асқақтатады.
—Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Дастан БАШИРОВ.