Түймебаев әзірге түйіліп те, шүйіліп те отыр

366
0



Атқа мінген мен таққа мінген басшы төменге жоғарыдан қарайды. Көзінің алдында болып жатқан жағдайды көңілінде сараптап, соған лайық жұмыс жүргізіп, шешім қабылдайды. Қазан айының басында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаев келген күннен әлі тыным таппауда. Көп жерді аралады, әсіресе Шымкенттің төңірегін. Сайрам мен Төлеби аудандарына атбасын тіреді. Өндіріс орындарында жұмысшылармен кездесіп, олардың бар мәселелерімен танысуға барынша құмбылдық танытты.

Осы аптаның басында Шымкентте өткен мәжілісте өңір басшысы көңілге түйген ойларын түйіндей келе біраз мәселелердің назардан тыс қалғандығын тиісті билік басшыларына ескертуді естен шығармады. «Шымкент, Шымқала, Жасыл қала! Жасылдықтан біз айырылып бара жатырмыз. Шымқалада емес, топырақ қалада отырған сияқтымыз. Айналамыздың бәрі бір қабатты үйлер, тек дуал, қорғандар, сұр шатырлар, топырақ түстес үйлердің қабырғалары. Мен шынымды айтсам, Шымкент қаласында жұмыс істеп отырғанымды сезінбеймін. Жұмысқа келіп, 16 қабаттан әрі қараймын–сұр көрініс, бері қараймын–сұр көрініс» деп көптің алдында облыс орталығының бүгінгі ахуалын өткір сынға алды. Біраз басшылар көрмей жүрген, болмаса көргісі келмей жүрген жәйтті жалпақ жұрттың алдында жайып салды. Сөйтіп Шымкенттің шырайына осылайша оңдырмай баға берді. Бұл қала басшылығына берілген баға болса керек.

Облыс әкімі өндіріс орындарын, кәсіпорындарды, зауыттар мен фабрикаларды, серіктестіктерді аралап қана қоймай, ары-бері жүргенде қаланың көшелеріндегі көрік беретін ағаштардың да жағдайын назардан тыс қалдырмапты. Жиында егілген көшеттердің қараусыз қалғандығын, күтімі болмағандығын, сөйтіп қыруар қаржыға алынған өскін ағаштардың қурағандығын әр көше бойынша айтып шықты. Сөзбен шүйілді. «Сіздер басшысыздар, мүмкін көліктен түспейтін шығарсыздар. Жәй халыққа айналыңыздар» дей келіп, қаржы сұраған Шымкент қаласы әкімінің орынбасарын тұрған орнына қайта отырғызып «…ақша деген аспаннан түсіп жатқан жоқ. «Ақша керек, ақша керек» дейсіңдер. Қолда барды ұқсатып жасай алмайсыңдар» деп бір түйреді.

Жансейіт Қансейітұлы бас қосқан жиында тіптен елеусіз, басқалар үшін майда көрінетін мәселелердің өзін де назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Шымкенттің көркін келтіріп, ажарын ашатын көше бойындағы көшеттердің майдалығын, олардың отырғызылуын, қалаға сән беретіндігін назардан тысқары қалдырып қойғандығын айтты. Алысқа ұзамай іргедегі Тараз және Ташкент қалаларынан үлгі алуға, солардың істегенін жүзеге асыруға шақырды. Мұның бәрі Шымкенттің ертеңі үшін жасалынып жатқан басшының тырнақалды тапсырмалары ретінде қабылданып жатқандығына сендік.

Әзірге Түймебаев түйіліп те, тиісті жерінде басшыларға шүйіліп те отыр. Оңтүстік талай әкімді көрген. Қызметінің кіріспесіне кіріскен кезде барынша қатал болып, толағай тапсырмалар беріп, оның аяғы сиырқұймышақтанып барып, ақыры құмба сіңген судай болып, айтылған сөз, берілген тапсырма күндердің күнінде ұмытылып қалатынын талай көргенбіз. Жаңа басшының айтқаны аз емес. Бірақ «балапанды күзде сана» дегендей, сөздің қай деңгейде іске асатындығын уақыттың келер мезгілі көрсете жатар. Кадрлық саясаттың сиқырлы шеңберіне облыс әкімі әлі толық адымдап кірген жоқ. Бәйдібек ауданының әкімі жаңадан тағайындалса, орынбасары С.Тұяқбаев қызмет бабында өсіп, Астанаға аттанды. Жыл аяғы жақындап қалған кезде ауыс-түйісті жаңа басшы аса қажетсінбей, істің соңын күткенді дұрыс санап отырған болар. Бәріне де келер күндер өзінің жауабын береді. Соны күтейік.

фото авторы: Азат ДИДАРБЕК

Қыдыр ҚАЛИЕВ